• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 22:19:01
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

28 Маусым, 2019 Саясат

Академик: Бейбіт елде Арыстағы апат төрт рет қайталанғаны дұрыс па, генерал мырза?!

Елді погонды азғындардан құтқарыңыз

Сейсенбі күні таң қылаң бере Қазығұрт асуындағы “Нұх Пайғамбар –түрік халықтарының орталығы” кешеніне келсем ауласында бөтен бір кроссовер тұр екен. Жанында бір жігіт айналшықтап жүр. Көліктің ішінде бір келіншек үш сәбиімен ұйықтап жатыр. Мені көрген азамат, кешіріңіз ақсақал түнде далбасалап қаша беріп, бұл жаққа кіріп кетіппіз, біз Арыстан едік дегені. Сәл төменіректе, жол бойын жағалай жеңіл көлік, миниавтобустар тізіліп тұр. Бәрі сол Арыстан қашқан босқындар екен.                                

...1977-79 жылдары Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің Шымкент облысы бойынша Азаматтық қорғану штабының медициналық қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығын қорғау бөлімінің басшысының міндетін атқардым. Табиғи, техногендік апат және соғыс кезінде халықты қауіпті ортадан эвакуациялау, медициналық қамтамасыз ету, тәртіп сақтату мәселелері алдын ала тәптіштеп жоспарланып, жаттығулар өткізіліп, төтенше жағдай туындаса тиісті жоспарды әп-сәтте іске қосуға дайын едік. Мұндай жағдайда барлық билік облыстық атқару комитетінің төрағасына беріліп, оны аталған штаб, барлық құрылымдарды үйлестіре қолдануға құқықты болатын. Оның ішінде ішкі істер министрлігінің қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін де. Сол дәуірде, кешегі Арыста болған апаттай апат басталса, әрбір құрылым, алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, штабтың үйлестірумен дәл, нақты жұмыс істеп, ешбір берекетсіздікке жол бермес еді. Және мұндай кіші-гірім қалашықтағы жағдайды он-онбес минута өз ырқына икемдей бастайтын. Сөз болып отырған заманда азаматтық қорғаныс саласы, қорғаныс министрлігінің тармағы болып, онда тәжірибелі, білімдар, тәртібі қатал қорғаныс саласында, тіпті кейбірі соғысқа қатысып шыңдалған офицерлер қызмет ететін.                       

Ал қазір төтенше жағдайға тікелей жауапты жүйенің орны бейшаралық халде. Төтенше жағдайлар министрлігі де таратылып, Ішкі істер министрлігінің бір комитетіне айналып, дәрменсізденген. Өз басым тікелей қатысқан істерге байланысты анық айта аламын, көше толған полковник, генералдар болса да, ішкі істер министрлігінің кадрларының сапасы өте нашар, жауапкершілік деген жоқ, сыбайлас жемқорлық, ұйымдасқан қылмыстық топ деңгейінен де асып кеткендей. Мұның салқыны, оның құрамындағы, оның үстіне материалдық, қаржылық жағынан мүмкіндігі қызықты төтенше жағдай комитетіне тимеді деп айту қиын. Президентімізге “Елді погонды азғындардан құтқарыңыз” деген үндеуімде Түркістан облысының полиция департаментінің басшысы генерал Қайрат Дәлбеков те ұйымдасқан қылмысты топтың қамқоршысы деп атап көрсеткен едім. Бірақ мыңк еткен ешкім болмады. Ал Ішкі істер министрінің орынбасары "Арыстағыдай апат басқа елдерде де болып тұрады" деп ақталуда. Бейбіт елде, Арыстағыдай апат он жылда, бір мекемеде төрт рет қайталанады ма екен, генерал мырза?

...Кешқұрым көгілдір экраннан "Арыс қаласында жарылыс болып, үш кісі қаза тапты, билік бәрімен айналысып жатыр, уайымдайтын ешнәрсе жоқ, президент Қ.Тоқаев сонда ұшып келді" деген қысқа хабар айтылып, әрі қарай Елбасымыздың жарқын жүзі жарқ етіп, сәуегейлігін судырата жөнелген соң, бұған  аса мән бере қойған жоқ едім. Арыста үйреншікті болып кеткен оқиға ғой деп. Сөйтсек жаңағы жігіт сияқты босқындардың айтуынша, Арыстың халқы нағыз соғыс шайқасының қиямет-қайымының астында болыпты.

Қаланың шетіндегі қару-жарақ қоймаларынан атыла ұшқан снаряд, ракеталар ысқырған дауысымен үрейлендіре зымырай келіп түсіп, ғимарат, үйлердің дуалдарын бұзып өтіп, төбесінен де түсіп, жарылып, есік, терезе, витриналарды быт-шыт етіп, өрт басталып, жұрт аласұрып, кім жаяу, кім көлігімен қаладан тұс-тұсқа қаша жөнеліп, көліктер жолға сыймай бір-бірімен соқтығысқанына қарамай қалайда бұл тозақтан кетуге жанталаса ұмтылумен болыпты. Екі жасөспірімнің көшеде жатқан өлігі түгіл, сүрінген, жығылған, жылап, зарлаған тірі жандарға да қол ұшын бермей бас сауғалап кете барыпты адамдар, адамдық бейнесін әп-сәтте-ақ жоғалтқан. Қалаға іргелес далада ұшып барған жарылыс жаңқасы мен снарядтардан басталаған өрт өршіп, үрейдің үстіне үрей қосып сорлаған халықтың есін одан бетер шығарып жіберген. Сарапшылар ол қоймалардағы жерді тітіркендірер гаубицаның снарядтары он бес шақырымға дейін ұшып барады дейді.

Сонымен не болып жатқанын адам аңдамас топалаң күшейе түсіп, жөн айтып, жол сілтер,  жәрдем берер құтқарушы, медицина, тәртіпке шақырар басқару органдары, полиция, әскерилер көрінбей, қаланы бей-берекет былық жайлапты. Мәшинесімен қашып бара  жатқандардың, жаяуларды алып кетер ниеті болмапты. Бір жанұя Арыстан қырық шақырым жердегі Монтайтасқа дейін шыжыған күн аптағында, еріндері кезеріп жаяу жеткенін айтып отыр. Мұндай шұбырындылар сансыз екен. Сөйтіп кім жаяу, кім көлікте, жан-жаққа қарай, жол таңдап, іздеуге мұршалары болмай, айдалаға да аласұрып қаша берген, жан ұшырып. Көпшілігі, 100 шақырымдай жердегі тауға қарай бет алған. Қазығұрт тауының асуына жетіп, өңі түгіл, түстеріне кірмеген топалаңнан құтылдық па деп, сілейіп ұйықтап жатқандары сол екен. Өздерінде өң жоқ, жүйкелері “сіркем су көтермейдінің” кейпінде. Біреулер қаладан әлдеқайда қашық, айдалада жалғыз отырған мынау сәбиді тауып алған.

Нұх Пайғамбар орталығын саялаған азаматтың Арыста әжептеуір сауда нысаны қалыпты. Бала-шағасын қаладан ұзаққа, өзі қауіпсіз-ау деген жаққа апарып тастап, қайтып келсе, сауда нысаны тоналудың үстінде екен. Әркім қолына түскенді әкетіп жатыпты. Әсіресе маскүнемдердің жолы болып. Араларында әскерилер де бар деді. Аласапыранды пайдаланғандар, иесіз қалған, дап-даласы шығып, ашық жатқан дүкен, кафе, басқа да сауда орындарын, тіпті дәріханаларға дейін талан-тараж етіпті. Өзінің қолынан ешнәрсе келмесін түсінген біздің қонақ, Арыстың ішкі істер бөлімінің басшыларына, “әй сіздер қорқау тонаушыларға неге тосқауыл қоймайсыздар” деген жан айқайымен барыпты. Сөзіне олар елең етпеген соң, даусын қаттырақ шығарып айтса, “өзіңді қамап тастаймын” деп дүрсе қоя беріпті, формасын кимей, қарапайым адамша киініп, кеңсесінің панасында нөкерлерімен тұрған қала полициясының бастығы.

Мұндай топалаңда формадағы билік өкілінің рөлі зор. Ал Арыстың полиция бастығы неге бұлай өзін бүркемелеген, сонда өзінің кім екенін жасырып,  тәртіп орнатудан тайқығаны ма? Кәсіпкердің қорқау тонаушыларға тосқауыл жасап, бекет қойып тәртіп орнат деген ұсынысын қолдамақ түгіл, оның өзіне доқ көрсеткені қалай деп, облыс полициясының бастығы Қ.Дәлбеков пен Ішкі істер министрі Е.Тұрғынбековтен сұрауға қақымыз бар сияқты? Сөйтіп көпшілік жан қайғымен, аласұра қалайда жан сақтауға ұмтылса, тонауға кіріскен азғындар да аз емес екен. Тек қымқырып қалу әдетімізге айналған заманда, бұған таңданбасақ та болар. Осылайша халық есінен танған кезде сабырлы, ойластырылған жоспарлы шараларды іске асыруға міндетті билік өкілдері, өздерінің тайынсыздығынан туындаған топалаңда халықты жалғыз қалдырған.

Билік, қаланың шеңберіндегі әскери қоймадан қалаға үнемі үлкен қауіп төнерін біле тұра, оны ондаған жылдар бойы көшірмеген, сақтану, құтқаруға да нәтиже берер дайындық жасамаған. Ырымын жасаса да топалаң басталғанда ол қауқарсыз болып шыққаны көрініп тұр.

...Бұдан он жыл бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары, генерал-депутат Ержан Исақұлов Мәжілісте, сол кезде Арыстағы әскери қоймаларда болған жарылысқа байланысты жасаған мәлімдемеcінде  «бұдан да сойқан жарылыстар болуы ықтимал, тиісті шара қолданылмаса» деген еді. Е.Исақұлов, кәсіби деңгейімен қоса  имандылығы жоғары, абырой-арын жоғалтпаған санаулы  әскеридің бірі. Алайда оның мәлімдемесіне мән берілмепті. Қазіргі, сол кезде болған жарылыстың төртінші рет қайталануы ғой.   

Президент Қ.Тоқаевтың эфирде “кінәлілер бар болса, жазаланады” дегені мені таң қалдырды. Меніңше кінәлілер біреу емес, екеу емес, ондаған, жүздеген болса керек. Мұндайды біздің шашпау көтерушілердің айтуынша, демократиясы үлгі боларлық Қазақстанда тек “Көтібар” батырдың ізбасарлары ғана айта алады, онда да деректері “темірдей” болса. Немесе басың таза бәлеге қалады, жоқ абыройын қорғаушылардан. Демек бұл рас.                                                                 

Әлде оған көзбояушылар нақты ақпарат бермеді ме? Көз жұмғандар тұралы да. Ресми органдар үш адам ғана қаза тапты дейді. Босқындардан өз құлағыммен есіттім, екі жасөспірімнің денесінің көшеде қараусыз қалғанын. Жарылыс таңертеңгі сағат тоғыздан кейін басталған. Яғни қоймада жұмыс істейтіндер түгел дерлік өз орындарында болған кезде. Сонда олардың бәрі сол тозақтан сап-cау шыққаны ма?                                               

Президентіміздің, гуманистігі басым тұлға болғандықтан "өлгендер өлді, бұзылған қала бұзылды, тірілерді қинамайын" деген ұстанымы бар шығар, соған сай солай деген шығар...

Десек те биліктің айтуынша, алдымызға жан салмай, кемелденген елімізде бұлай болғаны қалай? Бейбіт заманда осылайша қалаға, өз халқымызға снаряд, бомбалардың жаудырылуына жол ашқандар кім? Неге тиісті құрылым, билік, осындай төтенше жағдайдың болуы әбден мүмкін екенін біле тұра, дайын болмаған? Олар алдын ала жасалып, талай рет жаттықтырылған жоспарын, бірінші жарылыстан соң-ақ іске қосып жағдайды жөнімен басқарылатын арнаға бұрмады? Егер шынайы соғысқа тап болсақ, онда не болмақ?

Арыс түйінді, одан темір жол шартарапқа тарайтын, стратегиялық маңызы бар бірінші категориялы станса. Соғыс жағдайында қарсылас жақ ең алдымен бомбылап немесе басқа жолмен оны істен шығарып тастауға тырысады. Сөйтеді де. Түскен бір бомбаның өзі қоймадағы қару-жарақты детонациялап, бәрін өзінен-өзін жардырып, стансаны да, қаланы да жойып жіберері хақ. Сөйтіп, соғыс жағдайында әскери эшелондардың қажетті нүктелерге бару мүмкіндігінен айырылар едік. Яғни  бұл, біздің қорғану мүмкіндігімізді алдын ала әдеуір жарамсыздандыруға дайындап қойдық деген сөз. Сондықтан Арысқа жақын маңда мұндай орасан зор қару-жарақ қоймасы болмауы тиіс еді, тіпті кішірегі де. Қажет болса, релефі талапқа сай, жеткілікті қашықтықта ғана әскери қоймалар істелінуі мүмкін. Бұл стратегиялық жоспарлаудың әліппесі! Арыста мұндай қойманың болуы, дүркін-дүркін болған жарылыс ескертіп тұрса да, уақтылы шара қолданылмауы, жай қылмыс емес, өте жоғарғы опасыздық іспеттес деп айтсам, артық болмас. Отыз жылдан бері осыған мән бермеу, біздің генералитеттің, бәрінің әскери жоғары дәрежесі бар, бұған қатысты  мемлекеттік басқару  жүйесінің шенділерінің түкке тұрмайтын жандар екенін көрсетіп тұр.

...ТЖМ таратылып, бұл қызмет неге ІІМ құрамына неге кіргізілді деген сұрақ көкейімнен шықпайды? Одан бұрын, кезінде Ж.Тұяқбаев басқарған, дербес тергеу комитеті де осылай етілген еді. Қазіргі кезде ІІМ сапында 120 мыңдай сарбаздары бар болса, Қорғаныс министрлігіде 80 мыңдай екен. ІІМ ішкі тәртіп сақтауға, яғни бұзақы, заң бұзушы, ішкі жаулардан қорғануға арналған құрылым. Соншама күшті қарсы қоярдай біздің ішкі, тәртіп бұзар, жауларымыз сыртқы жауымыздан мықты болғаны ма? Олай емес шығар. Онда кімге, не үшін керек болды? ІІМ жүйесін күшейте-күшейте прокурорды да менсінбейтін есірген құбыжыққа айналдыру кімге керек? Кейбір бастықтары, Арыстың полициясындағыдай ел басына күн туғанда кеңсесін айналшықтап, формасын киюден қымсынады. Меніңше, Арыстағы апат басқару жүйесінің дайынсыздығының салдары.

Біздің пікірімізше ТЖМ қалпына келтіріліп, ІІМ бөлініп жүрген қаржы, материалдық мүмкіндіктердің, қатардағы әскерилердің  есебінен күшейтілуі тиіс. Және де тергеу саласы ІІМ құрамында емес, өз алдына дербес құрылым болғаны әбден керек. Немесе есіріктердің есі кірмес. ІІМ әскерлерінің әдеуір бөлігі шекара, қорғаныс құрылымдарына ауыстырылып, ІІМ қол астында шектеулі ғана қарулы күштер қалғаны да орынды болар. Жалпы айтқанда қарулы күштер негізінен сыртқы жаумен күресуге бағытталып, ТЖМ, ІІМ өзіне лайықты орын алып, азаматтық билік, қоғам тарапынан қадағалануы тиіс.  

Арыстағы апатқа тек билік кінәлі. Билік халықтың сеніміне кіремін десе, алдымен, әсіресе мерт болғандар тұралы шынайы ақпарат беруден бастап, қала халқының шеккен зардап, зиянын толығымен тез арада өтеуі тиіс. Және жарылқадым деп емес, өзінің кінәсінен орын алған апаттың салдарын еркімен өтейміз деп. Ең бастысы, Арыстың қаңғырған халқына еліміздің қалаған жерінен – қаласынан тегін, бар жағдайы жасалған баспана тез арада беріліп, немесе жер телімі, үй салуға жеткілікті жәрдем беріліп, жеке тұлға, кәсіпкерлердің банктен алған өспелі қарыздарын, шеккен зияндарын, балаларын бала-бақша, оқу орындарына орналастырып, оқу орнын бітіргенге дейін бар шығынды, мемлекет өтеп, салық, басқа төлемдерін жоюы керек. Сөйтіп мемлекет өз былығын өзі көтерсін, әрең күн көріп отырған мұғалімдер мен бюджет саласының қызметкерлеріне артпай. Қайырымдылардың қаржысын, сол Арыста жұмыс орнын ашуға жұмсап, ол кәсіпорындарды сонда істейтін еңбеккерлердің үлесті меншігі ету керек. Және де ол қаланың көлемін бұрынғыдай етуді мақсат етпей, станса мен сонда болуы тиіс құрылымдардың жұмысын жүргізуге жеткілікті елді мекен салынса жететін шығар. Өйткені ол қалашық өмір сүруге, дамуға қолайлы емес және Арыс бірінші категориялы түйінді станса болғандықтан, әсіресе соғыс жағдайында соққының астында қалу мүмкіндігі аса жоғары.

Арыстың мәселесі жан-жақты, тығылықты шешілуі үшін штаб құрылып, құрамына жағымпаздар емес, ұлтымыздың жанашыр-патриоттары кіргізілуі тиіс. Әсіріесе баспана бөлу жариялы түрде, иманды патриоттардың қадағалауымен жүргізгеніміз нәтижелі болар.

Апатқа байланысты тексеріс Қорғаныс министрлігінің тиісті лауазым иелерімен қатар, төтенше жағдай басқармасы құрамына кіретін, Түркістан облыстық полиция департаментінің тиісті басшылары да, оның ішінде қол астындағы ұйымдасқан қылмысты топтың қамқоршылары генерал Қ.Дәлбеков пен облыс прокуроры Н.Әбдіровтер де қызметтерінен аластатылса ғана  шынайы болуы мүмкін. Және де тексерістің барысы апта сайын жарияланып тұруы керек.

“Дос жылатып айтады” деген дана халқымыз. Шенділердің ең жоғарыдағысының өзі ащы шындықты айтқандарды жау көрмей, қай мәселе тұралы болмасын айтылғандарды жағдайды түзеуге жаратқаны оң болар. Сонда ғана “әйтеуір соғыс болмаса болды" деп жүрген момын қазақты” қорғау жүйесі жөнімен қалыптасып, арыстағыдай ашық аспанымызда соғыс жағдайы басымызға түсіп, көз жұмып, өмірімізді сарып етіп салған үй, жиған мүлкімізден айырылып, сәбилеріміз аңырап айдалада қалмас.

Академик Ерментай Сұлтанмұрат                                                               

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір