• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 14:59:04
Алматы
+35°

17 Маусым, 2019 Аймақтар

Алғыс арқалаған абзал жан

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында тұратын ақ халатты аудандық ауруханада бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 33 жылдан бері аталмыш құмды өлкеде қызмет етіп жүрген ол осы ауданның тумасы екен.

Әрбір адамның өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау кім-кімге де болмасын үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені дәрігерлер адамның жан-дүниесін өте терең білумен қатар, адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы шарт. Олай дейтініміз, ақ халатты жандардың алдына күн сайын балтыры сыздап, басы ауырған қаншама жан келеді. Сондықтан да қажырлы жұмыс иелері - ақ халаттылар халықтың алғысын арқалаған жандар. Әсіресе, шалғай елді мекендерде тұратын ауылдықтар дәрігердің көмегіне зәру келетіні белгілі ғой. Міне, осындайда бар білімі мен білігін кәдеге жаратып, елдің ықыласына бөленіп жүретін ерекше мамандар болады. Солардың бірі – Боранкүл Абишева.

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Мойынқұм ауданында тұратын ақ халатты аудандық ауруханада бас дәрігердің әдістемелік-ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 33 жылдан бері аталмыш құмды өлкеде қызмет етіп жүрген ол осы ауданның тумасы екен. 1977 жылы осындағы Жамбыл атындағы мектепті бітіргеннен кейін Семей мемлекеттік медициналық институтында педиатрия мамандығы бойынша білім алып, оны үздік бағамен тәмамдаған. Кейіннен Жамбыл облысындағы балалар ауруханасында интернатурадан өтіп, 1986 жылы туған жеріне келіп педиатр ретінде жұмысқа орналасады. Жалпы, медицина саласы – жауапкершілігі мол, әрі өте күрделі сала екені белгілі. Керек десеңіз, бұл жолда еңбек ету үшін бірнеше жыл оқудың өзі аздық етеді. Аталмыш саланы толыққанды игеру үшін ұзақ жылдар бойы үздіксіз тәжірибе жинап, мамандық бойынша білімі мен біліктілігін толықтырып отырудың қажет екені айтпаса да түсінікті. Осыны жете түсінген Боранкүл Сәмекқызы 1993 жылы Алматы қаласына барып тері және венерология аурулары бойынша үш айлық оқуды бітіріп, білімін жетілдіріп келген. Осылайша, бірнеше жылда медицина саласының қыр-сырына әбден қаныққан абзал жан 2002 жылы аудандағы клиникалық-диагностикалық емхананың меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Араға төрт жыл салып дәл осы емхананың бас дәрігері қызметіне дейін көтеріледі.

Әрине, медицина үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Мұнда сәл де болса босаңсып, салғырттыққа жол беруге мүлде болмайды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін саған сенім білдіріп келеді. Өзіңе сондай жауапкершілік артқан соң барынша тиянақты болуға тырысасың. Негізінен, бала кезімнен-ақ осы салаға аңсарым ауып, дәрігер болуды армандайтынмын. Алла сәтін салып, мектеп бітіре салысымен арманына қол жеткіздім. Өзімнің туған ағам да осы салада қызмет жұмыс істейді. Бүгінде екі қызымнан төрт немере сүйіп отырмын. Ауданымыздағы ауруханаға қарасты 49 дәрігер мен 238 орта буынды медициналық қызметкерлер жұмыс істейді. Бүгінде елудің еңсеріп, алпысқа аяқ басқалы тұрсам да қолымнан келгенше осындай жас мамандарға жол сілтеп, тәжірибеммен бөлісіп келемін, - дейді Боранкүл Сәмекқызы.

Өз мамандығын мақтаныш емес, үлкен жауапкершілік деп сезінетін дәрігер қашанда қарапайымдылығынан танған емес. Ол өзінің еңбекқорлығы мен білімінің арқасында медицина саласының сан сатысынан өтіп, бүгінде тәжірибесі толысқан ақ халаттылардың қатарында жүр. Мәселен, осыдан 33 жыл бұрын ауданға педиатр болып келген жас маман 2006-2011 жылдары аудандық емханада бас дәрігер, 2011-2018 жылдары аудандық ауруханада бас дәрігердің медициналық көмектің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып істеген. Осы жылдар аралығында түрлі марапаттарға да ие болғанын айта кету керек. Дәлірек айтсақ, азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі мен мінсіз адал еңбегі үшін денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен наградталған.

Рас, аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Осындайда, қыл үстіндегі адам тағдырын арашалаушы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Сондықтан да, осынау абзал мамандық иесі алтын қолды дәрігерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қарияға дейін айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ. Ендеше, қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті, кейде екінші өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерімізді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір