• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
24 Тамыз, 04:26:09
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

01 Шілде, 2019 NEWS

Маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер «Туған жерді тани біл» челленджін Шығыс Қазақстандағы әріптестеріне жолдады

Этносаяхатқа ерекше  терең  мағына берген тарихи кешен – ортағасырлық Қызылқала қаласы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, сонымен қатар «Маңғыстаудың 1000 жылдығы», «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өлкеміздің киелі жерлеріне облыстағы 100-ге жуық мемлекеттік қызметшілер және тарихшы-мамандар  саяхатқа шықты. Саяхат Ақтау қаласынан бастау алып, Шерқала, Ақмыш, Қызылқала, Этноауыл және Айрақты бағыттары бойынша жалғасын тапты.

Биыл Маңғыстау атауының тарих бетінде пайда болғанына — мың жыл толып отыр. Маңғыстау жері – бұл ежелгі өркениет елі, 11 мың тарихи ескерткіш мемлекеттің қорғауына алынған археологиялық қорық, ашық аспан астындағы мұражай, мыңдаған тасқа салынған сурет-дастандардың елі. Ерекше діни ғимараттар мен Бекет Ата, Шақпақ Ата, Шопан Ата, Масат Ата мешіттерінің өлкесі, оларға тек Қазақстаннан ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен де келушілер де аз емес.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекелерін  мейрамханаларда немесе басқа да көңіл көтеру орындарында емес, ұжыммен бірге табиғат аясында тәрбиелік маңызы бар шаралар арқылы  атап өтудің анағұрлым тиімді екендігін жеткізді.

Бүгінде Маңғыстауды қазыналы түбек, тарихи ескерткіштер мен мыңдаған жолдар өлкесі деп атайды. Осыған орай, ұйымдастырылған саяхаттың да мақсаты осы мыңжылдықтың аясында, қазыналы түбектің, тарихы терең маңғаз мекен Маңғыстаудың көзтартар жерлерін таныту.

Жүзге жуық жолаушылар жол бойы көтеріңкі көңіл-күймен өз өнерлерін ортаға салып,  арнайы шақырылған тарихшы мамандар Құралай Ізімбергенова мен Людмила Коровинаның сүйемелдеуінің арқасында өлкеміздің тарихы туралы әңгімелермен сусындап, көкейіндегі сауалдарына тұщымды жауаптар алды.

Этносаяхаттың алғашқы аялдамасы Маңғыстау ауданында орналасқан Шерқала тауы болды. Аңызға бөленген Шерқала тауы Маңғыстау облысының табиғи рәмізі іспеттес. Белгілі бір биіктіктен қарағанда, ол Ақмыштың жер қабаттары арасындағы ертегідегі дәу-көшпелілер тұрғызған алып киіз үйге ұқсайды. Шерқала жайындағы аңыздардың бірінде, ертеректе қаптаған жаулардан бір топ айбынды жауынгерлер тауды қорған еткен делінеді. Олар жаумен жолбарыстар сияқты алысыпты. Тауды қорғаушылардың қалғаны тау ішіндегі жерасты жолдарына тығылып, сол жерде мәңгі қалып қойыпты. Ерлік пен еркіндіктің өтеуі - Жолбарыс қала немесе Шерқала деген атау осыдан келіп шыққан.

Шерқала тауының етегінде маңғыстаулық мемлекеттік қызметшілер Шығыс Қазақстан облысындағы әріптестеріне «Туған жерді тани біл» атты челленджді жолдап, этнотур эстафетасын жалғастыруға үндеді.

Бұдан соң мемлекеттік қызметшілер Ақмыш шатқалына ат басын тіреді. Ақтау қаласынан 170 шақырым жердегі Шетпе кентіне жақын орналасқан Ақмыш бұл әрі әсем табиғат та, әрі соншалықты қызық тарихы да деуге болады. Шағын орман (тоғай), сыңғырлаған бұлақтар, жартас жасалымдарының таң қаларлық пішіндері аясында зерек саяхатшы орта ғасырлар дәуіріне жататын тарихи оқиғалардың іздерін көруі мүмкін.

Этносаяхатқа ерекше  терең  мағына берген тарихи кешен – ортағасырлық Қызылқала қаласы.

Қазіргі таңда Маңғыстау облысы аймағында төрт орта ғасырлық елді мекендердің қалдықтары белгілі. Солардың бірі-Маңғыстау ауданы аумағындағы Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан Қызылқала қалашығы  10 ғасырдың екінші жартысы-13 ғасырдың басы кезеңдеріндегі неғұрлым маңызды ескерткіш болып табылады. Мамандардың айтуынша, ерте орта ғасырларда Маңғыстау облысы аймағынан белгілі Ұлы жібек жолы деген континент аралық сауда жолдарының солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегінің аймағы құрлық және теңіз сауда қатынастарының тамаша ұштасқан сауда жолдарының транзиттік бөлігінің бірі ретінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда алғашқы отырықшы елді мекендер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалау алқаптарында-портты қыстаулардың пайда болуына себебін тигізді. Теңіздегі сауда барлық каспий маңы мемлекеттерін біріктірді.

Бұл археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын-ала жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындысы Қызылқала - ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары болып табылады деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл жерден табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы 10-11 ғғ. кезеңдерінде басталған, ал қайнаған өмір 13 ғ. екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған.

Тарихшы мамандардың айтуынша, Қызылқала керуен сарайын UNESCO деңгейінде қорғауға алуға толық мүмкіндіктер бар.

Этносаяхаттың келесі бір аялдамасы «Көгез» этноауылы. Жоғарыда атап өткеніміздей, Маңғыстау - қазыналы түбек, тарихи ескерткіштер мен мыңдаған жолдар өлкесі. Осы мәдени мұраларды кеңінен насихаттау үшін аймақтатұтас бір этноауыл бой көтерген болатын. Этноауылға келген қонақтар қазақтың дәстүрімен танысып, ұлттық тағдамдарынан дәм татады, арнайы туристік бағыттар бойынша өңірдің тарихи және көрікті жерлерін аралайды.

Тарихи-танымдық іс-шара Айрақты тауының етегінде аяқталды. Батыс Үстірт кемерінің (шыңының) қиыр солтүстік-батысында және Өліқолтық сорының түйіскен жерінде орналасқан. Абсолютті биіктігі 148 метр.                    1931 жылға дейін өзімен аттас айлақ және елді мекен болған. Қазан төңкерісіне дейін Айрақтыдан Қоңырат қаласына дейін тұрақты сауда керуені қатынап тұрған. Қазақстандағы ірі ас тұзы және мирабилит тұздарының кен орны ретінде белгілі.

Жалпы алғанда, 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні, Маңғыстаудың 1000 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы этносаяхат өз мақсатына жетті деп есептейміз. Бұған саяхат барысында өңірлік телеарнаға мемлекеттік қызметшілердің берген тілектері мен оң пікірлері дәлел. Республикада алғашқы болып Агенттіктің аумақтық департаментімен қолға алынған осындай шара өлкеміздің басқа да аудандарындағы тарихи-мәдени және киелі орындарында жалғасын табатын болады.

                                                                  ҚР Мемлекеттік қызмет істері

                                                                  агенттігінің Маңғыстау облысы

                                                                  бойынша департаменті

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір