• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
20 Тамыз, 08:53:28
Abyroikz ұлттық киімдер дүкендері желісінің басшысы: Сапалы адамнан ғана сапалы өнім шығады

10 Маусым, 2019 Аймақтар

Ұлы даланың қасиетті мұралары

Уақыт пен кеңістіктің кемел болмыстарының бірі де, бірегейі де – пенденің қолымен емес, уақыт керуенінің жолымен өрнектелген, келер ұрпақтың болжамы емес тұтас зерденің пайымы мен шегенделген тарихнама беттері болса керек.Осы ретте жазба тарихы кемдеу өлкеміздің кешегі өрлігін де, ерлігін де, кісілік келбеті мен кемел тұлғасын да толымды қалпында танып-білуге апарар әділет жолы – тарихи-мәдени мұраларда жатыр дер едік. Қазақ даласында көне дәуірлердің көзіндей 25-мыңнан аса тарихи жәдігерлер бар.

«Өткенсіз келешек жоқ» дейді халық даналығы. Кез-келген жаңалық өткеннің өзегінде дамып, келешек ұрпаққа жалғасын табары заңдылық. Әрбір атқан таң мен күн тарих бетінде таңбаланып, келешек ұрпақтың еншісіне тиері анық. Ендеше, тәуелсіздік алған жылдардағы төл тарихымызды тереңнен тартып түгендеу, тарихи ақтаңдақтарды ақтап алу, олардың есімдерін жаңғырту халқымыздың тарихи сана сезіміне ерекше серпіліс, дүмпу берсе, жаңа мыңжылдықтардың басындағы Елбасы бастамасымен жүзеге асқан жас мемлекетіміздің елдігін күллі әлемге танытқан «Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық тарихымызды жинақтап, өткенімізді сараптауға мүмкіндік бергені белгілі.

Ал, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты сараптамалық мақаласы «Рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы, бір бөлігі іспетті. Ұлт рухын көтеретін, халқымызды тың ойларға жетелейтін, еліміздің тарихи дәрежесін, тарихи мәдениетінің дәрежесін бүкіл әлемге паш ететін бұл мақала аты айтып тұрғандай Ұлы даланың жеті қырын айқындап, алдағы уақытқа бағыт-бағдар береді.

Елбасымыздың өткен жылғы байламы жоғары «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрген күннен бастап, Жамбыл облысы Сарысу ауданы ұрпаққа берері мол бастаманы қолға алып жұмыс жасауда.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында тарихи танымдық шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Жалпы, аудан аумағында 112 археологиялық, тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындар бар. Оның 37-і археологиялық, 2-і сәулеттік (Шоқай Датқа,  Бибатыржарма кесенелері), 2-і монмунет («Данқ» монументі,  ҰОС құрбандарына арналған «Ер есімі ел-есінде» монументі), 6 тарихи-мәдени ескерткіш (Жерлес жауынгерлер ескерткіші, Ықылас Дүкенұлы мемориалы,  Жерлес жауынгерлер ескерткіші, Байқадам Қашқынбаев зираты, Шоқай Датқа ескерткіші, Ықылас Дүкенұлы зираты) және 75 тізімге алынған археологиялық тарихи орындар болып табылады.

Осы бағытта 3 тарихи-мәдени орындарға («Шоқай Датқа» кесенесі, «Ықылас Дүкенұлы» мемориалдық кешені,  «Саудакент» қалашығына) мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ақпараттық сілтеме бағыттауыштар орнатылған.

 

Сондай ақ, облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» тарапынан ортағасырлық «Саудакент ІХ-ХҮ ғғ.» қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде анықталған археологиялық нысандардың алдағы уақытта сақталуын қамтамасыз ету, музейлендіру мақсатында төбесі жабылды.

Шоқай Датқа кесенесінің ішкі жұмыстары сыланды, әктелінді. Кесененің сыртқы төсеніш тастары қайта қалпына келтірілді.

 Біздің тарихымыз тасқа басылған деген осы. «Көк түрік баласы бөлініске кеткенде - қара шаңыраққа қазақ ие болып қалған дейді» - даналар. Қадау-қадау тарихты айтпас бұрын осы айтылған сөзді, тасқа басқан таңбалы тастай санада ұстау міндет. Бұл біздің тегіміздің кім екендігін білдіретін ұғым. Сол айтулы тарихтың тарамдалған тармағының бірінде, қасиетті, киелі – Сарысу топырағы жатыр.

Елдің батысына қарай орналасқан шөлейтті өлке тарихы аңыз бен әфсаналардан да кенде емес. Атағы әлемге әйгілі бұл өлкенің тау-тасы, сырға толы тарихы, кең-жазира даласымен де мәшһұр аймақ. Өлкенің кейбір тұстарынан көшпенділіктің көріністерінде анық көруге болады. Отырықшылық, егіншілік, жазу-сызу, тарихи мекендер мен де белгілі. Тарихи мекеннің барлығы, жоғарыда айтқан сан түрлі оқиғалардан құралғандығы шындық. Олай болса, ненің болса да ықпалына бірдеңенің септігі тиетінін бүгінгі күннен көріп отырмыз. Тарихи мекен дегенде ойымызға бірден, бір-бірінен кем түспейтін түрлі деңгейдегі кесенелер, қорғандар, обалар, қорымдар т.б. келіп тұрады.

Сырлы Сарысу жерінде төл тарихымызға енген ескерткіштер баршылық. Оларды жалпы алғандағы бізге белгілісі 62 түрлі дәрежедегі тарихи-мәдени мұра бар. Ал, бөліп таратсақ, 32-і қала құрылысы және сәулет өнері ескерткіші, 24-і археологиялық, басты 6-тарихи ескерткіш орын тепкен. Археология ескерткіштері негізінен Қаратау тауының жотасы мен Шу өңірін бойлай орналасқан. Көпшілігін біздің эрамызға дейінгі І-ІІІ ғ.ғ. қорғандар мен бейіттер құрайды. Бұлардың бүгінде зерттеп-зерделенгені, ғылымда бары, елдің білетіні мыналар десек артық-кем айтқандық болмас. Аудан аумағындағы Шабақты өзенінің оң жағалауындағы Саудакент ауылында, ортағасырлық Х ғасырға жататын Саудакент қалашығының орны жақсы сақталған. Аталған қалашық одан әрі зерттеудің кезегін күтіп жатыр. Және осы ауылдағы Республикалық маңызы бар ХХ ғасырға жататын Шоқай Датқа кесенесі мен ауыл ортасынан орын тепкен, 2001 жылы тұрғызылған Шоқай Датқа ескерткіші бар. Сонымен қатар Үшбас, Ақтөбе, Арыстанды, Досбол елді мекендерінде бекіністік қамал, Ақтоғай, Түркістан, Қызылдиқан ауылдары маңында «Тас келіншек», тастағы жазулар жақсы сақталған. Осы мұралар қатарында 1993 жылы Ықылас Дүкенұлына қобыз бейнесі сомдалған монумент тұрғызылды. Онда әр кез, ылғи қобыз сарыны, яғни үні шығып тұрады. Иә, Ықыласты елге таныстырудың өзі артық әрине. Тіпті Ұлы қобызшының сүйегіне осы өңірден топырақ бұйырған. Бұл Сарысу өлкесі жәй ғана мекен еместігін осыдан аңғаруға болады.  Қайнап жатқан тарихтың тағы бір бөлшегі-Шоқай Датқа кесенесі десек, аталы айтылған, сараң сөзге сүрең қоспаған болар едік. Шу мен Сарысудың бойын жағалай қоныстанған өлке тұрғындарына бек-болыс-датқалығы бір төбе болған тұлға келбетін қалай сомдасақта жарасымды. Заманындағы қиян-керіс ерліктері мен жасаған жұмыстарын жалпы жұрт жақсы түсініп, бағалағандықтан ежелгі қала Саудакент төрінен орын бергендігі болар. Сол қала ортасынан еңселі, көрікті мазар салып, басына шырақшы қойғанда – қара халық.Оны бүгінгі көнекөз қариялар жақсы білсе керек.

        Иә, Елбасы қуаттап негізін салған Мемлекеттік-Ұлттық-Стратегиялық «Мәдени мұра» Бағдарламасының жемісін-осы Сарысу жеріндегі тарихи-мұраларда игілігін көрді.

Тарихи мұралар қайта жаңғырып қойған жоқ, елге игілігіне қайта келді. Бір кездері күмбездері бұзылып, түрлі қоғамда әр түрлі орындарға айналған кесене, әл де бір рухтың арқасында ұрпағымен қайта қауышты. Жаңарып-жанданып келді. Аталған кесене 1982 жылдан бері мемлекеттің қорғауында. Ал, кесененің ішкі-сыртқы бөліктері туралы ол бөлек тақырып. Ал, «Мәдени мұра» Бағдарламасының шапағатымен қарқынды жүргізіліп келген осынау үлкен шаруаның басты нәтижесі – ұлттық тарихнамаларымызға жаңа беттің қосылуы деп бағалаймыз.

Осы өңірдегі айтулы аты аңызға айналған тағы бір әулиелі жер-Қамыр Әулие мазары.

Аудан орталығынан оңтүстік-батыс бағытында киелі де қазыналы Қаратауды теріскей мен күнгейге екі бөліп жатқан қырат белінде Көкжон деген өңір бар. Ол жайлы талай жазушылар мен ақындар қалам тербеген, сыр тартқан, жырларына қосқан. Қысы қатал, жазы жанға жайлы осы мекенде талай тарихтың куәгері болған, әлі сыры ашылмаған тарихи көне орындар баршылық. Алысқа бармай-ақ, тек Үшбас деген ауылдың төңірегіндегі ежелден келе жатқан Қорғантөбе, Ақжар, Бастөбенің басындағы Қарауылтөбе іргетасы, Қамыр әулие неге тұрады? Бар сырын ішіне бүгіп, өз зерттеушісін күтіп жатқан сол көне тарихи орындар ту сонау Х-ХІІ ғасырларда болған жаугершілік заманда пайда болған қорған-қамалдар дейді айтушылар. ..

Үшбас ауылының шығыс жағында 7 шақырымдық құз далада өзен жағасында ту сонау ерте замандардан келе жатқан ескі бейіттер бар. Сол бейіттердің ортасында қыш кірпіштен қаланған төрт құлақты Қамыр әулие кесенесі тұр. Бұл кесене ІІІ ғасырдың туындысы екен.

Расында біздің Жамбыл облысы ежелгі тарихи мұраларға бай өлке. Ежелгі қалалар жер астынан аршылып, қазылып, қазақ халқы мекендеген Ұлы дала туралы, оның тарихы мен мәдениеті жайлы көп мәліметтерді әлемге беруде. Біз бүгінде тарих қойнауына сүңги келе, шындыққа жақындай түсудеміз, адамзаттын дамуының сырын ашамыз.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру және Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толған мерейтой аясында былтыр көненің көзі дәулескер  күйші  Мәді Шәутіұлына және ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштердің ашылуы да  болашақ ұрпақ үшін тағылымды бастама.

Жоғарыда жазған мекендер тарихы елдің, жердің мақтанышына айналды, бай тарихымыздың көкжиегін одан әрі кеңейте түсті. Қазақтың кең даласының тарихы, көненің көзі, ашылмаған парақтары, жазылмаған сыры болды. Бұлардың барлығының өлкеміздің тарихына қосар үлесі мол болмақ.                   

Қазақта: «Бағалай білгенге бақ қонады, қуана білгенге құт қонады» - деген жақсы сөз бар. Ұлы дала тарихын ұрпақ санасына сіңіру арқылы ұлттық сана мен ұлтжандылықты Қазақстан халқының бойына дарыта береміз. Осы бағытта Елбасы көрсетіп отырған биік мақсаттарға жету үшін алдағы күндерге үлкен жоспарлар белгіленіп, жұмыстар жүргізілетін болады.

Дариха Үмбетиярова

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір