• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 01:59:04
Алматы
+35°

Жамбыл облысы Шу ауданында тағы бір үшем дүниеге келді. Бұндай жағдай аталған ауданда алғаш рет болып тұрған жоқ. Мәселен өткен жылы ғана Шу ауданында үшемдердің дүниеге келгенін көптеген БАҚ сүйіншілеп жазған. Енді міне, дәл осындай қуаныш биыл да қайталанып отыр. Нақтырақ айтсақ, аудан орталығынан шалғай орналасқан Далақайнар ауылдық округінің тұрғыны Антонина Антипова шекесі торсықтай үш ұлды дүниеге әкелді. Ерлі-зайыптылар ұлдарына Андрей, Данил және Артем деп есім берген.

Үшемдердің анасының айтуынша, ол «үш бірдей ұлды дүниеге алып келетінін алдын ала біліпті».

«Жүктіліктің соңғы айларында ауруханадағы дәрігерлер үшем болатынын айтқан еді. Әуелгіде таңырқап қалғанымыз да рас. «Қанша малы болса да, бай қуанар егізге» дегендей, бұның бізге берілген үлкен сый екенін аңғардық. Босанатын уақыт жақындағанда ауданымыздың ақ халаттылары Тараз қаласындағы перинаталдық орталыққа жедел-жәрдем көлігімен жедел жөнелтті. Шүкір, нәрестелер аман-есен өмірге келді. Андрей 2 келі 300 грамм, Данил 1 келі 900 грамм, ал Артем 2 келі 300 грамм боп туылды. Қазір үшеуінің де денсаулығы жақсы», - дейді Антонина.

Осылайша, күні кеше ғана төрт бірдей қызды тәрбиелеп отырған Антонина бір-ақ күнде алтын алқа иегері атанып шыға келді. Өзі орыс ұлтынан болғанымен, жолдасы Андрей Томпа венгр ұлтының өкілі. Дегенмен, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Далақайнар ауылында тұратын отбасы жергілікті тұрғындармен туған-туысындай араласып кеткен.

 «Ата-анам осы ауылда тұрып, осы жерде өмірден озды. Мен де осында дүниеге келдім. Қазақ ұлтының бауырмалдығына әлі күнге таңғаламын. Бүгін де қолдарынан келгенше қауым болып көмек қолын созуда. Ауылдастарыма алғыстан басқа айтарым жоқ», - дейді Андрей Томпа.

Ауызбіршілігі мен ынтымағы қатар жүретін ауыл тұрғындары ерлі-зайыптыларға қой, ешкі, сиыр сынды төрт түліктің түр-түрін шама-шарқына қарай жинап берсе, ауылдағы әкімшілік, мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория ұжымы 200 мың теңге көлемінде қаржы жинап берген. Бұдан бөлек, жеке-жеке сыйлық жасап, көмек қолын созған тұрғындар да жетерлік. Өз кезегінде ерлі-зайыптылар аудан басшылары мен ауыл тұрғындарына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып жатыр.

Шапағат Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір