• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
25 Тамыз, 21:43:09
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

22 Шілде, 2019 Айтты-ей, бауырың!

"Орыс тілді қазақтар жансыз робот секілді"

Орыс тілі өзінің қазақты өркендете алмайтын тіл екенін, «орыси сана» қазақты алға емес, артқа тартатын масыл екенін күн өткен сайын айқын сездірте бастады.

Қазақтың қоғамы дəл қазір қып-қызыл күрес үстінде. Тілді арқау еткен əртүрлі іс-шаралар, жиналыстар ай сайын өткізіліп, тіл қаншама мүшайраға тақырып болып жатыр. Бірақ еш өзгеріс, еш нəтиже жоқ. Біздің қоғамда күнде таңертең қазақ тілдісі де, орыс тілдісі де орнынан тұра тіл проблемасымен көзін тырнап ашады. Қазақ елінде элита тілі, ғылым-білім, байланыс тілі болып үстемдік етіп келе жатқан орыс тілі өзінің толық потенциялын жұмсап болғанын көріп отырмыз. Бұл жерде орыс тілінің еш жазығы жоқ шығар, біз енді осының себебін қарастырып көрсек.

Көбіміз байқай бермейтін бір жағдай бар. Орыс тілді қазақтар жансыз робот секілді келеді. Көбісі мейірім-шапағаттан жұтаңқы, жан-жағына тірі өлік сияқты ызғар шашады да тұрады. Өйткені ішкі өз мені «қазақы санасы» сылынып тасталған да, сол сананың орнына мүлде жат өркениеттің қалыбы кигізілген. Адам, бірақ жансыз. Сыртқы биологиялық денеге тілдің сəйкеспеуін айтпағанда, ішкі қалыптың да орнына, жан-дүниесіне басқа дүниеуи таным орнығып, зорлықпен қоныс теуіп алған. Ал қазақы сана арғыыы жақта жалтырап қана жатыр. Жоқ емес бар. Бірақ, бергі бетін сап-сары «орыси таным» басып алған да, өзінің билігін күшпен жүргізіп, жаңағы «қазақы танымды» қайта-қайта тұншықтырып, төпелеп келеді. Былайша айтқанда, орыс тілді қазақтың ішінде қоп-қоңыр қой көзді, қара шашты қазақ емес, сап-сары түк басқан, көк көзді, сары шашты орыс өктемдік етуде. Биологиялық тұрғыда айтқанда бір қазақтың денесінде екі сананың күресі жүруде. Біріншісі – əлсіз «қазақы сана», екіншісі – күшті «орыси сана». Осы үшеуінің арасындағы тартыста күшті «орыси сана» бəрін шешіп тұр. Бейшара қазақы сана анда-санда қарсылық танытпақ болады. Бірақ үстемдік етіп алған көк көз сары бой береме?! Қазақы сананың мылжа-мылжасын шығарып, қайта-қайта сана түбіне ысырып тастайды да отырады. Осы жерде баса айта кетейін, өз табиғи, тума санасы өз тəніне орныға алмаған соң жасанды басқыншы санаға өзі билеп-төстеп отырған дененің негізгі тұлғалық, ғұрыптық, ұлттық құндылықтары бес тиін . Себебі не десеңіз, жалған орныққан санада өзі билеп-төстеп отырған биологиялық денеге деген жауапкершілік, құрмет мүлдем жоқ. Өйткені дене өзінікі емес. Өз денесі, əуелгі туғандағы тəні болмаған соң артық жауапкершілік алып не істейді?! Түріне қарайсың, кəдімгі қаракөз өз қазағың. Бірақ, ниет, пиғыл басқыншы сананың иелігінде. Бар қалауы сол өктем санаға қотарылады да тұрады. Бұны əркім əртүрлі түйсінеді, тіпті бəріміз сезінеміз. Кейбіріміз «намысыздық» дейміз, кейбіріміз «құлдық сана» деп жатамыз.

Ұлттық код өзгерді деп жатамыз. Бұл жерде ұлттық кодтың өзгерген ештеңесі жоқ, тек кодтар ауысып кеткен. Ұлттық код түсетін қалып орнына басқа, мүлде жат, тіпті теріс код түсіп кеткен. Тек соны біз де, жаңағы код ауысқан адам да оқи алмай дал болудамыз. Əдетте телефон, компьютер бұғатталып (блокировка) қалса жанымыз қалмайды. Ойлаңыз, бүтін бір адамның санасы, ұлттық коды бұғатталса трагедияның атасы сол емес пе? Міне, біздің жалпы ұлт ретінде, мемлекет ретінде қатты зардап шегіп жатқанымыз содан.

Ары қарай сөзімізді сабақтасақ, «код ауысқан», «жасанды санадағы» жандар жеме-жемге келгенде тайғақ, майдансыз келеді де, азаматтық тұлғасын сақтап қалудан беріле салуды жеңіл көреді. Арғы жағын бірдеңе ұстап тұрмаған соң, ұят қытығы тез өліп, ар-намыстың қай жерде керек, қай жерде керек емес екенін айырып жатпайды. Бұл жекебастық, ішкі намыссыз сатқындық жинақтала келе ұлттық, мемлекеттік, мүдделік сатқындыққа ұласады. Бұл мемлекеттің құруына, трагедияға, ұлттық дағдарысқа əкеп соқтырады. Сана жаңғырмай тіл де, рух та қалыбына орныға алмайды. Санасы тұманданып емес, ашық жауланып тұрған жағдайда тіл туралы сөз айтудың өзі артық əңгіме екенін қайталап айтқымыз келеді.

Ал енді бір қызық жағдай. Жаңағы орыси қазақ тазалау болмаса, таза қазақты көрсе иттей талай салады. Оның бір себебі, өзінде жоқ «қазақтық» болса, бастысы бағанағы өз ішінде тұншықтырып өлтірген қазақы сана секілді дене сыртындағы қазақты да төпештеп, көзін жылтыратып түпкірге тыға аламын дегені. Міне, біздің бір-бірімізді талауға келгенде, таптауға келгенде, қорлауға келгенде аямай таңын айырып жіберетініміз содан. Іштегі билік етіп отырған «ол», ішіндегі «менді» аямағанда, сырттағы қазақты аяп не істесін. Ал осы дерт, «аямау дерті» тек орыс тілділерде ғана бар десек біраз қателесеміз. Себебін тағы тарқатайық. Бұл «аямау», «талау» дерті қазақ тілділерден де көп көрініс тауып жатады екен. Енді қараңыз. Неге десеңіз, сол қазақ тілдімін деп жүрген жанның өзі – тілі қазақша болғанымен санасы, ойлау формасы орысша болса жан-дүниесінен, қылған қылығынан бір əттеген-айы шығып тұрады. Санасындағы орыси сана қазақы тілді жеңе алмағанымен, оның ойлау жүйесін бағындырған, санасын тұмшалаған. Орыс қалай ойлайды, бұл да солай ойлап, солай дүниені қабылдап, солай жоспар құрады. Енді бұғанда жарым-жартылай орыс билік етеді деген сөз. Яғни өз «мені» емес. Өзінің таза жан-дүниесі емес. Оған да қазақтың амандығы, қазақтың бірлігі қатты керек емес. Реті келсе ол да аяп қалмайды. Сендер коғамдық ортадағы, интернеттегі т.б комментарий көпірме сөз айтылатын жердегі дау-дамайдың, тидаусыз лас жəне алып-қашпа сөздердің түгемеуі бекерден бекер деп ойламаңдар. Бұл «Менін» аямайтын «олдың» болуынан. Осы жерде «орысша ойлаудың несі жаман» деп айтуларыңыз мүмкін. Ол орысқа жақсы болуы мүмкін. Ал бізге, қазаққа еш пайдасы жоқ екенін жоғарыда айтып кеттік.

Қарап отырсаңыз «жат санадағы қазақ» – орыс санадағы орыс тілді қазақ жəне орыс санадағы қазақ тілді қазақ сынды екі типке бөлінеді екен. Соңғысын тілінің қазақшалығы ақтап ала алмайтынын ескерейік. Қазаққа – қазақы сана орнамайынша мемлекет қазақ мемлекеті бола алмайды. Бағанадан біраз нəрсенің басын қайырған сияқтымыз. Ал енді жауланған сананың қалпына келуі үшін, ауысқан кодтың бұғатын ашу үшін бір ғана ем, түпкілікті дауасы – жан-дүниедегі «олды» өлтіру, басқыншы «орыси сананы» өлтіру. «Жат сананы» құрбандыққа шалу. «Олды» өлтірмейінше тəуелсіздік алғаның, қазақ болғаның өтірік. Қазақ деген пəк атау негізі. Қазақ мұсылман бола алады, бірақ мұсылман қазақ бола алмайтын сияқты, қазақ орыс бола алады, бірақ орыс қазақ бола аламайды. Тіпті «орыси санадағы» өз қазағың қазақ бола алмайды. Бұл біздің айтпақшы болғанымыздың бір парасы. Ал енді елге, мемлекетке кімнің билік етіп отырғанын пайымдай беріңіз. Элита таза орыс тілді жəне күмəнсіз «орыси санадағы» тұлғалар. Жаңағы орыс тілді аямастардың бұлар «акулалары», «бұқалары» десек те болады. Элитаның өліп-өшіп орыс тілін тықпалағаны елді ойлап, халқының қамын жеп істеп отырмағаны белгілі. Орыс тілі халықаралық тіл, көп халық түсінеді деген сылтауы «өз нəтижесін» көрсетіп жатыр. Ел болашағының орыс тілі есебінде өркендеуін тіпті көріп отырған жоқпыз. Орыс тілі өзінің толық потенциялын жұмсап болғанын жоғарыда айттық. Осыған дейін қазақ мемлекетін өркениетті елдерге қосса, орыс тілінің мүмкіншілігі де, кеңестігі де жетер еді. Бірақ өкінішке орай, орыс тілінің, «орыси санадағы» жүйенің тек кері пропорционалды жұмыс жасағанына куə болып отырмыз.

Тоқтаусыз тонау мен ел мүддесін аяқ асты ету, тіліне, діліне қарсы қитұрқы саясатын тықпалау, бəрі-бəрі «мені» жоқ жүйе екенінің дəлелі. Өз «мені» жоқ жүйенің, өз «мемлекеті» де болмайды. Бұлар да бағанағы «орыси санадағы» қазақтар секілді, өз ұлтына келгенде нағыз қанішерге айналып жаншып, талап, таптап, тонап, аямай қорлау арқылы «кек» алып жатты. Бəрін айт та, бірін айт, орыс тілі – қазақты өркендете алмайтын тіл екенін, «орыси сана» қазақты алға емес, артқа тартатын масыл екенін күн өткен сайын айқын сездірте бастады. Бізге тарихтың сын сағаты əлі соғып тұр. Санаға жабысқан шел – ол дерт. Мойындайық, бізге «МЕН» емес, «Ол» билік жүргізеді. Демек, елді де «Ол» билейді. Ал, «Олға» қазақтың өсіп-өнгені көк тиын құрлы құны жоқ.

Өскісі келген жұрт ойланады деген оймен осы дүниені ұсынып отырмыз.

R.S: Жауланған сананы тек «орыси» деп қарастыру ол орыс тілділерге байланысты болса, тəуелсіздіктен кейін жабысқан қазақ қоғамының тағы бір кеселді дерті уахабсит-салафиттік діни таным жолындағы қазақтарды да жоғарыдағы қағидатқа салу арқылы шешуге болды. «Орыси сана» жауланған болса, «уахабилік сана» уланған сана болады. Екеуі де қазақ жан-дүниесін өз тума илахи санасы мен туған денесінен жат қылатын дерттер.

Жақсыбек Қақанның Фейсбук парақшасынан 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір