16 Шілде, 2019 Атырау облысы

Атырау полицейлерін судан құтқаратын жаңа құралдармен жабдықтады

ТЖД судан құтқару қызметкерлері арқан және құтқару белдемшесін дұрыс қолдану ережелерін көрсетті

Атырау полицейлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге арналған шеберлік сыныптарынан тәжірибе жинақтап келеді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің судан құтқару қызметі мен жедел жәрдем
стансасының фельдшерлері суға батқан адамды құтқару кезінде көрсетілетін әрекеттерді назарға ұсынды.

Шеберлік сағаты полиция сержанты Шалқар Ақымғалиевтың судан адам құтқару кезінде қаза болған жері - Жайық жағасында өтті. Әріптестерін үнсіздікпен еске алған отыздан астам патрульдік полиция қызметкерлері Жайық жағасына бет алды. Жедел жәрдем стансасының фельдшерлері зардап шеккен адамның өмірін қалыпқа келтіру және сақтап қалуға бағытталған іс-әрекеттерін көрсетті. Полиция қызметкерлері 2 жасанды дененің көмегімен адамның тыныс алу жүйесін қалыпқа келтіру және жүректің сыртынан массаж жасау қимылдарын үйренді.

Сонымен қатар, ТЖД судан құтқару қызметкерлері арқан және құтқару белдемшесін дұрыс қолдану ережелерін көрсетті. "Жағалауды жаяу патрульдеу кезінде күніне 5 шақырымнан астам жерді жүріп өтемін. Қазір суға шомылу кезеңі басталды, оған қоса "жабайы жағажайдың" көбейіп тұрған кезі. Біз кез келген оқыс оқиға кезінде дайын болуымыз қажет. Бүгін көп нәрсені үйрендім",- деп өз әсерімен бөлісті жаяу патрульдің қызмет инспекторы полиция лейтенанты Айбар Ерсайынов.

Ал, патрульдік полиция инспекторы полиция лейтенанты Айболат Утешқалиевтың судан адам құтқаруда тәжірибесі бар. Былтыр жаз мезгілінде суға батқан жас жеткіншекті аман-есен құтқарып шыққан болатын.
"Олар екеу болатын. Өзенде жүзіп жүргенде аяқтары құрысып қалған болуы керек, көмекке
шақырып айқайлай бастады. Судың ортасына дейін жүзіп барып, көмекке ұмтылдым, алайда тек біреуін ғана құтқара алдым",- деп оқиғаны есіне алды Айболат. Сонымен қатар, патрульдік полицияны қажетті құтқару құралдарымен жабдықтауды күшейту зардап шеккендерді құтқару кезіндегі жұмысты жеңілдетінін атап өтті.

Шеберлік сағатының соңында патрульдік полиция экипаждарына жаңадан 10 судан құтқару
құралдары берілді.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір