• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 21:29:02
Алматы
+35°

22 Маусым, 2019 Маңғыстау облысы

Ақтауда тарихи фильмнің тұсаукесері өтті

«Достық» үйінде Ә.Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған «Аңызға айналған абыз» байқауы аясында көрсетілетін «Ұлы дала шежіресі – архив деректерінде» атты фильм тұсаукесері өтті деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына арнайы келген іссапарында Әбіш ағамыздың мерейтойын тұтас ел болып, жоғары деңгейде атап өтуді тапсырған еді. Жыл басынан ұйымдастырылып келе жатқан мерейтойлық іс-шараның бір мысалы осы тұсаукесер болып отыр. Ұлы тұлғаның мерейлі мерекесіне арналған мәдени шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов, жазушының жары Клара Жұмабайқызы, Әбіш Кекілбайұлымен бірге өскен қатарлас дос-жарандары, ардагерлер қатысты. Тұсаукесер облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенесарыұлының құттықтау сөзімен ашылды. — Осы жылдың басында республикалық деңгейде Әбіш ағаның 80 жылдығын атап өту жөнінде үлкен жоспар жасалған болатын. Соның бірі — тарихи құжатты деректерге сүйене отырып жазылған «Ұйқыдағы арудың оянуы» шығармасының негізіндегі туындыны көрерменге шашу ретінде ұсынып отырмыз. Жоба авторы – журналист, әбіштанушы жас ғалым Бақтыбай Жайлау. Негізінен көркем әдеби шығармаларымен таныс оқырманға тосын сый жасап, тарихи құжаттық негіздегі деректі фильмін ұсынып отыр. Кейінгі буын жастар үшін Ә.Кекілбайұлының мұнайлы Маңғыстау тарихынан, туған жерінің қазба байлығы мен өндірісте тер төккен белгілі тұлғалары туралы терең сыр шертетін осы публицистикалық еңбегін өз кезеңінің бейнеархив деректерімен теледидарлық нұсқада ұсыну рухани мұрамызды цифрлық форматтағы тың туындымен толықтыру болмақ. Тұсаукесерге келіп қатысып отырғандарыңызға рахмет! Клара апамыздың Әбекеңнің жастарға үлгі болатын сөздерін жеткізіп, ортамызда жүре беруіне тілектеспіз. Бүгінгі тұсаукесермен бірге, Әбіш ағаның мерейтойының басталуымен құттықтаймын! Ендеше, қалың көрерменге жол тартқан алғашқы туындыны бірге көрейік. Жобаның жемісті жалғасуына тілек білдіреміз, — деген әкім орынбасары көпшілікпен бірге фильмді тамашалады. Кино сеанстан соң фильм авторы, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ғылыми қызметкері, PhD докторант, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің администраторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Бақтыбай Жайлаудан жаңа туынды туралы пікірін сұрағанымызда: — ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасындай «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасауымыз қажет. Архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажет» деген болатын. Біз Елбасының осы тапсырмасына орай, Маңғыстау облысы басшылығының тікелей қолдауымен Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы өлкеміздің бір ғасырлық таспадағы тарихын түгендеп, «Ұлы дала шежіресі – архив деректерінде» атты деректі фильмдер жасау жобасын қолға алдық. Жобаның тырнақалды туындысы – «Аңызға айналған абыз» сериасымен Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығына арналып отыр. Бұл туындының ұлы жазушының мерейтойы қарсаңында жарық көруі заңды деп ойлаймын. Биылғы 80 жылдық мерейтойы аясында жазушының тура 40 жыл бұрын жарық көрген «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабының негізінде дайындалған фильм өлке тарихының өндіріс, геология, экономика, құрылыс, әлеуметтік салаларын қамтиды. Ең алдымен Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатындағы қордан өлке тарихына қатысты видео материалдардың каталогы жасақталды. Тізімге алынған видеолар ескі таспалардан DVD нұсқаға көшірілді. Ол материалдар Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасына тапсырылып, тізім бойынша тіркетіліп, жүйелеу жұмыстары жүргізілді, — деді жас режиссер. Алдын ала ақпараттан құлақтанғанымыздай облыс әкімі Серікбай Өтелгенұлының айтуынша, бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Елбасы айтқандай, отандық архивтермен жүйелі және ұзақ мерзімді өзара іс-қимылда тарихшылардың, архивистердің, мәдениеттанушылардың арнайы топтарының іздестіру-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы көрерменге арналған құнды мұрағат деректерін DVD нұсқасында көрнекілік құрал ретінде шығару, айналымға енгізу жоспарлануда. Мақсат – Ұлы даланың өткен ғасырдағы тарихын ұрпақ жадында жаңғырту. Ғылыми зерттеушілердің және қызығушылық танытқан жалпы халықтың еркін қолжетімділігіне жағдай туғызу. Сондай-ақ жинақталған материалдарға ғылыми тұрғыдан анықтамалық мәліметтер дайындалады. Цифрландырылған архив материалдарының бірқатары телеарна эфирінен ұсынылмақ. Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының ресми сайтында тұрақты жарияланып тұрады. Деректі фильм сеансынан соң, жазушының жары Клара Жұмабайқызы, ардагер геолог, қоғам қайраткері Тергеу Айдарханов, ардагер журналист Жоламан Бошалақ жазушы туралы естеліктерімен бөлісіп, фильм авторына табыс тіледі.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір