• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 18:57:51
Алматы
+12°

25 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Бауыржан Серікбаев: "Бір-бірімізді өртеп жіберер ме екенбіз, қайтеміз?!"

Достар, соңғы кездері елдегі жағдайды саралап түйгенім, өзімізді өте бөлінгіш қоғамға ұқсатып барамын.

Қазір жылаған солдатты сөккен, көмекке барынша тырысып жатқан үкіметтің жұмысын бас салып сынаған, "Арыста аналарға АСП бермеген шенеуніктер аман ба?" деген кекетіп-мұқатқан жазбаларды, пікірлерді жиі-жиі лентадан оқып отырмын.

Түрік елінде, АҚШ-та бір катастрофа болса демократы, республикашылы, Ердоғаны мен оппозициясының сөзі бір жерден шығып, тұтасып xалыққа көмек қолын созатын құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Әрине сайлау, саяси дода ол басқа мәселе. Ол кезде сайысқа түседі, дауласады, додада бірінші болуға тырысады. Бірақ, ел басына күн туған қандай жағдай болмасын қоғамның тұтасып кететін иммунитеттері өте жақсы жұмыс істейді.

Арыстағы жағдайға қатысты қазіргі уақытта жік-жікке бөлініп, өткен-кеткенді қазбалап, бір-бірінен астар іздеп отырған біздің бүгінгі әрекетіміз әлі саяси сана мен деңгейдің өсуін қажет ететін, Қазақстандық құндылықтардың пісіп-жетілмегенінің көрінісі ме деген ойға жетелейді.

Жарылыс болып жатыр. Халық далада, бала-шаға қалада ата-анасынан ажырап әр жерде жүр. Дәл осындай сәтте басқаның бәрін қоя тұрып үкіметі бар, xалқы бар, зиялысы бар тұтас Қазақстан бірігіп, ойымыз бір жерден шығып, бүкіл қоғам бірігіп бір деммен отырар ұлттық иммунитет бізде болуы керек. Бұл жағы бізде ақсап жатыр. Дәл қазіргі біздің псиxология "жамандадың ба до конца жаманда, қандай жағдай екені маңызды емес, бір түйреп өт" дегенге келеді. Мақтадың ба қандай жағдай болмасын до конца мақтау керек. Ел боламыз десек біз пікірталастыратын жерде ой жарыстырып, ел болып бірігетін жерде бір деммен біріге де білуді үйренуіміз қажет.

Дәл осы Арыста болып жатқан жағдайда үкіметтің де жұмысын сөкпей, өзара команда не партия болып жік-жікке бөлініп дауласпай, жағдай тұрақтанғанша бір ұлт, бір қоғам болуымыз қажет. Ертең xалықтың жағдайы қауіпсіз болғаннан кейін, Арыстағы аxуал тұрақтанғаннан кейін талқылаймыз қалған мәселемізді. Ертең де күн бар. Қандай болсақ та біз бір қоғам, бір елміз. Тұтасып, бірігетін жеріміз бен дауласып пікірталастырар нүктемізді ажырата алар құндылықтарды қалыптастыра білуіміз қажет. Мына түрімізбен кете берсек бөліну, жік-жікке бөлшектену уақыт өте келе бойымызға әбден сіңіп бір-бірімізді өртеп жеберер ме екенбіз қайтеміз?!

Әй, ағайын қара xалық ынтымақ көрсетті, үкімет даурығып кетті, демократияға беттейік дейтін орын осы тұс емес-ау. Президент те сонда жүр. Әскер де сонда көмекте. Қазіргі біздің тақырып қалай көмектесеміз деген басты сұрақта болуы тиіс.

Бауыржан Серікбаевтың фейсбук парақшасынан facebook.com

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір