• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 07:23:03
Алматы
+35°

22 маусымда Жамбыл облысы Шу ауданында «Облыс аумағында ветеринариялық – санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері» атты облыстық семинар-кеңес болып өтті.

Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров және Жамбыл облысындағы барлық ауданның ветеринария саласына жауапты мамандары қатысты. Семинар-кеңестің бағдарламасына сәйкес, Шуға арнайы атбасын бұрған қонақтар алдымен аудандық ветеринариялық кәсіпорын мекемесінің аумағында орналасқан ветеринариялық биопрепараттарды ұзақ мерзімде сақтайтын қойманың және иесіз, қараусыз қалған жануарларды иесі анықталғанша уақытша ұстау орнының жұмысымен танысты. Сонымен қатар, жануарлардың өлекселерімен биологиялық қалдықтарды және вакциналардан босаған құты ыдыстарды өртеуге арналған инсинератор қондырғыларымен, бруцеллезге шалдыққан уақ малдарды санитарлық сою алаңына тасымалдау алдында жинақтайтын изолятормен сондай-ақ, Төле би ауылдық округінің ветеринариялық пунктінің де жұмысын көзбен көріп, өзара тәжірибе алмасты.

Бұдан әрі семинар-кеңес аудан орталығында орналасқан ветеринариялық пунктің мәжіліс залында жалғасын тапты. Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Жүнісәліұлы ашып, жалпы өңірімізге қарасты аудандардағы ветеринариялық қызметтің деңгейін сөз етті. Ол өз сөзінде семинар-кеңестің дәл осы Шу ауданында ұйымдастырылуының да өзіндік себебі бар екенін айтты. Өйткені, мұндағы ветеринариялық қызмет бір жолға қойылып, өзге аудандарға үлгі боларлықтай жүйелі жұмыс жасауда. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары Жамбыл облысы үшін ет экспортын қолға алып, үлкен нарыққа шығуға мол мүмкіндік туып отырғанын жеткізді. «Қазіргі кезде шет мемлекеттерге ет экспорттауға үлкен мүмкіндік туып отыр. Оның үстіне, біздің алдымызда ауылшарушылығы өнімдерін екі есеге дейін арттыру міндеті тұр. Ол үшін ең алдымен облыстың эпизотиялық жағдайы қалыпты деңгейде болуы тиіс. Бүгінгі таңда өңіріміз бұл бағытта республика бойынша алдыңғы қатарда. Бұның бәрі, әрине, сіздердің яғни, ветеринария саласында еңбек ететін мамандардың арқасы. Осы эпизотиялық тұрақтылықты алдағы уақытта да дәл осы қалпында сақтап қалуымыз керек» - деді М.Шүкеев.

Семинар-кеңес барысында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Оспан Бердияров өңірдегі эпизотиялық жағдай бойынша баяндама жасап, бірқатар аудандарда орын алған кемшіліктерді тілге тиек етсе, жұмысы бір жолға қойылған аудандарға одан әрі де осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Әлихан Балқыбеков ауданның ветеринария саласында атқарылып жатқан ауқымды істерге кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Жиын соңында өзге аудандардан келген сала мамандары өз пікірлерін білдіріп, кейбір түйткілді мәселелер бойынша қойылған сұрақтарына жауап алып, өзара тәжірибе алмасты.

Шапағат Қонысбай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір