• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 17:47:19
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

23 Маусым, 2019 Аймақтар

Жамбылдық тігіншінің ісі оңға басып тұр

Жамбыл облысы Шу ауданында  кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындар жетіп артылады. Кейінгі жылдары бұл салаға бет бұрғандардың арасында нәзік жандылардың үлесі артып келеді десек артық айтпағанымыз. Солардың бірі – Шу ауданының тұрғыны Маржан Байманасова. Оның кәсіпкерлік саласында жүргеніне биыл 10 жыл толып отыр.

Фабрикада қарапайым тігінші болған Байманасова кәсіп иесі болуды кішкентайынан арман еткен.  Бүгінде Шу қаласында тігін шеберханасын ашып, 10-нан аса адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкердің ісі оңға басып тұр.

«Бала кезімнен ұлттық нақыштағы киімдерді тігуге құмартып өстім. Тігіншілік қасиет анамнан дарыған. Ол кісіге әкесінен бұйырыпты. Нағашы атам көзі тірісінде өз қыздарына той көйлектерін тігіп, құтты орындарына қондырған екен. Бала кезімде алғаш киім тіге бастағанымды көрген анам: «Осы қыз тігінші болады-ау» деп маған сүйсіне қарайды екен. Өсе келе, осы тігін саласының қыр-сырына қанық болу үшін 1989 жылы Тараз қаласындағы «Сұлу»фабрикасында тігінші болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтай бастадым. Кейіннен, тәуекелге бел буып, азды-көпті тігін машиналарын алып, аз ғана адаммен өз кәсібімді бастап кеттім», - дейді кәсіпкер.

Облыс орталығы Тараз қаласыда туған М.Байманасова Тараздағы кәсіптік техникалық колледжді тігінші мамандығы бойынша бітірген. Өмірлік жарын Шу өңірінен жолықтырып, отау құрғаннан кейін де тігіншілікті тастамаған. Аудандағы ательелерде жұмыс істейтін тігіншілермен бірге мейрамхана, мектеп және тағы басқаларының перделерін әсемдеп, сәнді етіп тігумен айналысады. 2008 жылы өз кәсібін қолға алған Маржан «Байманасова» жеке кәсіпкерлігін ашады. Алғашында шағын ғана бөлмелерді жалға алып, киім тігу, қысқарту, өңдеу сынды жұмыстарды атқарған. Кейін ұлттық үлгідегі киімдері арнайы тапсырыспен тіге бастаған. Бұл кәсіпті жаңадан бастағанда немістің «Zinger» тігін машинасымен жұмыс істесе, қазір Байманасованың шеберханасы күрделі жұмыстарды оңай атқара алатын арнайы тігін машиналарымен жабдықталған. Қазір Маржан Байманасованың тұрақты табыс көзі – қазақтың тойлары.

Байманасованың айтуынша, алға қойған жоспары мен мақсатары ауқымды. «Арманым үлкен тігін фабрикасын ашу», - дейді ол. Аудандағы кәсіпкерлер палатасынан несие алуға мүмкіндік туып жатса, өндіріс көлемін бірнеше есеге көбейтіп, қол астындағы жұмысшы санын арттыруды да көздеп отыр.

Шапағат Қонысбай

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір