• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 19:36:56
Алматы
+35°

Тұрдыбек Құрметхан :

- Берік аға, Былтыр 20  наурызда Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметінен өз еркіңізден бас тартқаныңызды білеміз, одан кейін қайда, қандай қызмет жасап жатқаныңызды естімедік. Сіз қазіргі кезде қазаққа ең керекті азаматтың бірісіз. Мен сияқты мыңдаған қазақ баласы сізді іздеп жүргені анық. Қазір қайда, немен айналысып жүрсіз?

– Негізі, менің мамандығым- тарихшы. Мемлекеттік қызметтен кеткелі тарихи жобаларға қайтып келіп, осылармен айналысудамын. Мысалы, осыдан бес жыл бұрын бастаған жобамды енді бітіріп жатырмын. Қазақстандағы азамат соғысының тарихына байланысты бұдан жиырма бес жыл бұрын бастаған бір жобам бар. Тәуелсіздікке дейін көптеген мұрағаттық құжаттар біз үшін жабық болды. Соның ішінде ақтардың құрамында болған «Алаш» әскері туралы ештеңе білмейміз.  Мысалы, адмирал Колчактың армиясының құрамында, атаман Анненковтың әскерінің құрамында үш полк «Алаш» әскері болған. Бір жарым жылдан бері Мәскеу мұрағаттарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмын. «Алаш» әскерінің құрамында кімдер болған? Біз қазір солардың біреуінің де атын білмейміз. Ал олар қазақтың мүддесі үшін большевиктермен күрескен батырларымыз ғой. Сол күрестің тарихын білу, сарбаздардың  аты-жөндерін елге жеткізу деген мақсат.  Мүмкіндігінше соларды тізім бойынша жарияласам деп ойлаймын.

Келесі жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы келе жатыр. Екінші зерттеуім осыған байланысты. Біз патшаның әскерге қазақ жігіттерін алуына қарсы көтеріліске шыққан Амангелдіні және басқаларын білеміз. Ал бірақ «Алаш» қайраткерлері қазақ жастарын соғысқа баруға үндеді.

Алаштықтар қазақтың жігіттері ауылда жұмыссыз бос сенделіп жүргенше ел көрсін, жер көрсін, өнер үйренсін, көздері ашылсын деп ойлады. 1825 жылы Ресейде болған декабристер көтерілісін тарихтан білесіз. Сол көтерілісті кімдер жасады? 1812 жылы Наполеонның әскерін Парижге дейін қуып барған, Еуропаны көріп көзі ашылып келген орыс офицерлері жасады. Дәл сол сияқты «Алаш» қайраткерлерінде ауылдағы мал мен киіз үйден басқа ешнәрсе көрмеген қазақтың бойкүйез жігіттері Ресейді, Еуропаны көріп көзі ашылсын деген ой болды.

Сол 1916 жылғы патшаның «июнь жарлығынан» соң, жүз жиырма мыңнан астам қазақ майданға кеткен екен. Олардың 13 мыңы тікелей майдан даласында болып, окоп қазған. Қалғандары тылда еңбек еткен. Орыстың еркектерінің бәрі соғысқа кетті ғой. Қазақ жігіттері солардың орнына зауыт-фабрикаларда жұмыс істеген. Сол жүз жиырма мың қазақтың кім екенін ешкім білмейді. Өйткені Кеңес заманында оны ашық айтуға тыйым салынған.

Соларды да іздестіріп, аты-жөндерін анықтап жатырмын. Яғни, менің мақсатым уақытында елі үшін күрескен азаматтарымызды, ұмытылған батырларды анықтап, оларды халқымен таныстыру, тарихи әділеттілікті орнату. Осы арқылы ұлттың намысын жанып, мінезін қалыптастыру. Осындай символдық бағыттағы жұмыстар бұл.

 

Дархан :

 Ақ Берік деп ән салған халықыңыз сізді сағынды. Арқалыққа қайта әкім болып келіңізші. Бізге қайта келу ойыңыз бар ма?

– Шынымен де Арқалық туралы көп айтуға болады. Өмірімдегі ең жақсы кезеңдердің бірі, Арқалықта қызмет істеп көп дос таптым, көп туыс ағайын дегендей қолдаушы, тілекші азаматтар таптым, әрқашанда ол кісілерге алғысым зор. Әлі күнге дейін хабарласып тілектерін айтып жатады. Жалпы мен ол жақта қаланы дамыту жоспарын жасап, ақшасын бөліп бекітіп кетіп бара жатқанда орыныма кім келсе де бағдарлама бар, ақшасы бөлініп тұр ары қарай жалғастырады деген үмітпен кеткенмін. Бірақ шын мәнінде өзің жоспарлаған нәрсені өз қолыңмен жасау керек екен. Көп нәрсе мен ойлағандай болмады, оның әртүрлі себептері бар шығар. Ақша бөлінгені емес, ақшаға ғана байланысты емес екен. Сондықтан өзімді Арқалық тұрғындарының алдында қарыздар сияқты сезінем. Әліде бір бітпеген ісім қалғандай. Оның алдында Ұлытауда істедім, Жезқазғанда істедім әрқайсысына жаным ашиды. Арқалық деп сұрақ туып тұрғансоң әрине сол жоспарларды толыққанды бітірсек деген үмітім бар. Қайда жүрсекте біз соған қызмет етеміз.

Тілек:

- Қазіргі билік қалай? Оппозиция қалай? Екеуінің бір біріне әсері қандай?

– Өкінішке орай қазір оппозициялық тұлғалар болғанымен, оппозициялық көңіл-күйдің кең тарлағанымен, оппозициялық күш жоқ. Біріккен саяси күш жоқ. Сондықтан, оппозиция жоқ деп айтуға да болмайды. Менің ойымша, болашақта толыққанды оппозиция шықса, биліктің ішінен шығыуы мүмкін. Өйткені бүгінгі күні саяси билікті Елбасы біріктіріп тұрған заман. Елбасы көп жасасын,  дегенмен де ол кісіден кейін де өмір бар ғой. Сонда нақты оппозиция биліктің ішінен, қазіргі билікте жүрген азаматтар толыққанды бір қаражаты да бар, саяси тұғырнамасы да бар солар болатын секілді. Мүмкін бүгінгі оппозицияда жүрген саяси тұлғарда солармен қосылып үлкен бір саяси күшке айналар деген ой туады менде. Өйткені бүгінгі күнде қаншама құрметтейтін, сыйлайтын оппозициялық  тұлғалар  бар. Дегенмен де бүгінгі саяси ақуалда олар да көрінбей кетті. Мысалға менен сұрайтын сұрақтарыңыз бар, «қайда кеттіңіз, не істеп жүрсіз» деген, мен түгілі олар көрінбей кетті. Күнделікті саяси мәлімдеме жасап, биліктің әрбір қадамына баға беріп, баспасөз конферанциялар ұйымдастырып көптеген үндеулер қабылдап жүрудің орнына өздері жоғалып кетті. Мүмкін ол шаршағанды білдіретін шығар. Оны оппозиция жоқ, опозиция құлдырады деп айта алмаймыз. Мүмкін қызығушылық жоғалған шығар, мүмкін барлығы Елбасымыздың көшбасшылғын мойндағандығы шығар. Сондықтан бүгінгі күні оппозиця жоғалған жоқ, өз уақытын күтіп отыр. Оған бастайтын бір серкелер, тұлғалар, пайда болғанда жинала қалатын секілді. Өйткені қай адаммен сөйлессеңіз де бәрі бір әкімге ме, үкіметке ме, министрге ме президентке ме әйтеуір бір өзінің келіспеушілігін айтып жатқанын жиі естимін. Бәрі бір соның үлкен саяси күшке айналатыны анық.

Серік :

Өзіңіз сияқты қазақ ұлтшылдары билікте неге жоқ? Болса да неге ұзаққа бармайды?

– Жалпы ұлттық тақырыпта, ұлтжанды, елжанды азаматтар билікте бар. Біздің ерекшелігіміз; мен және басқада азаматтар өз ойымызды ашық айтып жүрдік. Сол ашық айтып жүретіндер биліктегі кейбір тұлғаларға  жақпай қаламыз. Билік деген тұтас емес, тұлғаға байланысты, менің айтқаным кей тұлғаларға ұнамай қалғаны сияқты, басқалардың айтқаны да бір тұлғаларға ұнамай қалуы мүмкін. Билікте өзіміз де істедік қой. Оның бәрін билік деп бір тұтас айтуға болмайды. Ол жақта да ұлтшыл, ұлжанды азаматтар бар, бірақ олар «артық» сөйлемейді, шамасының келгенінше еліне-жеріне қызмет жасағысы келеді. Бізбен сөйлескенде бізден кем емес ұлтшылыдық пікірін айтып, кей кезде бізге қолдау көрсетіп жүрген азаматтар бар. Сондықтан  да менің ойым ұлтшылдық ойын айтатын уақыт та келеді. Көп нәрсе іске асып жатыр, көп нәрсе іске аспай жатыр, бірақ құдайға шүкір деу керек. Көптеген мәдениетке байланысты, тарихқа байланысты (өзім жүргізген тақырып), әлеуметтің де,  ұлттың  да мәселесі шешіліп жатқаны бар. Сондықтан неге ұзаққа бармайды деген субъективті сұрақ. Ұлтшыл ретінде мені билікке ұнамай қалғандықтан емес, белгілі тұлғаға ұнамай қалғандықтан кетіріп отыр. Басқалардың да себебі сол шығар деп ойлаймын.

 

 

А.Мукабай:

Беке, көші-қон жайында,  шеттегі кандастарыңыз жайында не айтасыз? Егер сіз осы саланы басқарсаныз, жұмысты неден бастар едіңіз?

– Бұл енді көптен бері қордаланған мәселе ғой. Алдында сарапшылардың Қытай да, Түркия да және басқа елдерде жүргізген сауалнамасы негізінде шетелдегі қазақтардың көпшілігінің елге келу ойы бар деген тұжырым жасады. Ал үкіметте «келетіні келді, болды» деген ой болып, квотаны тоқтатыңдар деген шешім болған. Шын мәнінде бұл «кететіні кетті, келетіні келді» дейтін шаруа емес. Ол әрқашан жүретін үрдіс. Өйткені әр бірі жағдайына байланысты келген уақытында келеді. Әлемнің әр жеріндегі қазақтың бәрі бірақ толық келе алмайтын да шығар. Мен ойлаймын барлық қазақ бізге тең ғой, дегенменде өнерлі, талантты жастарды жастайынан таңдап, мектепте жүрген кезінен байқап оларды арнаулы түрде шақып, мемлекет қамқорына алынып, арнайы интернаттарда оқыту  керек. Жалпы айтқанда шет елдерде жүрген қандастарымызға арналған «Болашақ» бағдарлама секілді бағдарлама қажет. Елге келем деген жастардың талантын одан ары ашса, ертең олар еліміздің мақтанышы болады. Олар сөйтіп өз аяқтарынан тұрып кетсе, ертең әке-шеше, туыс туғандары да келеді ғой. Сосын әрине кәсіпкерлік саласы экономикалық тұрғыда ағайындар келіп импорт-экспорт саласындағы мәселелерде белгілі бір жеңілдіктер болса, оны енді экономистермен ақылдасу керек. Дегенмен де ағайындардың екі елдің арасындағы кәсіпкерлік істерін дамытса, елге келіп гүлендіріп жатса біздің заңға байланысты бәрі бірдей дейді ғой, ал екі елдің арасында Қазақстан мен Түркия, Қазақстан мен Қытай, Иран осы екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтарды нығайтуға белгілі бір жеңілдіктер болса. Өйткені сол мемлекеттерді бізден көрі сол жақтан келген қандастарымыз жақсы біледі. Біз ол мемлекеттің мекемелерінен алданып қалсақ, олар алданбайды. Сондай бір сауда, экономикалық жағынан жеңілдіктер болса, бір жағынан ол жақтағы мекемелер, зауыттар істеп жатыр ғой. Сондай бір кішкене болса да нақты- нақты қадамдар керек сияқты деп ойлаймын. Бұрын ең көп мәселе адаптация, тіл мәселесі, заң мәселесі соларды айтатын, қазір енді оған көбісінің еті үйренді. Келіп жатқандар да қандай мәселелер барын жобалап біледі, қалай аяққа тұрып кетеміз деп психолгиялық жақтан дайын болып келеді. Жұмыс жоқтығында біліп, қазір бәріне дайын болып келе жатыр.

Өзім Арқалықта әкім болып тұрғанда арнайы оралмандармен кездесейінші деп едім, сөйтсем олардың тізімі ешкімде жоқ екен. Сосын хабарламамен шақырдым. Сөйтіп келді, көңіл-күйлерін, қандай мәселелеріңіз бар бәрін айтыңыздаршы дедім. Олар тіркеу мәселелерінің қиындығын айтты. Сосын сіздерге арнаулы көші-қон полициясы  болсын бәріне айттым, ешқандай шектеу болмасын деп, келіңіздер, туыстарыңызды әкеліңіздер Арқалықта ешқандай шектеу болмайды деп, әкімі ретінде  қолдауымды білдіріп жанашырлығымды білдірдім. Олардың да биліктің қолдауы блініп, әкімнің назары ауып жатқанына көңілдері көтеріліп қалды. Өзім де сендерге біреу оралмансыңдар деп тисіп жатса маған келіңдер, сендердің құқықтарыңды мен қорғаймын деп әрқайсысына өз  тілегімді айтып қойдым. Міне біз соның бәрінен өттік, енді қосымша талантты балаларды тартуды жолға қойсақ, ертең әке шешсін өзі-ақ алып келеді.

Тұрмагамбет

Ұлттық партия кұру туралы айтылып жүр… Бұған не дейсіз?

– Жалпы, бізде Конституция бойынша этникалық, діни т.б. бағыттағы партиялар құруға ресми түрде рұқсат жоқ. Жақында Жарылқап Қалыбай осындай партия құру жөнінде үндеу тастады.Мұхтар Шаханов өз мәлімдемесін жасады. Меніңше бұл жайдан жай туып отырған дүние емес, бұл қоғамдағы сұраныс. Бұның себебі қордаланып қалған көптеген ұлттық мәселелерді қорғайтын, ұлттың мүддесін жеткізетін саяси ұйымның болмауында. Ұлт мүддесінің кей кездері ескерілмей, тіпті кей кездері тапталып жатқандығында. Бүгінгі Парламентте осы мәселелерді айтатын азаматтар аз. Бұрын Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан сияқты азаматтарымыз бар еді. Бүгінгі күні де бар секілді, бірақ дәл солар сияқты өткір мәселелерді көтермей жатыр. Өйткені бәрі де бір партияның өкілі болғасын партиямен ақылдасады. Әсіресе қазіргі әлемде, оның ішінде дәл қасымыздағы мемлекеттердегі геосаяси үрдістерді көріп отырған халық «мына ұлттың мүддесін кім қорғайды, кім жеткізеді?» деп уайымдайды, қобалжиды. Сондықтан Жәкеңнің көтерген бастамасы, әрине, орынды. Бізге жалпыұлттық деңгейдегі пікірталас, пікір алмасуды жандандыру керек. Өйткені бүгінгі күні ұлттық саяси сана- сезім, жалпы көзқарас тұйыққа тіреліп, тіпті кей жерлерде ұсақталып бара жатқан сияқты. Зиялы қауымымыз, ақсақалдарымыз да айта-айта шаршаған шығар.  Орта буындағылар өздері ырың-жырың. Бір жағынан саясатта «Нұр Отанның» басымдыққа ие болып, оппозицияның көрінбей кетуі. Бірақ саяси күштер көрінбей кеткенімен оппозициялық саяси сана-сезім қалады ғой. Сондықтан қазір қоғамға ұлттық пікір алмасу, ұлттық диалог жетіспейді. Ұлттық мүдде мәселесі Астанадағы саясаткерлер үшін де бір сын, талап. Егер қоғамда осындай сұраныс болып жатса, оның себебі неде деп олар да ойлануы керек. Ұлттық партияның құрылуына тыйым салынғанымен бәрібір мұндай ізденіс болуы керек. Қазір «Алашорданы» жиі айтамыз. Олар да сонау аласапыран заманда ұлт үшін біреу жауапкершілікті мойнына алуы керек деп партия құрды ғой.

Менің ойымша қазақтың мәселесін көтере білетін, айта білетін тұлғалар парламентте болуы керек. Қандай партияның атынан барады, мәселе онда емес. Мұхтар Шаханов болсын, Жарылқап Қалыбай болсын, Жармахан Тұяқбай, Ораз Жандосов, Ғалымжан Жақиянов, Болат Әбілев, Әміржан Қосанов болсын. Саясат жағында жүрген басқа да азаматтар көп қой. Солардың бәрі парламеннтте болса, елімізге, ұлтымызға тек пайдасы болмаса зияны тимес еді. Сондықтан да қоғамда қаншалықты саяси тұжырымдамалар, пікірлер бар, болашақта соның бәрі де парламентте көрінісін табуы керек деген пікірдемін. Билік ескеруі үшін бұл талапты айту керек, жеткізу керек.

(Жалғасы бар)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір