• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 17:47:51
Алматы
+35°

02 Шілде, 2019 Барлық аймақтар

Білім ордасына батырдың атын бергісі келмей жүргендер кімдер?

Бүкіл арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, аңызға айналған батырларымыздың алдында тұратын Алпамыс батырдың орны ерекше.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның назарына!

Қазақ халқы жаратылысынан ата дініне кәміл сенген, антқа адал, уәдеге берік болған. Әсіресе аруақтарды бәрінен биік қойған. Жайшылықтың өзінде аруақтарды аузынан тастамаған. Ал «е, аруақ!» деп атқа қонып жауға  қарсы атой салғанда, қас дұшпанның қабырғасын күйретіп, басып-жаншып, жеңісті қолдан бермеген. Қорқыныш дегенді білмеген.  Өйткені, ата-бабалар мен батырлар аруағы қолдап, қуаттап, желеп-жебеп жүретінін әсте ұмытпаған. Ұлы ханымыз Абылай жас шағында, кейін хандық құрған кезінде де  жауға қарсы шапқанда, не жекпе-жекке шыққанда «Абылайлап!» ақ туын көтеріп, аруақтарға  сыйынып барып, қаһармандық ерліктің үлгісін көрсетіп отырған.

Бүкіл арғы-бергі тарихымызға көз жүгіртсек, аңызға айналған батырларымыздың алдында тұратын Алпамыс батырдың орны ерекше. Сан ғасырлар бойы Алпамыс батыр рухымен ауызданып, өмірінен өнеге, ерлігінен үлгі алып қазақтың қаншама ұрпағы өсіп, жетілді десеңізші.  Алпамысты тек қазақ қана емес, бүкіл түркі әлемі мойындап мақтаныш тұтады. Өйткені, ол – батырлық пен ерліктің символы.  «Жиделі-Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде» деп басталатын батырлар жырын былтыр «Тұлпар мініп, ту алған»  сайысында мектеп оқушылары мүдірмей жатқа айтты. Бұл– ерлікті дәріптеу, жас ұрпақтың санасы құю. Ал батырлық дәурен құрған Алпамыстың тарихы тым тереңде жатыр.  Аты аңызға айналып, батырлар жырына арқау болған Алпамыстың жанқиярлық ерлігі, биік адамгершілігі, теңдессіз отансүйгіштігі, туған жері мен еліне деген шексіз махаббаты бүгінгі ХХІ ғасырда  ғана емес, болашақ бақытты ұрпақтарымызға рухани азық болып, алдағы жүз жылдықтарға жалғасып, қызмет ете беретін болады.

Шүкір делік, кейінгі бес-он жылдың көлемінде Алпамыс батыр аты қайта жаңғырып, жасарып елдің санасына сәуле шашты.  Батыр аруағы кең байтақ қазақ даласын шарлап кетті.  «Әп, бәрекелді!»  деп  бұған қуанғандар мен қолдап-қуаттағандардың қатары артты.  Батыр аруағы туған жердің төсінде салтанат құрды.  Мақтанышпен айтып отырған сөзімізге дәлел келтірейік: Шымкент қаласында, Жетісай жерінде, Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында көрген жанның көзі тоятын, ар-намысын оятатын, ерік-жігерін жанитын, ерлікке бастайтын, отансүйгіштікке баулитын Алпамыс батырдың алып ескерткіштері бой көтерді. Бұл батырға деген халықтың махаббаты, елдің сүйіспеншілігі, ерлікке тағзым, ізгі тілегі еді. Ең бастысы, батыр  аруағын ардақтап, құрметтеп, қадір-қасиетін қайта жаңғыртып бүкіл елге паш етілді.  Алпамыс батыр аты Жетісай ауданындағы спорт кешеніне, балабақшаға, ауылға және көшеге берілді. Әрине, біз бұған дән ризамыз. Батырдың қаһармандық ерлігін одан әрі тереңірек насихаттап, отансүйгіштігін дәріптеп жас ұрпақтың бойына мықтап сіңіру мақсатында  2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың атына  өтінішімізді айтып, ұсынысымызды қоса жолдап хат жазған болатынбыз.  Онда Жетісай қаласында  орналасқан «100 мектеп,100 аурухана» бағдарламасы бойынша жаңа салынған № 8 жалпы орта мектебіне Алпамыс батыр атын беруге ұсыныс жасап,  оны қолдап-қуаттауын өтінген едік. Обалы нешік, ата-баба мен батырлар аруағын әрқашан ардақ тұтатын Елбасы біздің өтінішімізді жерде қалдырмай, тиісті тапсырмалар беріп, мәселені тез арада он шешілуіне ықпал еткенін  еш ұмытпаймыз. «Барлық құжаттар дайындалып, тиісті мекемелерден қорытынды алып, батыр аты мектепке  әні-міне беріледі» деп отырғанда, 2018 жылы  Мақтарал ауданы қақ бөлініп, жаңадан Жетісай ауданы бой көтерді. Енді барлық құжаттарды қайта жасауға тура келді.  Жасадық та, жоғарғы жаққа жөнелтік те. Бірақ әлі күнге дейін тым-тырыс, не болып, не қойғанын айтатын адам таппайсыз.  Жарқырап, жалындап басталған істің соңы сәтсіз аяқталып, жалп етіп сөніп қалды.  Аудан әкімдігі, облыстық мекемелер жоғарғы  жаққа  сілтейді, ал жоғарыда отырғандар жақ ашпайды. Жазған хаттарымызға жауап та бермейді. Осылайша мектепке батыр атын берсек деген үмітіміз ақталмады.  Екі жылдан бері мәселе сиырқұйымшақтанып, әлде біреулердің немқұрайдылығынан созбаланға түсіп бітер іс бітпеуге айналды. Енді бұған не дейсіз? Болып тұрған нәрсені  болдырмауға келгенде  алдымызға жан салмайтын халық екенімізді көрсеттік. «Алпамыс батыр аруағынан ұят болды-ау»  деп  қынжылып жүрген жанды  таппайсыз.  Аруақ демекші,  біз аруақ сыйлаудан қалып бара жатқан сияқтымыз. Тілімізбен,  құлаш-құлаш қағаздарды  толтырып бәрін қатырып қойғанымызбен, нақты іске келгенде тым үстірт, ұмытшақпыз, шалағаймыз. Әйтпесе,  «Ұлы даланың жеті қыры», «Қазақ хандығы», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» секілді  бағдарламалар жетерлік. Ал мұны жергілікті жерде аяғын құрдымға кетіріп жатқандар бар.  Бұл бағдарламалар ашығын айту керек, біздің өткен тарихымызды, батыр бабаларымызды, ақылды хандарымыз бен билеріміздің есімдерін қайта жаңғыртып, ел санасына  сәуле түсіріп, шуақ шашсақ деген идеядан туған болатын. Былайша айтқанда, аруақтарды ардақтап, құрмет көрсетуге тиіс едік, өкінішке орай олай болмады.

Бәрінен де бұрын Алпамыс батыр аруағын сыйламай, аяқ-асты етіп,  созбалаңға салып, көзге ілмей, ескерусіз, атаусыз қалып бара жатқаны жанға батады. Аруақтарды ардақтаған елдің абыройы аспандап кететінін білсек те, бәріне көз жұмып қарайтынымыз жақсылыққа апармайды.  Бүгінгі таңдағы болып жатқан барлық келенсіздіктер мен қиыншылықтар: көп балалы әйелдердің жанайқайы, шерушілердің көбеюі, атыс-шабыс, жарылыс, әлеуметтік саяси ахуалдың нашарлауы осы аруақтарды төбемізге көтеріп, ардақтай алмай отырғанымыздан ба деп қаласың. Аруақтарды еш ұмытуға болмайды. Олар қашанда бізбен бірге және бізді қолдап-қуаттап, желеп-жебеп жүретін құдіретті күш екенін естен шығармауымыз керек. Осындайда қазақ «кейбір күнәларды Құдай кешіргенімен, аруақтар кешірмейді» деп тегін айтпаған.  Әлемдік тарихтан белгілі, кез келген ел өздері құрмет тұтатын тұлғалардың аттарын ұлықтап,  естен шығармауға күш салады. Мысалы, Иван Грозный, Ермак, Наполеон т.б. тағдыры қайшылыққа толы тұлғалардың есімдерін көшеге, қалаға, жоғары оқу орындарына беріп жатады.  Тіпті, Астана қаласының атауы көзді ашып-жұмғаншы Нұр-Сұлтанға айналып шыға келгенінен хабардармыз. Бұлай қынжылыс білдіріп отырғанымыздың себебі,  бәріне мүмкін  нәрсе Алпамыс баиырға келгенде кейбір атқамінерлердің қарақұрттай жиырылып, пейілдері тас емшектей тарылып қалатынына еш түсіне алмай –ақ қойдық. Аруақтармен ойнауға, қорлауға, келеке етуге, жағымсыз сөз айтуға,  тіл тигізуге тіпті болмайтынын ата-бабаларымыз айтудай-ақ айтып кеткен.  Қазақ Құдайдан бұрын аруақтардан аяқ тартқан, қорыққан. Ендеше мына бір тарихи мысалды алға тартып көрейік:  1941 жылдың жаз айында атақты орыс ғалымы Герасимов өзінің бір топ нөкерлерімен Самарқанд қаласына келіп, Әмір Темірдің мәйітін ашып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге бел шеше кіріседі.  Сонда қаланың атақты ғұламалары, дін басылары келіп орыс ғалымына: «Әмір Темірге тиіспеңдер, аяғы жаман болады, соғыс басталып, қасіретті заман орнайды» депті.  Ғалым ғұламалардың сөзін құлаққа ілмей қабірді ашып, ұлы қолбасшының мәйітін ұшақпен Мәскеуге алып кетеді.  Айтқандай-ақ, мәйітті ашқан 22 маусым күні түнде фашистік Германия  Совет еліне тұтқиылдан шабуыл жасап, сұрапыл соғыс басталып кетеді. Енді бұған не дейсіз? Аруақтарға тиісіп, қорлаудың соңы осындай зобалаңға ұласқанын тарих әлі ұмыта қойған жоқ. Әңгімемізді одан әрі жалғайық. 1944 жылы Сталиннің тікелей тапсырмасымен Әмір Темірдің мәйітін Самарқандқа қайта апарып жерлеуді ұйғарады. Мүрдені ұшаққа салып, Мәскеу қаласының үстінен үш айналып ұшып, майдан даласының аспанында біраз қалықтап Самарқандқа бет алып, әйгілі қолбасшыны құтты  орнына қайта жерлепті.  Адам айтса сенгісіз, сол сағат, сол күннен бастап Совет әскерлері немістерді тырқырата қуып, барлық шабуылдары  жеңіспен аяқталып Берлиннен бір-ақ шыққан ғой.  Міне аруақтың құдіреті, міне аруақтың күші деп осыны айтса болады. Ал біз болсақ, аруақтарды елеп, ескергіміз келмейді.

Қысқасын айтқанда, аты аңызға айналған Алпамыс батыр бабамыздың аруағын қолжаулық етпей,  тиісті құрметіміздің көрсетіп,  ардақтай білейік дегіміз келеді. «Әруақ риза болмай, тірінің тіршілігі еш уақытта алға жылжымайды». Әңгіменің тоқетері осы.

Бауыржан Оңғарбаев,
«Алпамыс батыр» республикалық
қоғамдық қорының президенті,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің
иегері, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі                                                                 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір