• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:37:31
Алматы
+35°

23 Маусым, 2015 NEWS

Қазақ журналистикасы: кәсібилер не дейді?

Қазақ журналситикасы жайлы осы саланың майталмандары не дейді? Біз бүгін 

Қазақ журналситикасы жайлы осы саланың майталмандары не дейді? Біз бүгін "Қамшы"ақпараттық порталы ашылған күннен бастап әр кездері онлайн-конференцияға шыққан журналистердің БАҚ жайлы ойларын беруді жөн көріп отырмыз. 

SAM_0853

Дәурен Қуат:

  Қазақ сайттарының арасында ынтымақтастық болғаны жөн. Бір-бірімізді көре алмай, қызғанып, бірімізде барды біріміз місе тұтпайтын болсақ онда қазақ интернет журналистикасының дамуынан ауыз ашуға болмайды. Біздің дамуымызға тұсау болып отырған себептердің бірі – кәсіби бәсекелестіктің жоқтығы. Сайт деген бұл аз оқырманның қалтасына түсетін газет емес. Сол себептен де қазақ сайттары қазақ газеттерінің іштарлығын қайталамай бір-біріне жәрдемші, тілекші болғаны жөн.

esengul

Есенгүл Кәпқызы:

Тәжірибелі мамандарды көп тыңдау керек деп ойлаймын. Оның сыртында, көп іздену қажет және жалықпаған жөн. Сараптама дегеніміз, кабинетіңде отырып, көпіріп ой айту емес, сол оқиғаға қатысты адамдарды әңгімеге тарту. Сондықтан оның еңбегі ауыр. Қазір журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Соларды тыңдап, қатысып жүрсе, үнемі ізденісте болса деймін. Егер, орта жолдан «мен жеттім, толдым» десе, оның тоқырағаны.

Журналистерді мемлекеттік қызметкерлерге теңестірсек, олардың сөз бостандығына нұқсан келтіруіміз мүмкін. Алайда шетелдердегідей оларға өзгеше бір статус берген жөн сияқты. Қазір жасыратыны жоқ, биліктің сойылын соғатын журналистердің жағдайы жақсы. Керісінше, оппозициялық басылым қызметкерлері биліктің жақсылығынан гөрі, қудалауына көбірек ұшырайды. Қазіргі журналистің көбі баспанасыз жүр, шетелдегідей тапқаны бір басынан асып жығылмайды. Тірліктің күйбіңінен аса алмауда. Сол себепті де журналистердің жағдайы жақсы дей алмаймын.

 

bolat mursalim

Болат Мүрсәлім:

Қазіргі қазақ журналистеріне қойылар талап – кәсіби журналист болу керек. Өйткені, қазақ журналистикасында таланттар көп, бірақ сол Құдай берген талантын күнделікті биік деңгейдегі контент жасауға жұмсайтын кәсібилер аз. Талантты журналистер көңілінің қошы келгенде мықты мақала жазып, я болмаса сюжет жасап тастайды, зауқы соқпаса, «мен онсыз да мықтымын ғой, аз жазсам да, саз жазам» деп, жалқаулығын талғампаздық сияқты көрсетуге шебер.

Қазіргі телевизия саласында жанрлық түрлену жетіспейтін сияқты. Барлық арнаның істеп отырған дүниесі бір біріне қатты ұқсайды. Кейде мұның себебін өзімше іздеп,  «телевизия төңірегіндегі аутсорсингті «данышпандар» ойлап тапты, нағыз таланттар сол тапсырысты орындап жатыр, қызығын қулар көріп отыр» деп қалжыңдаймын. Ал, үздік дейтін 5 бағдарламаның рейтингін жасай алмаспын. Өйткені, тұрақты түрде теледидар көруге мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, Е.Айдабосын, Н.Аралбайұлы, С.Омаш, Е.Дәулетияр сияқты жекелеген журналистердің ізденістерін жақсы бағалаймын.

b848009436d009d0584fa2e2f85f1125

Ирина Советжанқызы:

Қазақ журналистикасына жоғарыдан қарап, баға беретіндей дәрежеге жеткен жоқпын. Дегенмен, газетте де, телеарнада да жұмыс істеген журналист ретінде айтқым келетіні - журналистиканың бұл екі саласының да атқарар жүгі ауыр. Және қос салада да «сен тұр, мен атайын» дейтін марқасқа журналистер жетерлік. Бірақ, жалпы алғанда, қазақ журналистикасын жабыла құрағанымызбен, яғни, қазақ мемлекетін осы елде тұратын барлық ұлт өкілдерінің құрайтыны секілді, қазақ журналистикасын құрайтын - қазақтілді және орыстілді журналистер екі бөлек ойлаймыз, жазуымыз да әр басқа. Бір елдің журналистикасы деген аты болмаса,  мақсатымыз ортақ, мүддеміз бір десек те, сиясы екі түрлі қаламмен жазамыз. Жасыратын несі бар, кейде ұлттық мүдде, қазақтың жайы деген мәселеге келгенде, орыстілді журналисттердің басым бөлігі (орыстар деп ұлтына бөліп тұрғаным жоқ –И.С) – үнсіз отыра қалады. Бірақ қазақтың жайын қозғау, тілінің тағдырын айту – ұлтшылдық деген сөз емес! Тіпті, кейде үндемегені де дұрыс дейтін де кезіміз болады. Өйткені, ел жабыла көтеріп жатқан мәселеге қолдау көрсетудің орнына, қарсы шығатындар табылады. Ақпараттық қауіпсіздікке алаңдасақ, ең алдымен осы елдің мемлекеттік тілі – қазақтілді БАҚ-қа қолдау көрсетілу қажет! Басқаны былай қойғанда,  жарнамамен жан бағатын ақпарат құралдарына жақсы таныс жағдай  бар – жарнама бергіштер орыстілді БАҚ-ты таңдайды. Ол – орыстілді тілшілер мықты деген сөз емес, керісінше қазақтілді көрермен мен оқырманның құқын аяққа таптау деген сөз! Естуімше, еліміздегі қазақтілді ақпарат құралдарының үлес салмағы – алты пайызға да жетпейтін көрінеді. Құдай бетін ары қылсын, ел шетіне жау келсе, алты-ақ пайызбен қай жыртығымызды жамап үлгереміз? Өйткені, жоғарыдағы жауабымды қайталап айтам, ұлттық мүдде, қазақтың жайын қозғауға келгенде, емешегі үзіліп тұрған басқа тілді БАҚ өкілін көрмедім. nazia Нәзия Жоямерген: «Журналистика –  ғылым емес», «журналистерді оқытып қажеті жоқ» деген сарындас пікірлерді естігенде құдды «дәрігерді оқытып қажеті жоқ, бақсы-балгерлер ауруларды өздері-ақ емдеп жазады» деген сияқты әсер етеді маған. Рас, журналистика ғылымдарының кандидаты немесе докторы бола алмайсыз, бірақ журналистика – терең талдауды, жан-жақты ізденісті талап ететін сала. Өкінішке қарай, қазір журналистерге қажеті жоқ пәндер мен тек теориялық қағидаларға сүйенетін жайттар жиі кездеседі. Өкініштісі, бұл кез келген мамандыққа тән кемшілік. Меніңше, журфактың бірінші курсына түскен бойда жастарға студент деп емес, дайын журналист деп қарау қажет. Олардың мойнына осы жауапкершілікті артып, олар сол ауыр жүкті шын сезінгенде ғана 4 жылдың ішінде кәсіби білігі мен білімі мол маман ретінде қалыптасып шығады. Соңғы кездері, әсіресе, «Түркітілдес журналистер қорын» құрғалы бері студенттермен және жас журналистермен тығыз жұмыс істей бастадық. Байқайтыным, журналистиканың қарапайым заңдылықтарын меңгермегендер көп. Тіпті, кейде 3-4 курстың студентінен жанрлар мен олардың басты талаптарын сұрасаң, жауап бере алмай мүдіреді. Қолдарында қызыл дипломы бар, университет қабырғасынан жаңа ғана шыққандардың өзі кейде қарапайым заметканы жаза алмай қиналады. Журналистік зерттеу, сараптама, репортаж бен сатиралық жанлар туралы айту артық. Енгізілуі тиіс пәндерге келсек, меніңше, тәжірибеге баса назар аудару қажет. Сосын телеарналардан гөрі, газет, журнал, интернет сайттарға жазуды талап еткен жөн. Өйткені телеарна кәсіби тұрғыда шыңдалуға аса тиімді емес. Ізденіс пен терлеуді қажет ететін – басылымдар. Сосын қалыптасып болған соң телеарналарға ауысуға болады. Әлбетте, туабітті таланттарға қатысты емес бұл талап.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір