28 Маусым, 2019 Психология
"Өмірде өз жолыңды табу үшін не істемек керек?" деген сұрақты маған оқырмандарым жиі қояды дейді психолог Марзия Бекайдар. Qamshy.kz ақпарат агенттігі белгілі психологтың кезекті кеңестерін назарларыңызға ұсынады.
Білесіздер ме, кейде адамның өзі мына жалғаннан шын мәнісінде не қалайтынын білмей жатады. Бәріміз балалық шақтың әсерімен өмір сүреміз. Балаға кішкентай кезінде қоршаған ортасы не ата-анасы өз ойын білдіртуге рұқсат етпесе, өз талғамдарын балаға таңа берсе, өскенде бала өз арманынан адасып қалады. Ішкі жан дүниесінің дауысын естуге шамасы жетпей жатады. Сондай сәтте жеңіл жаттығу жасауға кеңес беремін. Алдымен ыңғайланып отырыңыз. Сосын терең дем алыңыз да оны шығарыңыз. Өзіңізді сөресі көп үлкен залдамын деп елестетіңіз. Осы сөрелерде «таланттың» неше түрлісі жатыр деп ойлаңыз. Кез келгенін таңдап алуға құқылысыз. «Қайсысы маған қажет?» деп өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз. Бірнешеуін иемденгіңіз келсе, мархабат, өзіңізді шектемеңіз! Көзіңізге оттай түскен «таланттардың» арасынан қайсысын өмірге айналдыра аламын деп ойлайсыз? Аталмыш жаттығуды жасап көріңіз, ой-пікіріңізді жазыңыз.
21 ғасыр өз дегенін істетуде. Бәріміз әлденеге асығамыз, аптығамыз. Нәзік жандылар да ер азаматтарынан қалыс қылғысы келмейді. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен телефон шұқылап, бәріне үлгеріп қалуға тырысады. Үлгермеуден қорқады. Мұны жеңіліске, сәтсіздікке, бақытсыздыққа балайды. Содан болар жүйкесі сыр береді, шаршайды, бірақ ерегіседі, құласа да қайта тұрады. Дегеніне жетпей қоймайды. Бәріне бүгін қол жеткізгісі келеді. Қателіктерді кешірмейді, әсіресе күйеуі мен бала-шағасына қабағын шытып, айғайлауға дайын болады. Ауыр сөздерді өзіне де, күйеуіне де, баласына да аямай айта салады. Жаны нәзік ол өзінің бітім-болмысын, табиғатын, нәзіктігін ұмытқалы қай заман?! Бар ырыс, құт-береке, аман-саулық, сәттілік Алладан екенін естен шығарғаны қай заман?! Ең абзалы – жүректі иманға толтыру. Ажырап бара жатқан жіпсіз байланысты қалпына келтіру...
Өзгені сыйламау түбінде өзіңді сыйламауға алып келеді
Білместікпен біреудің көңіліне қаяу түсіріп, сынап-мінеп, кемшілігін бетіне басып жатамыз. Кейде осының бәрін мақсатты түрде жасаймыз. Тіліміздің уын шашқымыз-ақ келіп тұрады. Мен де ара-тұра жанға бататын жағымсыз пікірлерді оқып қаламын. Алайда ренжіп, оларға қарғыс жаудырудың орнына сол айтқыштарды, жазғыштарды аяймын. Құдай есіркесін деймін. Неге дейсіз ғой? Себебі біреуге тиісемін деген адам өзінің жан-дүниесін қалай былғап тастағанын байқамай қалады. Мысалы, Алла Тағала оның жолын ашпақшы болады, қадамын сәтті қылғысы келеді, алайда абайсызда ауыздан шыққан арам сөз, өсек-аяң оның жолын байлап тастайды. Ырыс-берекеден қағылады. Біреуді балағаттаймын, орнына қоямын деп тұрғанда өзін төмен қарай құлдыратқанын байқамайды. Өзгені сыйламау түбінде өзіңді сыйламауға алып келеді.
Үнемі ақыл айтқыш, жөн сілтегіш, кез келген жерде орынсыз ой-пікір айтқыш адам сырт көзге сүйкімсіз болып көрінеді. Біреудің өмірін талқыға салған адамды Жаратқанның жақтырмайтыны ақиқат. Жіберілген қателікті көзге шұқи беретін адамның өзі көп қателік жасайтын болады. Бір адамның артына түсіп, жамандап, оның өмір сүруіне мүмкіндік бермейтін жан Алланың ашуын тудырады.
«Біреудің көз-жасына қалудан қорқыңыз, себебі ол Аллаға бір табан жақын» делінген (имам әл-Бұқаридың айтқаны). Көз жасына қалу деген нені білдіреді? Бұл дегеніміз – артынан жамандау, ол туралы өсек-аяң тарату, сынап-мінеу, кемшілігін, қателігін бетіне баса беру, жұрт көзінше мазаққа айналдыру, сырын жалпыға мәлім ету, сөзбен шағу, аяғынан шалып қалуға тырысу, қысқасы психологиялық тұрғыдан басып-жаншу, достың кейпіне ене отырып жамандық тілеу, ор қазу... Бұл тізімді таңға дейін жалғастыра беруге болады.
Егер де сіздің осылардың біріне қатысыңыз болса, кілт тоқтаңыз! Алланың қаһарына ұшырамаңыз! Өзіңізді бақытсыздыққа душар етпеңіз! Жаратқанның мейірімі шексіз, бақытты да бай-қуатты аттану мәртебесі сізге бұйыруы әбден мүмкін. Ақымақ қылықтармен өзіңізді өзіңіз құзға итермеңіз. Дәл қазір адалдықтан айнымаймын, ауыр сөздер, ақымақ сөздер, былапыт сөздер айтып аузымды былғамаймын деп уәде етіңіз! Себебі ертең-ақ бақытқа бастар жаңа күн туады.
Қорқыныш - ойдан құрастырылған елес
Қорқа бермеңіз! Қорқыныш... Кеңес алуға келген қыздар қорқақтай береді. Тізбектесем: «бетімді қайтарады деп қорқамын»... «жаңа бизнес бастауға қорқамын, себебі біріншісі сәтсіз аяқталды»... «сезімдерімді сыртқа шығаруға қорқамын»... «өз қателігімді мойындаудан қорқамын»... «балаларымның болашағы үшін қорқамын»... «кінәлі болудан қорқамын»... «ашық жарқын болудан қорқамын»... «күйеуімнен, ақшадан, абыройымнан, жұмысымнан, махаббатымнан айырыламын деп қорқамын»... дейтіндердің саны көп. Бұл ұзын-сонар тізімнің бір парасы ғана. Айнала толған қорқыныш! Шын мәнісінде бұл қорқыныштың өзі жоқ. Ойдан құрастырылған елес дүние...
Біле білсеңіз, ешкім және ештеңе бұл ғаламда мәңгі емес. Алладан медет сұрап, болашағын Жаратқанға тапсырған жанның маңдайы ғана бес елі. Себебі ол адам кез келген қиындықтан қорқыныш емес, өсуге, дамуға, өзгеруге деген талпынысты көреді. Өмірден сабақ ала біледі. Ешнәрседен қорықпаңыз! Кез келген шығынның өзінде қайырлы дүние жатыр. Сізге тиесілі нәрсе қашып кетпейді. Бұйырған кетпейді дейді. Атақ-абыройыңыз, лауазымыңыз үшін алаңдап, қалтырап қорықпаңыз. Нәпсіңізді жеңе біліңіз! Өзіңізге, қоршаған ортаңызға адал болсаңыз, Жаратқанның өзі сізге жар болатыны бұлтартпас ақиқат. Сонда ғана сіз бар қорқыныштан арылып, жеңілденесіз. Еркіндікке ие боласыз. Өмір сүру сіз ойлағаннан жеңіл болып шыға келеді.
Қорқыныштың кесірінен белгілі бір пәле-жаладан өзіңізді өмір бойы сақтандырғыңыз келсе, енді сіз мұның бәрінің қажеті жоқ екендігіне көз жеткізесіз. Себебі машинаны сақтандыруға мүмкін болса, бар қиындықтан сақтану деген жоқ. Жапырақтың өзі Алланың әмірімен ғана жерге түсетінін ұмытпағайсыз. Өмірді Алланың ең үлкен сыйы деп қабылдап сүру, әрбір қиындықты сынақ деп қасқайып қарсы алу – бар бақыттың бастауы.
Оқи отырыңыз:
♦ Марзия Бекайдар: Қыздар тұрмысқа шығарда неден қателеседі?
♦ 3 психологиялық рөл: Әйелді қайсысы бақытты етеді?
♦ Марзия Бекайдар: 14 жасымнан әйел бақытының кілтін іздедім
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір