• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 05:11:56
Алматы
+35°

Бүгінгі күні шүкір, ізденген адамға кез келген істің көзін табуға мүмкіндік бар. Тек, талабы болсын деңіз. Жыл өткен сайын Шу ауданында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын үнемі айтып келеміз. Аудан кәсіпкерлері тек бір салада ғана емес, кәсіпкерліктің түрлі бағытында да өздерін жақсы қырынан танытып жүр. Олардың арасында бұрын қазаққа таңсықтау көрінетін кәсіппен айналысып, тұрмысын түзетіп жатқандар да аз емес. Соның бірі – Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны Карина Кашаева десек қателеспейміз. Бүгінгі кейіпкеріміз міне кезінде қазақ қоректік қуаты бар асқа санамаған саңырауқұлақты өсіріп, содан отбасының нәпақасын айырып отыр.

Расын айту керек, өңір тұрғындары саңырауқұлақты көктем мезгілінде  таулы және құмды аймақтардан теріп алып пайдаға жарататынын көріп те, біліп те жүрміз. Алайда, арнайы жылыжай салып, өз қолымен бақшасында саңырауқұлақ өсіріп, оны жыл он екі ай нарыққа шығаратын аудандағы кәсіпкерді біз бұған дейін естімегенбіз. Бұл ақпарды ести салысымен, тәуекелшіл кәсіпкердің өзімен тілдесуді жөн көрдік. Білгеніміздей, Карина Нұрғазықызы небәрі 25 жаста екен. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Астана қаласында түрлі мекемелерде жұмыс істеген көрінеді. Дей тұрғанмен, алып қаладағы мардымсыз жалақыға көңілі толмағандықтан, туған өлкесіне келіп, өз кәсібін ашуды құп көрген.

Бұл кәсіпті қолға алғаныма екі айға жуықтады. Әуелгіде, жылыжай құрылысы мен саңыруқұлақ түптерін Алматы қаласынан жеткізуге екі жұмадай уақыт кетті. «Вешенка» деп аталатын саңырауқұлақтың бұл сұрпы  қолда өсіруге арналған. Қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде осы сұрыпты өсіруді қолға алған кәсіпкерлердің қатары артып келеді. Міне, біз де тәуекелге бел буып, соңғы екі аптадан бері саңырауқұлақтан өнім алып отырмыз. Бұл жылыжай 1000 түп саңырауқұлақ өсіруге шақталған. Алайда, аталмыш кәсіппен алғаш рет айналысып отырғандықтан, 500 түпті өсіріп көрейін деп шештім. Әзірге нәтижесі жаман емес. Күніне 20-30 келі саңырауқұлақ алып отырмыз. Негізінен, әр түптен 600-800 грамм аралығында өнім алуға болады. Саңырауқұлақ өте мұқият күтімді қажет етеді. Ауа-райына байланысты жылыжайдың температурасын күні бойы бақылауда ұстау керек. Қазір күндіз-түні ұйықтамай, әпкемнің қолғабыс беруінің арқасында екеуміз осы іспен айналысудамыз, - дейді жас кәсіпкер.

Байқауымызша, бұл өзі ұңғыл-шұңғылы көп шаруа екен. Саңырауқұлақ жылуды жақсы көреді, бөлмедегі болмашы ауа өзгерісі де оған қатты әсер етеді. Кездейсоқ бактериядан да қырылып қалуы мүмкін. Көп адамның саңырауқұлақ өсіруден бойын аулақ салатыны да сондықтан болса керек. Кәсіпкердің айтуынша, «Вешенка» саңырауқұлағы керемет дәмімен қоса, қоректік қуатымен де ерекшеленетін көрінеді. Оның адам ағзасындағы ісік жасушаларымен күресетін емдік қасиеті де бар екенін айтады білетіндер. Тың кәсіптің қыр-сырын ұғынып, одан мол өнім алуды көздеген жас кәсіпкердің өнегесі өзі сынды жастарға да қозғау салары сөзсіз. «Әзірге, көп адамдар ауданымызда саңырауқұлақ өсетінінен бейхабар. Біз қазір осы олқылықтың орнын толтырып, өнімдерімізді мейрамханалар мен базарға өткізудеміз. Бүгінгі күні тапсырыс көлемі күн өткен сайын артып келеді» дейді ол сөз арасында. Болашақта өнім көлемін арттыруды да көздеп отыр. Кәсібінің көзін тауып, табыстың дәмін татқан Каринаның болашаққа бағытталған жоба-жоспары да аз емес. Ол «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына құжаттарын өткізіп қойған. Ағымдағы айдан бастап кәсіпкерлік білімін шыңдауды құп көрген Карина «Бастау бизнес» жобасына қатысып, кәсібін кеңейту үшін несие алуды көздеп отыр. Оның айтуынша, жобасы мемлекет тарапынан қолдау тауып, несие беріліп жатса, саңырауқұлақтан бөлек, құлпынай мен қызанақ өсіруді де қолға алмақшы ниетте екен.

«Тәуекел тау жығар» демекші, Карина да кәсіпкерлікке енді ғана аяқ басқанымен, көпке беймәлім өнімді өсіруді қолға алып, үлкен тәуекелге бел буып отыр. Қолға алып қана қоймай, әрі одан қомақты қаржы табуда. Қазақ мұндайда «Талап - пендеден, қолдау - Тәңірден» дейді. Өңіріміздегі әрбір жас жұмыс жоқ деп қол қусырып отырмай, өз кәсібін ашуға талпынып, осылайша іспен айналысып жатса, аудандардағы кәсіпкерліктің көкжиегі күн санап арта түсер ме еді, кім білсін?!

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір