• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:25:30
Алматы
+35°

26 Маусым, 2019

Бір кеудеге екі жүрек симайды, адамда қос туған жер болмайды

Қазақ үшін жүрегі сияқты туған жері де жалғыз. «Ел болам десең – бесігіңді түзе», – демекші Отанға деген махаббат ана сүтімен берілетін, ештеңемен айырбастауға келмейтін қастерлі ұғым. Отан алдындағы кіршіксіз махаббат ананың аялы алақаны мен әке қамқорлығымен бойға тарайды.

Қазақ үшін жүрегі сияқты туған жері де жалғыз. «Ел болам десең – бесігіңді түзе», – демекші Отанға деген махаббат ана сүтімен берілетін, ештеңемен айырбастауға келмейтін қастерлі ұғым. Отан алдындағы кіршіксіз махаббат ананың аялы алақаны мен әке қамқорлығымен бойға тарайды.

Менің елім – менің Қазақстаным! Осы құдіретті сөзді әрбір азаматтың асқақ сезіммен, мақтанышпен айтуы, айтып қана қоймай, ол мақтанышын ісімен көрсете білсе, міне, сондай мемлекеттің болашағы жарқын болмақ.

Біз бақытты ұрпақпыз. Себебі, ата-бабаларымыз қанып төгіп, жанын беріп, біз үшін осынау дархан даланы аманатқа тастап кетті.

Қазақ елінің тәуелсіздігі оңай келмеді. Тәуелсіздікке жету жолында қаншама азаматтарымыздың қаны төгілді. Қанша буын ұрпақ осы тәуелсіздікті аңсап, сол күнді көре алмай дүниеден өтті де. Алайда аталарымыз аңсаған сол күннің қазіргі куәгері біздің ұрпақ ел тәуелсіздігінің парқына мән беріп, құнын бағалап жүрміз бе?

Бұл сұраққа жауап іздеу барысында түрлі көңіл көншітпес жауаптарға кез боласыз. Тәуелсіз елдің тәуелсіз тілі болуға тиіс. Десек те, Қазақ елі тәуелсіздігін жариялаған тұстан бері мемлекеттік тіл қазақ тілін тереңнен оқып, кеңінен меңгерудің орнына басқа тілмен шұбарлау үрдісі әлі де жалғасуда. Отанымды сүйемін, туған жерімді құрметтеймін деген әрбір қазақ баласының бесіктегі белі ана тілімен сусындап шығуға тиіс. Өкінішке қарай, қазақ тілінің болашағы жоқ деп баласына шет тілдерін тәй-тәй басқаннан сіңіретін ата-аналардың қатары әлі күнге сиремей тұр. Ана тілін сүймеген ұрпақтың өз топырағын сүюі мүмкін бе?

Өткен тарихтан аттары мәлім батыр бабаларымыз бен екі жүз жылдық жонғар – қазақ тартысында Абылай хан сияқты жандар, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді билер, Қабанбай, Бөгенбай батырлар өз жерін ерлікпен қорғады. Кім үшін, не үшін қорғады? Әрине, келер ұрпақ үшін қазақ даласының әрбір түп жусаны мен тауының әр тасын келешекке бүтін жеткізу үшін сол бабаларымыз жанын берді. Соған қарамастан, қазіргі ұрпақтың өзінің атадан балаға жалғасқан дәстүрінен алыстап, тілінен ажырауы жанды ауыртады. Тұтас Қазақ елін сүю – ең алдымен өз отбасыңды сүюден басталады. Ал өз отбасын сүйген азамат өзі туған топырақты да барынша қастерлейді. Туған топырағының қадіріне жеткен адам тілін, салт-санасын, әдет-ғұрпын көзінің қарашығындай сақтауға күш салады.

Әрине, біз, ұрпақ, халқымыздың ерлік дәстүрін әрі қарай жалғастырамыз, халқымыз өтпелі кезеңнен абыройын өтіп, экономикамыз өрлеу жолына түсті. Менінше, кейінгі біз де із қалдыруға тиістіміз. Ол үшін жастықтың жалынымен, бойдағы күш-қуат, ойдағы ұшқынмен Отан – ананың тірегі болуымыз керек. Елбасымыз айтқандай, ХХІ ғасыр – білім, ғылым, бәсеке ғасыры болмақ. Әр азамат өзін мемлекетінің өткеніне, бүгініне және ертеңіне тікелей қатысын сезініп, Отан тағдыры үшін өзіне жеке жауапкершілік жүктелетінің терең білуі керек деп ойлаймын. Ал осыны жүзеге асыру үшін ең алдымен туған жерге деген сүйіспеншілік болуға тиіс. Ондай сүйіспеншілік пен құрмет жоқ жерде қазақ деген ұлы ұлт болып жер бетінде қалу-қалмауымыз неғайбыл. «Отан! Отан! Бәрінен биік екен.

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем», дегендей, туған елін, жерін, Отанын сүю, қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы, адамдық борышы. Бір адамның екі туған жері болмайтыны сияқты, жалғыз туған жеріміз ғана бар. Сол туған жеріміздің әрбір байлығын бағалап, келер ұрпаққа аманатты адал қалдыру үшін аянбай күресуіміз қажет.

Автор: Мұхит Сарыбай

Бұл мақала Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Туған жер» гранттық жобасы аясында жазылды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір