25 Маусым, 2019 Оқиғалар
Мемлекет басшысы оқ-дәрі базасында жарылыстың салдарын анықтау үшін жедел штабтың отырысын өткізді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Ол туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде жариялады.
Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің оқиға орнында болған жағдай мен қолданылған шаралары туралы баяндамасын тыңдады.
Мемлекет басшысы ең алдымен, қайтыс болған азаматтың отбасына, жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Сонымен қатар, қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындарға ең алдымен барынша көмек пен медициналық қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет басшысы мемлекеттік резерв есебінен қаланың жағдайын қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін қажетті тауарлар мен қажетті заттарды жеткізуді бұйырды.
Үкімет пен облыс әкімдігіне қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп, тұрғын үй құрылысын, инженерлік желілерді, әлеуметтік және басқа инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін Үкімет резервінен қажетті қаражат бөлуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға орнында құтқару және қалпына келтіру жұмыстары кезінде нақты ведомствоаралық жұмыстарды бақылауды, сондай-ақ жарылыстың себептерін жан-жақты зерттеуді талап етті.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір