• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 17:42:58
Алматы
+12°

19 Маусым, 2019 Аймақтар

Ауыл жастарының атқарған ісі ауқымды

Ұлтымыздың келешектегі келбеті мен кемел көкжиегінің бастауы да дәл осы жастар екені сөзсіз.

Елімізде өскелең ұрпақтың ілкімді істерін ілгерілетуге, олардың еңбек етуіне, болашағына байыппен қарап, қажетінше білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұлай болуы да заңдылық. Өйткені, тәуелсіз еліміздің негізгі қуаты ең әуелі талапты жастардың білімімен өлшенеді. Ұлтымыздың келешектегі келбеті мен кемел көкжиегінің бастауы да дәл осы жастар екені сөзсіз. Ал, бүгінгі күні қаладан бөлек, ауылдағы жастардың жай-күйі кім-кімді болмасын алаңдатары анық. Осыған байланысты, бұрнағы жылдары мал шаруашылығымен аты шыққан Мойынқұмдағы жастардың ахуалын біліп көрген едік.

Жалпы, ауданда тұрып жатқан тұрғындар саны 32770 болса, оның 8 мыңға жуығы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар екен. Бұл мойынқұмдық тұрғындардың 23,7 пайызын жастар құрайды деген сөз. Бүгінде жастардың көбі ауылдан қалаға кетуге құмартып тұратыны жасырын емес. Ал, керісінше ауылды жерді өгейсінбей, туған жердің түтінін түзу түтетуді жөн көрген ауыл жастарымен жұмысты жүйелі түрде үйлестіру аудандық Жастар ресурстық орталығына жүктелген. Жастарға жан-жақты жағдай жасалып отырған тұста, елді мекендерге именбей барып, еселі еңбек етуді көздеген жастарға қолдау білдіруде орталықтың еңбегі расымен де зор. Қазіргі таңда орталықтың өзінде 30-ға жуық жас өрен қызмет етеді екен. Оған қоса, әр ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі кеңесші мамандар да жұмыс істеуде. Олар жастардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын қамтамасыз ету, жұмыссыздықпен күрес, түрлі қылмыстардың алдын алу, бұқаралық спорт түрлерімен айналысу мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет мекемелерімен, ішкі істер органдарымен, ауыл әкімдерімен бірлесе жұмыс атқарып келеді. Орталықтың берген мәліметіне сүйенсек, биыл  мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет көздерінен 29 миллион 803 мың теңге бөлінген екен. Өткен жылы осы мақсатта 26 миллион 44 мың теңге қарастырылғанын ескерер болсақ, үстіміздегі жылы ауданда жастар саясатына ерекше ден қойылғанын аңғару қиын емес. Соның нәтижесінде, соңғы 11 айда орталық 5 спорттық, 2 акция, 10 кездесу, 5 қайырымдылық көмек, 6 дөңгелек үстел, 5 сенбілік және 1 рейд өткізген.

Аз ғана жылда аяққа тұрып, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз ауыл тұрмысын тіктеуге білек сыбана кірісті. Өз кезегінде қатарынан үш жылдың Ауыл жылдары болып жариялануы да далалы жердің тынысын кеңейтете түскені анық. Сондай-ақ, осыдан бірнеше жыл бұрын қабылданған «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» бағдарламалары мен «Жастар практикасы» сынды жастарға бағытталған зор мүмкіндіктер ауылды жерлерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуде және жұмыссыздардың санын азайтуда үлкен маңызға ие болғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Сондай-ақ, өткен жылы ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған жастардың саны 55 болса, биыл бұл көрсеткіш 225-ке жетіп отыр. Бұдан бөлек, тұрақты жұмысқа 112 жас орналасқан. Айта кету керек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өткен жылы 25 жас маманға тұрғын үй алу үшін 80 миллион теңге қарастырылған. Бұл үрдіс биылғы жылы да жалғасын тауып отыр. Нәтижесінде, 30 маманға 5 миллионнан аса көтерме жәрдемақы беріліп, 12 маман үй сатып алуы үшін 43 миллион 290 мың теңгеге қол жеткізген. Мойынқұм ауданы өңіріміздегі өндіріс саласы өркендеген аймақтардың бірегейі екені айтпаса да белгілі. Міне, сол себепті де мұндағы жастардың басым бөлігі аудандағы өндіріс ошақтарын күнкөріс көзіне айналдырған. Мысалы, бүгінгі күні Мойынқұм ауданындағы Шығанақ «Барит» зауытында жұмыс істеп жатқан 80, «Алтын Алмас» кен байыту орнындағы 197, Жамбыл цемент пен балық зауытындағы 146 және Хантау цемент зауытындағы 75 жас осы сөзіміздің дәлелі бола алады. Жас өрендердің арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау да орталықтың назарынан тыс қалған емес. Жалпы, мойынқұмдық жастардың спортпен шұғылдануы үшін 100-ден аса спорттық нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Олардың барлығына дерлік кіру тегін және орта мектептердің спорт  залдарына арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен жүйелі түрде шұғылдануына жағдай жасалған. Сонымен қатар, аудандағы 6740 тұрғын бұқаралық спортпен айналысса, оның 60 пайызын жастар құрайды екен.

Ал, Жастар ресурстық орталығындағы жастардың ағымдағы жылдың 11 айында атқарған іс-шаралары да ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, «Алғыс айту» күніне орай, мұндағы қызметкерлер ауыл тұрғындарын тіс дәрігеріне тегін емделуіне мұрындық болып, сауапты іске білек сыбана кіріскен. Бұдан бөлек, «Анаға хат» иммидждік жобасы аясында бейнепоэзия, «Бүгінгі қадам - ертеңгіі өшпейтін із», «Арыңды сақта, бойжеткен!», «Отбасы – өмір аясы» және «Ғасырлармен үндескен асқақ Астана» сынды көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, түрлі жас ерекшеліктері бойынша аудандағы барлық жастарды қамтыған.

Облыс аумағының үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұмда жастардың денін бір орталыққа біріктірген аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ауданның абыройын арттыруға, оны гүлдендіруге өз үлестерін қосып келеді. Жастарды мемлекеттік саясаттың төңірегіне топтастырып отырған бұл орталыққа аудан әкімшілігінен көрсетіліп отырған қамқорлықтың да мол екенін атап өткен жөн. Осының өзі жалынды жастардың еңбегі еленіп, жасаған жұмыстарының еш кетпегенін аңғартса керек-ті.

Шапағат Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір