• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:49:07
Алматы
+35°

12 Маусым, 2019 Аймақтар

Жамбылда жас мамандардың қатары артып келеді

Жастар қалаға үдере көшіп, соның салдарынан бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс – тіршілігіне қазір қан жүре бастады. Кейінгі жылдары жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген тілектері орындалып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы олардың болашағына жол ашты.

Еліміздің ертеңі саналатын жастардың ауыл өмірінде алатын орны ерекше. Сондықтан, алғыр да, парасатты, білімді жастардың ауылдағы қайнаған тіршілікке араласуы құптарлық іс. Жастар қалаға үдере көшіп, соның салдарынан бір кездері тұралап қалған ауылдың тыныс – тіршілігіне қазір қан жүре бастады. Кейінгі жылдары жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мамандардың ауылды түлетсем екен деген тілектері орындалып, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы олардың болашағына жол ашты. Бүгінде аталмыш жоба республикалық деңгейде кең қолдау тауып, еліміздің түкпір-түкпірінде өз жемісін беріп жатқаны қуантады. Бұрынғыдай дип­ломын құшақтап жұмыс іздеуші жастардың қатары да сиреген секілді. Әсіресе, әлеуметтік сала мамандарына сұраныс жоғары. Ең алдымен шалғай елді мекендердегі маман тапшылығын жоюға бағытталған бұл бағдарлама сол сұранысты толық өтеп жатыр деуге әбден болады. Өйткені, ауылды жерде білім беру, денсаулық, мәдениет және спорт мамандықтарына бірінші кезекте жұмыс табылады. Аталған бағдарламаның игілігін көріп, ауылда абыройлы қызмет етіп жүрген осындай жас мамандардың бірі ретінде Мойынқұм ауданының тұрғыны Құралай Айтқұлды айтуымызға болады.

Кейіпкеріміз – аудан іргесіндегі Жамбыл ауылдық округінің тумасы. Осындағы А.Құнанбаев атындағы орта мектепті 2011 жылы тәмамдаған Құралай сол жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түседі. Бала күнгі арманына қанат бітіруді көздеген жерлесіміз аталған білім ордасында 5 жыл бойы «жалпы медицина» мамандағында білім алса, одан кейінгі 2 жылын интернатураға арнап, терапевт дәрігер біліктілігіне қол жеткізеді. Одан кейін жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жолдамамен өзінің туған жеріне келіп, осында жұмысқа орналасады. Осылайша, өткен жылы ғана жоғарғы оқу орнының түлегі атанған жас маман бүгінде білікті дәрігерге айналған. Қазіргі кезде Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының «Жалпы емдеу» бөлімінде терапевт дәрігер болып жұмыс істеуде. Ол аталмыш бағдарламаның жастар үшін әлі де берері мол екенін айтады.

Менің бұл бағдарламаның берері мол екендігіне көзім жетті. Елбасымыз жас мамандарға: «Ауылға елім деп, жерім деп өскелең ұрпақтың білім, тәлім – тәрбие алуына өз үлестеріңді қосуға келіп жатқандарың үлкен ерлік. Енді жас ұрпақты тәрбиелеп, отбасын құрып, осы ауылдың зиялы қауымына айналасыңдар...» - деп айтқан болатын. Осы мақсатпен туған ауылымды түлетуге, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге күш жұмсаудамыз, – дейді Құралай бізбен әңгіме арасында.

Жас маманның айтуынша, ол өткен жылы жолдамамен келгенде ауданнан 165 мың, облыстан 850 мың теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы алғанын айтады. Құралай осында тұрмыс құрғандықтан, баспанаға аса қажеттілік болмаған. Сондықтан, бағдарлама аясындағы үй кезегіне тұрмапты. Ал, аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, Мойынқұм ауданы бойынша үстіміздегі жылдың төрт айында 5 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беріліпті. Ол үшін аудан қазынасынан 18 миллионнан аса құржы жұмсалған. Сонымен қатар, жыл басынан бері 19 маманға бір реттік көтерме жәрдемақы беріліп, бұл мақсатқа 3 миллион 358 мың теңге бөлінген екен. Айта кету керек, биыл өткен жылға қарағанда ауданға атбасын бұрған білім саласындағы мамандар екі есеге өсіпті. Дәлірек айтсақ, былтырғы жылдың алғашқы төрт айында ауданның білім беру саласына 7 маман келген болса, биыл бұл көрсеткіш 15 адамға жетіп отыр. Міне, осылайша облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұмға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келіп жатқан жас мамандар саны жыл өткен сайын артып келеді. Сәйкесінше, олардың әлеуметтік мәселелері де мемлекеттің тиімді қолдауының арқасында оңтайлы шешілуде.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір