11 Шілде, 2019 Саясат
"Судан құрғақ шыққан" Суханбердиева немесе Қазақстан соты кімдерге мейірімді?
Сот залынан босап шыққан Суханбердиева журналистердің «Енді немен айналысасыз?» деген сұрағына еш қымсынбастан «Кәсіпкерлік қызмет бар ғой. Бұдан бөлек оқытушы болып жұмыс істеуге болады» деп жауап берді. «Түрме министрдің көзімен» атты кітапты жарыққа шығарамын деп айды аспанға бір-ақ шығарғанын қайтерсіз?!
Күні кеше бұрынғы Білім және ғылым вице-министріне қатысты сот үкімі шығып, 11 475 300 теңгемен ұсталған Суханбердиева 6 312 500 теңге айыппұлмен құтылды. Сот шешімі бойынша Эльмира Суханбердиева мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне де тыйым сады. Сот залынан босап шыққан Суханбердиева журналистердің «Енді немен айналысасыз?» деген сұрағына еш қымсынбастан «Кәсіпкерлік қызмет бар ғой. Бұдан бөлек оқытушы болып жұмыс істеуге болады» деп жауап берді. Түрмеде ешқандай теперіш көрмегенін айтқан экс-вице-мнистр «Түрме министрдің көзімен» атты кітапты жарыққа шығарамын деп айды аспанға бір-ақ шығарғанын қайтерсіз?! Бұл жемқорлықты дәріптеу ме, әлде халықтың назарын басқа жаққа аудару ма? Бұл жағы жұмбақ...
Бұған дейін де Қазақстан сотынан миллиондап, миллиардтап жеген шекпенділердің талайы айыппұлмен құтылған еді. Еске салып көрелік.
Василий Ни
«Қорғас» шекаралас ынтымақтастық орталығының бұрынғы басшысы 1 млн доллар пара алып жатқан кезде ұсталған еді. Бірақ сот оның бұрын сотталмағанын және қылмысын мойындағанын ескеріп қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Серікбол Мусинов
Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына ірі көлемде пара алды деген айып тағылды. Кейін Серікбол Мусинов 240 миллион 84 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеліп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қанат Сұлтанбеков
"Қазақстан инжиниринг" компаниясы төрағасының орынбасары пара алғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Дегенмен кейін сот шешімін өзгертіп, 2 млрд 139 млн теңге айыппұл салынған.
Ерлан Біләл
М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры басшысы 1,5 млн пара алмақ болған кезде ұсталды. Оған 52,5 млн айппұл салынды.
Сондай-ақ атышулы Мақсат Үсеновтің қылмысы да бір басына жетіп артылады. Адам қағып, заң бұзса да Қазақстандағы сот оған «мейіріммен қарайды». Үсеновтің заңсыздықтарын тізіп шығатын болсақ:
2013 жылы мас күйінде көлік айдап, 6 адамды қағып кеткен. Жол апатының салдарынан бір жігіт қаза тапты. Кейін ол жүргізуші куәлігінен айырылып, 45 күнге қамауға алынды.
Мақсат Үсенов араға бірнеше айлар салып көлік жүргізу куәлігі болмаса да, жол ережесін бұзғандықтан 18 мың теңге айыппұл төлеген.
2014 жылы 15 қарашада «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» заңбұзар Үсенов қарсы бағыттағы жолға шығып, 38 жастағы әйел тізгіндеген Tayota көлігіне соғылған. Жол апатынан ешкім зардап шекпегендіктен, 60 мың теңгеден астам айыппұл төлеп қана құтылған.
Жер бетіндегі заңсыздық былай тұрсын, Мақсат Үсенов аспанда да ойына келгенін істеген. Алматы – Бангкок бағытындағы ұшақта борт серіктерінің мазасын алған. Ұшақтағы жолаушының айтуынша, Мақсат Үсенов темекі шегіп, жолаушыларды мазақ қылған. Кейін оны Таиланд астанасындағы полиция қызметкерлері тұтқындаған. Сужұқпас Үсенов ол кезде де жазадан сытылып шығыпты.
Араға біраз уақыт салып Мақсат Үсенов тағы да заң бұзды. Бұл жолы ешқандай жол апатына түспеген, кісі өлтірмеген, «жай ғана» марихуанамен ұсталған. 29 тамызда кешкі 19.00-де Алматыдағы «QWERTY» клубында Үсеновтен өзіндік иісі бар, көк түсті өсімдік затымен толтырылған сіріңке қорабы табылды. Бұл жолы Үсенов өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өз ісіне өкінетіндігін айтқан. Сот үкімімен Үсенов кінәлі деп танылып, оған 453 800 теңге, яғни 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Біздегі сот барлығына бірдей мейірімділік таныта бермейді. Қаталдық танытатын кездері де жоқ емес. Алайда соттың «әділ» шешімімен жылдап түрмеде отырғандардың артынан «жоқтап» отыратын отбасынан бөлек, қара халық бар.
Мұхтар Жәкішев
1998-2009 жылдар аралығында «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы қамауға алынады. 2010 жылы 12 наурызда Мұхтар Жәкішевті Астанадағы аудандық сот 14 жылға бас бостандығынан айырады. Оған Венада «Қазатомпром» компаниясының өкілдігін заңсыз пайдаланып қосымша пайда тапты, астыртын касса ұстады деген айып тағылды.
Мұхтар Жәкішев қамалғанға дейін өзінің аттасы Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап, кепіл болып жүрген.
Арон Атабек
1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін екі жылын қуғында өткізген ақын 2006 жылы шілде айында «Шаңырақта» болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айыппен 18 жылға абақтыға жабылды.
Арон Атабек биліктің «Шаңырақтағы» заңсыз салынды деген үйлерді бұзу кезінде тәртіпсіздікті ұйымдастырып, полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылды. Оның жаза мерзімі 2024 жылы шілде айында аяқталады.
Макс Боқаев
2016 жылы 28 қарашада Атырау соты азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шығарып, 5 жылға бас бостандығынан айырған еді. Олар 2016 жылы 28 сәуірде Қазақстанның Жер кодексіндегі өзгертулерге байланысты қарсылық митингісіне шыққан. Негізінен наразылық акциясы заңды болған әрі сол шеру кезінде Атырау облысының әкімі ешкімді тұтқындамаймыз деп уәде берген. Әйтсе де «заңсыз митингі ұйымдастырды» және «жалған ақпарат таратты» деген айыппен Макс Боқаев пен Талғат Аян тұтқындалды. Олар тағылған айыпты мойындамады. Осы шеруден кейін Елбасы жер кодексіне енгізілген өзгерістерге мораторий жариялады. Бұл азаматтардың ақталып немесе рақымшылық арқылы босап шығатынынан халық әлі де үміттенеді. 2018 жылы Талғат Аянның жазасы жеңілдетілді. Талғат Аянның өтелмеген мерзімі (үш жыл бір ай және 16 күн) бас бостандығы шектелу жазасына ауыстырылып, пробационалдық бақылауда болады.
Егер барлық шенділер парамен тұтылып, айыппұлмен құтылатын болса, жемқорлық қалай жойылады? Ал сайлауға дейін президент Тоқаевтың «жемқорлықты түбімен құртамын» деген уәдесі қайда қалды?! Біздегі соттың биліктегілерге емешегі үзіліп, «қылмысын мойындады» деген желеумен айыппұл ғана салса, жемқорлардың әлі талайын көретініміз анық.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір