• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 08:32:47
Алматы
+35°

26 Маусым, 2019 Шығыс Қазақстан облысы

Ақын-жазушылар ел ішін аралап жүр

Өлең-жырға сусап, ән мен күйге шөлеркеп отырған ауыл жұрты бір серпіліп қалды

Өлең-жырға сусап, ән мен күйге шөлеркеп отырған ауыл жұрты бір серпіліп қалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы жолға шыққан зиялы қауым өкілдері өңірдің аудандарын аралап, ауыл халқымен салиқалы кеш өткізіп қайтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  

Тыңдарманын өрелі өлеңімен, жүрек тербетер ән-жырымен баурап алған топ құрамында Қазақстан Жазушылар одағы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры, жазушы, журналист Әлібек Қаңтарбаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, халықаралық, республикалық жыр додаларының жеңімпазы, белгілі айтыс ақыны Серік Құсанбаев, облыстық филармонияның әншісі Қайрат Майжаров сынды әдебиет пен өнер майталмандары болды. 

– Аудан, ауылдарды аралап, кездесулер өткізгенде бір байқағаным, ел іші рухани дүниеге расымен де шөлеркеп қалыпты. Әрбір айтылған әңгімені ынтасымен тыңдап, сұрақтарын қойып, әуелеген әнмен бірге қанаттанып отырды. Жалпы, сөз қадірін ауылдағы қазақтан артық ешкім түсінбейтіні анық қой. Ендеше біздің бұл сапарымыз өзінің жемісін берді деп ойлаймын, – дейді Серік Құсанбаев. 

Ақын-жазушылар мен өнер саңлақтарынан құралған арнайы топ Шығыс Қазақстанның Алтай, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті, Жарма, Аягөз, Үржар, Абай, Бесқарағай, Ұлан, Глубокое сияқты бірқатар ауданын аралап, ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізді. Кездесу барысында өнер, руханият, әдебиет тақырыбынан бөлек жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр және басқа да тақырыптар төңірегінде әңгіме өрбіді. 

– Мұндай рухани кештер ауыл жұртына қажет. Күнделікті күйбең тірліктен бір уақыт арылып, ақын-жазушылардың әңгімесін тыңдап бір марқайып қалдық. Әсіресе, жастарымыз үшін бұл бір тағылымды шара болды, – дейді Күршім ауданының тұрғыны Қуатбек Қазыбекұлы.  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір