• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:52:56
Алматы
+35°

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымының ерекше маңыздылығын атап өтті. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі» — деді Елбасы.

Жамбыл облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне 35 тарихи-мәдени нысан енді. Оның 8-і жалпы ұлттық, ал 27-і өңірлік деңгейдегі тарихи мұралар.

Жалпы биылғы жылы Сарысу ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында 35 іс-шара өтіп, 12000 адам қамтылды.

Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш. Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрcұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы аясында рухани, ізгі істер қатары артып келеді. Осы бағдарламалық мақала аясында, ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейді. Осы бағдарлама аясында қазіргі қоғамда көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиеленуі тиіс. 
Ол үшін әрқашан ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн. Аймағымыздағы келер ұрпақтың алдындағы ардың ісін арқалап жүрген зиялы қауым Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ықыласпен түйсіне оқығаны анық. 
Олай дейтініміз, мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. 
Осыған орай, Сарысу ауданында осы кунге дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар баршылық.
Атап айтқанда: 2019 жылдың 15 қаңтарында аудан әкімдігімен «Рухани жаңғыру» жылдық іс-шаралар жоспары бекітілді. Дегенмен, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызының тапсырмасы бойынша, жоспар қайта қаралып, өзгерістер енгізулермен толықтырылды. Аудан әкімдігінің қарауымен аудандық деңгейде қайта бекітілді.

Сонымен қатар, облыста жоспарға енгізілмеген іс-шараларда тұрақты өткізілуде.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнай жобаларына тоқтала кетсек.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында Сарысу ауданында 23 іс-шара өткізіліп, 11510 қамтылып, қатыстырылды. 
«Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында ауданда 1 іс-шара өткізіліп, 300 адам қамтылды.
«Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу» арнайы жобасы аясында Сарысу ауданында 10 іс-шара ұйымдастырылып, 100 адам қамтылды. 
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында аудандық кітапханалар жүйесі арқылы 15 іс-шара өткізілді. 
«Ауыл ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауданымызда жұмыстар жүргізілуде. Оның бір дәлелі Жаңаталап ауылындағы жалпы құны 40 млн. теңге болатын «Сарысу ауданынының Құрметті азаматтары» аллеясы.
«Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша ауданымыздан шыққан демеушілері мен меценаттары қаражаты есебінен 4 жоба іске асырылды.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасы аясында, облысымыздың «100 жаңа есім» жобасына кірген азаматтарымызбен кездесу жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

     «Қазақстанның сакралдық географиясы» арнайы жобасы аясында бүгінгі таңға дейін 7 іс-шара өткізіліп, 300 адам қамтылды.

Осы ретте өлкеміздің кешегі өрлігін де, ерлігін де, кісілік келбеті мен кемел тұлғасын да толымды қалпында танып-білуге апарар әділет жолы – тарихи-мәдени мұраларда жатыр дер едік. Қазақ даласында көне дәуірлердің көзіндей 25-мыңнан аса тарихи жәдігерлер бар. Жерұйығымыздың асты-үстін мекендеген осынау Ұлы мұраны парақтай отырып, алып құрлықтың төрінде түмен жылдар ғұмыр кешкен кешегі ата-бабаларымыздың өткен өмір, кешкен ғұмырын, алған асуы мен шыққан биігін зерделеп – зерттеп тәлімін ұрпаққа ұғындырып, алымын әлемдік ареналарға шығаруға да болады.

Біз өткен дәуірлерде мыңдаған жылдар бойы жинаған барлық мәдени-тарихи қазыналарды тереңнен білуге, зерделеп-зерттеуге ұмтылған заманда өмір сүріп жатырмыз. Еліміздің егемендік алуымен өткенді пайымдауға кең жол ашылды. Айналасына қарасаң көз талатын Ұлы даламыздың қай бөлігін алып қарамаңыз, топырағын түртсең бетіне ақ қаймақтай тарихы шығып жатады. Біздің тарихымыз тасқа басылған деген осы.

       Сол айтулы тарихтың тарамдалған тармағының бірінде, қасиетті, киелі – Сарысу топырағы жатыр.

 Елдің батысына қарай орналасқан шөлейтті өлке тарихы аңыз бен әфсаналардан да кенде емес. Атағы әлемге әйгілі бұл өлкенің тау-тасы, сырға толы тарихы, кең-жазира даласымен де мәшһұр аймақ. Өлкенің кейбір тұстарынан көшпенділіктің көріністерінде анық көруге болады.

Сырлы Сарысу жерінде төл тарихымызға енген ескерткіштер баршылық. Оларды жалпы алғандағы бізге белгілісі 62 түрлі дәрежедегі тарихи-мәдени мұра бар. Ал, бөліп таратсақ, 32-і қала құрылысы және сәулет өнері ескерткіші, 24-і археологиялық, басты 6-тарихи ескерткіш орын тепкен. Археология ескерткіштері негізінен Қаратау тауының жотасы мен Шу өңірін бойлай орналасқан.

 Аудан аумағындағы Шабақты өзенінің оң жағалауындағы Саудакент ауылында, ортағасырлық Х ғасырға жататын Саудакент қалашығының орны жақсы сақталған. Аталған қалашық одан әрі зерттеудің кезегін күтіп жатыр. Және осы ауылдағы Республикалық маңызы бар ХХ ғасырға жататын Шоқай Датқа кесенесі мен ауыл ортасынан орын тепкен, 2001 жылы тұрғызылған Шоқай Датқа ескерткіші бар. Сонымен қатар Үшбас, Ақтөбе, Арыстанды, Досбол елді мекендерінде бекіністік қамал, Ақтоғай, Түркістан, Қызылдиқан ауылдары маңында «Тас келіншек», тастағы жазулар жақсы сақталған. Осы мұралар қатарында 1993 жылы Ықылас Дүкенұлына қобыз бейнесі сомдалған монумент тұрғызылды. Онда әр кез, ылғи қобыз сарыны, яғни үні шығып тұрады. Тіпті Ұлы қобызшының сүйегіне осы өңірден топырақ бұйырған. Бұл Сарысу өлкесі жәй ғана мекен еместігін осыдан аңғаруға болады.
Қайнап жатқан тарихтың тағы бір бөлшегі-Шоқай Датқа кесенесі десек, аталы айтылған, сараң сөзге сүрең қоспаған болар едік. Шу мен Сарысудың бойын жағалай қоныстанған өлке тұрғындарына бек-болыс-датқалығы бір төбе болған тұлға келбетін қалай сомдасақта жарасымды. Заманындағы қиян-керіс ерліктері мен жасаған жұмыстарын жалпы жұрт жақсы түсініп, бағалағандықтан ежелгі қала Саудакент төрінен орын бергендігі болар. Сол қала ортасынан еңселі, көрікті мазар салып, басына шырақшы қойғанда – қара халық.

Осы өңірдегі айтулы аты аңызға айналған тағы бір әулиелі жер-Қамыр Әулие мазары. Бүгінде Қамыр Әулие жөнінде сол аймақ тұрғындарынан басқалардың білмегенін қалай көресіз?

Аудан орталығынан оңтүстік-батыс бағытында киелі де қазыналы Қаратауды теріскей мен күнгейге екі бөліп жатқан қырат белінде Көкжон деген өңір бар. Ол жайлы талай жазушылар мен ақындар қалам тербеген, сыр тартқан, жырларына қосқан. Қысы қатал, жазы жанға жайлы осы мекенде талай тарихтың куәгері болған, әлі сыры ашылмаған тарихи көне орындар баршылық. Алысқа бармай-ақ, тек Үшбас деген ауылдың төңірегіндегі ежелден келе жатқан Қорғантөбе, Ақжар, Бастөбенің басындағы Қарауылтөбе іргетасы, Қамыр әулие неге тұрады? Бар сырын ішіне бүгіп, өз зерттеушісін күтіп жатқан сол көне тарихи орындар ту сонау Х-ХІІ ғасырларда болған жаугершілік заманда пайда болған қорған-қамалдар дейді айтушылар.

Үшбас ауылының шығыс жағында 7 шақырымдық құз далада өзен жағасында ту сонау ерте замандардан келе жатқан ескі бейіттер бар. Сол бейіттердің ортасында қыш кірпіштен қаланған төрт құлақты Қамыр әулие кесенесі тұр. Бұл кесене ІІІ ғасырдың туындысы екен. Айтушыларға сенсек, кесене уақыт келе табиғат әсерінен екі рет бұзылып, қабырғалары қайта қаланыпты.

Жоғарыда жазған мекендер тарихы елдің, жердің мақтанышына айналды, бай тарихымыздың көкжиегін одан әрі кеңейте түсті. Қазақтың кең даласының тарихы, көненің көзі, ашылмаған парақтары, жазылмаған сыры болды. Бұлардың барлығының өлкеміздің тарихына қосар үлесі мол болмақ.

Нұрсұлтан Совет

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір