• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 03:24:21
Алматы
+35°

Бүгін қазақ тіліне аударылған тағы бір шетелдік фильм көрерменге жол тартты. «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы аясында 31-фильмді – Disney-дің төл өнімі «Король лев»/«Арыстан Патша» фильмін қазақша «сөйледі» деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Фильмнің дубляжын дайындауға BI Group компаниясы демеушілік жасады.

Қарап отырсақ, Қазақстан нарығына жыл сайын 300-ге жуық шетелдік фильм кіреді екен. Алайда соның бәрі қазақ тіліне аударылмайды. Неге? Мұның себебін ілгеріде Мәдениет және спорт министрлігі түрліше тәсілмен білдірген болатын. Сондағы айтатыны – қазақ тіліне сауатты аударма жасауға кететін шығын көлемі көп дегенге саяды. Дубляжға жұмсалған қаржы фильмнің Қазақстандағы көрсетілімінен түскен пайдадан асып түсетін көрінеді. Осындай жағдайлардың бәрі де айналып келгенде өзіміздің қазақ тілінің тынысын тарылтып, одан сайын тежеп жатқаны жасырын емес.
Министрлік осындай түсініктеме беріп, мемлекеттік органдар тіл мәселесінде селсоқтық танытса да, ел азаматтары мен отандық бизнес өкілдері қарап қалмай, қазақ тілін дамытуға, қазақтілді сапалы контент қалыптастыруға таудай үлес қосып келеді. Соның арқасында қазақша «сөйлеген» фильмдер қатары көбейіп, өз көрерменімен қауышуда. Министрлік жолға қоя алмаған дүниені, азаматтар осылай абыраймен атқарып отыр. Істеуге бола ма, әрине болады!
Қазақ тіліне жасалған қамқорлық мұнымен тоқтап қалмайды. «Болашақ» корпоративтік қоры мен BI Group өзара меморандумға қол қойып,  2020 жылы Walt Disney Pictures, Pixar, Sony Pictures секілді алдыңғы қатарлы компаниялардың 7 фильмін қазақшаға аударуды жоспарлап отыр екен. Бұл жайлы «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова «Арыстан патша» фильмінің тұсаукесері кезінде хабарлады. Оның айтуынша, «Өзіңнен баста» жобасы ешқандай да мемлекеттік қолдау көрмеді, керісінше қазақстандық компаниялар мен меценаттардың демеушілігі арқасында жүзеге асып отыр.
– «Болашақ» корпоративтік қорына кинотеатрлардағы қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілу уақытына қатысты көп сын-талаптар айтылады. Осыған байланысты биыл қор кинотеатрлар мен аудиторияларда қазақтілді контенттің тең қолжетімділігіне және басқа да мәселелерге қатысты «Кино туралы» заң жобасына өз ұсыныстарын енгізді. Меніңше, мұндай бағыттағы жұмыстармен Мәдениет және спорт министрлігі айналысып, қолдап, қуаттауы керек еді. Себебі министрлік – қазақ тілі мен мәдениетінің дамуына тікелей атсалысатын ұйым»,– деді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.

Мәдениет және спорт министрлігі бұдан ілгеріде «Кинематография туралы» заңға сәйкес шетелдік фильмдерді титр арқылы аударма жасап көрсетуді жолға қойған еді. Алайда бұл бірден қоғамның сынына ұшырап, қазақ тілін қолдау емес, қорлауға жол ашып берді. Нақты айтсақ, титрдағы қазақша аудармалардағы грамматикалық қатенің өріп жүруі, мағынасының бұрмалануы, көрермендердің ашу-ызасын тудырып, шағымдануға мәжбүр етті. Осындай шағымдар нәтижесінде «Мумбаи отелі: Тайталас» фильмінің прокатқа берілген куәлігін алып қойған болатын.

Ал «Болашақ» корпоративтік қоры мұндай мәселердің шешімін баяғыда-ақ тапқан. Қордың «Өзіңнен баста» жобасы Голливуд фильмдерінің қазақ тіліне дубляждалуын 2011 жылдан бастап атқарып келеді. Бұл әлеуметтік жоба ешқандай коммерциялық мақсатты көздемейді. Жыл соңына дейін «Болашақ» қоры қазанда «Малефисента», қарашада «Холодное сердце 2»/«Мұзды өлке 2» фильмдерін қазақша сөйлетпек.
Ал осы уақытқа дейін «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне 31 Голливуд кинокартинасы аударылды. Олар – «Тачки-2»/«Көліктер 2», «Мстители-2: Эра Альтрона»/«Кек алушылар: Альтрон дəуірі», «Храбрая сердцем»/«Батыл жүрек», «Тайна Коко»/«Коко құпиясы», «Моана», «Малефисента», «Аладдин», «История игрушек-4»/ «Ойыншықтар хикаясы-4» тағы басқалар.
Walt Disney Pictures компаниясының дауыстар базасында отандық 100 актер тіркеуде тұр. Солардың арқасында қазақ тілі түркі тілдес халықтар тілдері ішінде түрік тілінен кейінгі екінші орынға көтерілді.
Міне, қазақ тіліне деген жанашырлық осындай болса керек! Министрлік осыдан кейін ойланса болар...

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір