• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:11:29
Алматы
+35°

28 Маусым, 2019 NEWS

Байбек әкім болғанда: Ел есінде қалған 13 оқиға

Алматы қаласында Бауыржан Байбектің келуімен көптеген өзгерістер болды.

Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі қызметіне 2015 жылдың 8 тамызында кіріскен болатын. Ол басқарған 4 жылда еліміздің мәдени астанасында қандай өзгерістер болды? Қандай жаңалықтарымен қала тұрғындарының есінде қалды?  Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы сауалдардың аясында әкім Бауыржан Байбектің атқарған жұмыстарын санамалап көрген еді.

1. Трамвайлар өз жұмысын тоқтатты

Әкім 2015 жылдың 31 қазанында трамвай депосының қызметін тоқтатты. Ол туралы:

«Мен өзім алматылықпын, ұзақ уақыт травмай жолы өтетін көшедегі үйде тұрдым. Тиімді, дүрсілі көп көлік. Пәтерімізге келгенде трамвайдың дірілінен жер сілкінген шығар деп ойлайтынбыз. Ол кезде бізде барлығы 16 трамвай болатын. Бірнеше даулы оқиға болды, абырой болғанда ешкім қаза тапқан жоқ. Әбден тозығы жеткен. Бұған дейін ешкім инвестиция салмаған. Біз оған қаржы құйсақ, көп ақша жұмсайтынымызды есептедік. Сондықтан, Шевченко мен Қонаев көшелеріндегі рельстерді алып тастадық», - деген болатын шаһар басшысы.

Бұған себеп, 2015 жылдың 21 қыркүйегінде Алматыда трамвайдың қатысуымен ірі жол апаты болды. Сонымен қатар, оқиғадан кейін бірнеше апта өткенде тағы бір жол апаты тіркелді, оған да трамвай себепші еді.

 

2. «Оңай» жүйесі қалай енгізілді?

2016 жылдың 11 қаңтарында Алматы қаласының қоғамдық көліктері толығымен «Оңай» бірыңғай төлем жүйесіне толығымен ауысты. «Оңай» бірыңғай төлем карталарын енгізуді Байбектің алдында Ахметжан Есімов бастаған болатын. «Оңай» карталары ең алғаш енгізілгенде қала тұрғындарының арасында дау туындағаны жасырын емес. Алайда уақыт өте келе қоғамдық көліктерде бірыңғай карталармен төлем жүргізу үйреншікті жағдайға айналды.

 

3. Бауыржан Байбек велосипедпен жүруді үндеді

Алматы әкімі мен оның қоластындағы  қызметкерлер автомобильден велосипедке ауысатынын айтқан болатын. "Бүгін әкімдіктің 86 қызметкері велосипедке көшеді. Мен де велосипедке ауысуды жоспарлап отырмын. Көліктерімізді түгелдей газға ауыстырамыз. Егер біз үлгі көрсетпесек, кім көрсетеді? Бұл Астана емес қой, мұнда ауа райы жылы. Бізде жыл бойында серуендеуге болады. Адамдар жаяу жүруі үшін қолдан келгенді жасаймыз", - деген еді Бауыржан Байбек.

 

4. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізді

Байбек келгелі бері Алматы аулаларында аула алаңдары қалпына келтіріле бастады. Қала көшелерінде автотұрақтар демонтаждалып, тротуарлар кеңейе бастады. Сонымен қатар, Абай, Назарбаев, Абылай хан даңғылдары қайта жасала бастады. Велодәліз де кеңейіп, ұзара бастады.

2017 жылдың маусымынан бастап желтоқсанына дейін «Алматы қаласының орнықты көліктері» жобасының аясында жолдарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Қаланың орталығындағы бірқатар көшелер бір бағытты көшеге айналды.

 

5. 500 теңгеге тамақ іштік

Бауыржан Байбек шетелдіктер Алматы мейрамханаларында 500 теңгеге дәмді тамақтана алады деп мәлімдеген болатын. Бұл мәлімдемеден кейін  тамақтандыру орындары әкімді қолдап, жарнамалық мақсатта пайдаланып жатты. 500 теңгеге ас ішу үшін "Мен Байбектенмін" деген құпия сөзді айту керек болатын.

 

6. Инстаграм, Перископ, Фейсбук

Бауыржан Байбек қоғамға ашықтығымен танымал болды. Оның ұсынысымен Инстаграм, Перископ, Фейсбук желілерінде әкімдіктің аккаунттары пайда болды. Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желілерге түскен мыңдаған арыз-шағымды қарап, әрқайсысына жауап беретін болды. Көптеген тұрғындардың жол, баспана, коммуналдық шаруашылықтағы қордаланып қалған мәселелері өз шешімін таба бастады. Жас әкім жұмыс барысында қоластындағылардан үнемі ашық болуды, есеп беруді талап етіп отырды. Б. Байбек Алматыны заманауи мегаполистердің қатарына қосу мақсатында электрондық қызмет түрлерін көптеп енгізе бастады. Блогерлермен байланыс нығая түсті. Бүгінде әкімдіктің ашықтығын қамтамасыз ететін «Open Almaty» жобасы қабылданып жатыр. Аталған порталдан қала тұрғындары балабақша, баспана, әлеуметтік төлемдер, коммуналдық мәселелері бойынша ақпарат ала алады.

7. Бизнес пен əлеуметтік даму

Қаланың келбеті түрлене бастады. Атап айтқанда, көшелерді заңсыз дүңгіршектер, билбордтар, заңсыз жайма базарлар жоғала бастады. "Көлегейлі экономиканың үлесін азайту мақсатында қалада дүңгіршектер, билбордтар, заңсыз  сауда нүктелері жойыла бастады. Бізде сауда үйінің ішінде 27 мыңға жуық бос шаршы метр аумақ бар. Не үшін біз қаланы базарға айналдыруымыз керек? Ондай орындардан азаматтарға төнетін  қауіп көп. Ол жердегі жұмысшылар жалақысын конвертпен алады. БЖЗҚ-ға  аударым жасамайды», - деді Бауыржан Байбек.

Ол бизнестің əлеуметтік  жауапкершілігін арттыруға, бизнес қауымдастықтарды қалалықтардың жағдайын жақсартуға үлес қосуға итермеледі. Бұл бастама Универсиада нысандарының құрылысы кезінде өз тиімділігін көрсетті.

 

8. Жасыл желек - ел игілігіне

Сонымен қатар, Алматы əкімдігі бірқатар рекреациялық нысандарды қаланың коммуналдық меншігіне қайтара бастады. Атап айтқанда,  Баум бағы, Ботаникалық бақ биыл қалаға қайтарылды. Сондай-ақ, қала тұрғындарының Южный саябағы үшін көтерген шуында да əкім дау-дамайды қоғам талқысына салып, оң шешілуіне  көмектесті.

 

9. Фурманова көшесінің атауын  Назарбаевқа өзгертті

Шешім қалалық мәслихат сессиясында қабылданған. Бауыржан Байбектің айтуынша, 112 қайталанатын көше атауларын өзгерту туралы ұсыныс ономастикалық комиссияға берілгеннен соң, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, қала тұрғындары, әсіресе жас буын өкілдерінен тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Елбасы есімін мегаполистің бас көшелерінің бірі – Фурманов көшесіне беру туралы көптеген өтініштер түскен. Сонымен Фурманов Назарбаев даңғылына айналды.

10. Алматының көркіне айналған тиін

Алматы төрінен орын алған алып тиіннің мүсіні  күтпеген жерден қоғамның қызу талқысына түсті де кетті. Халықты таңқалдырғаны арт-мүсінге кеткен ақылға сыймайтын қаражат еді.

Қала көркін ажарландыра түскен сайын мәдени интервенцияға жақындаймыз. Алматының әр түкпірінде байқау түрінде 16 артобьект қойылды. Қала болашағын әлемдік деңгейге көтеруде американдық компаниямен жұмыс істеп жатырмыз. Бизнестің ең дамыған түрі - туризм. Дәлірек айтсақ, мәдени,  event- туризм. Бұл елімізге  мол табыс әкеледі.  Қала  туралы айту керек, оны әлемге таныту  керек. Дүниежүзінде мемлекет келбетіне айналған 600 қала бар. Қазақстаннан жалғыз Алматы осы тізімге енген.

Ол туралы Бауыржан Байбек: «Алып мүсіннің бағасына келер болсақ,  23 миллион теңгенің 15 миллионы ғана  қала бюджетінен бөлінген.  Әлемдік өлшемге сүйенсек, бұл аса қымбат өнім емес. Тиінді жасаған автордың сөзінше, оның осыған ұқсас шығармасы Шанхайдағы «Түлкі» 100 мың долларға түскен. Оның көлемі біздің тиіннен екі есе кішкентай. Өткенде бір ақпарат оқыдым, үнді мүсіншісі Алиш Копурдың болаттан құйылған 10 метрлік бұйымы миллион долларға бағаланған. Мұндай мысалдар өте көп»,-деді.

11. Әл-Фараби даңғылында көлік жылдамдығы өзгерді

2019 жылдың 15 қаңтарынан бастап Әл-Фараби, Саин және Шығыс айналма жолдарында жаңа жылдамдық режимі енгізілді. Яғни,  аталған көшелерде жол-көлік апатын азайту мақсатында орташа жылдамдық 80-нен 60 км/сағ-қа дейін төмендеді. Жаңа тәртіптің сақталуын автомобиль қозғалысының орташа жылдамдығын есептей алатын камералар бақылайды.

"Әл-Фараби даңғылы - басқалардан өзгешелігі жоқ, бұл жылдамдық тас жолы емес, бар болғаны қала орталығындағы көшелердің бірі. Жылдамдық мөлшерін сағатына 60 шақырымға дейін өзгерту арқылы жол-көлік оқиғасы деректері 2,7 пайызға қысқарды", - деген болатын Байбек.

 

12. «Көк-Жайлау» курортының құрылысын кейінге қалдыруды ұсынды

 «Таулар – біздің басты бәсекелестік артықшылығымыз, сондықтан оны пайдалануымыз қажет. Австриялық сарапшылардың айтуынша, 7-10 жыл ішінде оны жүзеге асыруға 1,5 миллиард доллар жұмсап, экономикаға жыл сайын 2 миллиард доллар табыс әкелуге болады. Бұл өте маңызды, 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Сонымен бірге, біз экономиканың, қоғамның және экологияның теңгерімін сақтауымыз керек, яғни қоршаған ортаға минималды әсер ететін заманауи курорттар құруға тиіспіз. Менің ойымша, барлық сараптамалық пікірлерді және перспективаларын ескеру қажет. Сондықтан жобаны аяқтауды және уақытты кейінге қалдыруды ұсынамын. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, бар курорттарды дамыту кем дегенде 3-5 жылда жүзеге асады. Осы уақыт ішінде біз қажетті тәжірибені жинақтап, персоналды дайындаймыз. Курорттардың тұрғындары мен қонақтарының пікірлерін зерттейміз. Тек содан кейін  «Көк-Жайлау» тау курортын салуды бастаймыз », – деген болатын Бауыржан Байбек. 


13. Алматы - жастар қаласы

«Алматы - жастардың қаласы» дегенді бекер айтпаса керек. 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық Жол картасы жасалды. Сырттан келген жастарды іскерлікке, ерікті болуға және басқа да кәсіптерге баулитын Лофт-орталық ашылды. Қазірдің өзінде 7,8 мың адам жұмысқа тұрды. 2,5 мың адамға тегін кәсіби білім берілуде. Әрине, жастардың тұрғын үйі туралы сөз ерекше болмақ. Мәселе бар. Осыны шешу үшін қалада «Алматы жастары» атты жастардың тұрғын үй бағдарламасы қолға алынды, мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін жеңілдетілген заем ала алады. Бұдан бөлек биыл біз «Рухани жаңғыру» жобасы аясында 2000 орынды 4 жатақхана саламыз. Келер жылы 2,4 мың орынды тағы да 2 жатақхана құрылысы басталады», - дейді Бауыржан Байбек.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір