• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:35:27
Алматы
+35°

24 Шілде, 2019 Шығыс Қазақстан облысы

Алтай өңірінің інжуі көрсетілді

Қазақ халқының ертеңгі болашағы ұлттық құндылығымызда жатыр. Бәйтеректей тамырын тереңге жайған асыл қасиет салт-дәстүріміз, бізді өзге жұрттан бөлектеп тұрады

Қазақ халқының ертеңгі болашағы ұлттық құндылығымызда жатыр. Бәйтеректей тамырын тереңге жайған асыл қасиет салт-дәстүріміз, бізді өзге жұрттан бөлектеп тұрады. Қанына тартып туып, кіндік қаны тамған қастерлі топрақты аялаған һәм тәй-тәй басқан оң қадамы жақсылыққа бастаған ұрпақтың келешегі кемелді.

Уызына жарыған ұл мен қызымыз ұлтқа қызмет етер. Алаштың өлгенін тіріліп, өшкенін қайта жандырған жұмыстар қолға алынды. Шүкіршілік. Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламасы жұрт күткен үміттің үдесінен шықты. Тарих парағына алтын әріппен жазылған жауһар құндылықтарымыз біздің кім болғанымызды әлемге танытты. Уақыттың уысына түскен қазынамыз іздеушісі болмаса әліде тұңғиықта жатар ма еді, кім білсін? Енді осы жәдігерлеріміздің бағасын біліп, қасиетін қастерлеуге ұмтылдық. Асыра сілтеп артық айтудан аулақпыз, деседе көзбен көріп көңілге түйгенімізді жаздық. «Халық әділ таразы» - дегендей уақыты келсе барлық атқарылған жұмыстың өз бағасы берілер.

Елбасының «Болашаққа бағдар - рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан, облыс, республика көлемінде түрлі іс шаралар ұйымдастырылды. Солардың бірі осы айда өзім тұратын Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы Толағай жазғы сауықтыру лагерінде өткен жас өлкетанушылардың республикалық слеті еді.

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Президентінің жанындағы Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында: «Ең алдымен, біз ғылымды тартпай, міндетті орындау мүмкін еместігін түсіндік. Сол себепті біздегі үш университеттің барлығы да осы күрделі әрі өте қызықты жұмысқа тартылды. Әрине, өзге де ғылыми секторлар тартылған болатын, алайда, бұл ғылымға ғана арналған жұмыс деп санамаймыз. Бұл мектеп оқушылары үшін зерттеу жұмысы болып та табылады. Сондықтан, осы сектор да өте маңызды. 33 кіші бағдарлама шеңберінде «Шығыс Қазақстанның өркениет ерекшелігі» негізгі бағдарламасына тоқталып өтпекпін. Ол екі бағыттан тұрады, солардың бірі - Қазақстанның киелі жерлері», - деген еді облыс әкімі Даниал Ахметов.


Аймақ басшысының пікіріне сәйкес Шығыс Қазақстан облысы мектеп оқушыларына арнап екі жылдан бері киелі жерлерлерді көрсетіп келеді. Өңіріміздің тарихы мен табиғатын суреттеуге адам тілінің құдыреті жетпес мекендерін, оқушылар жыл сайын көру мүмкіндігіне ие болды.


Биылғы жылы Глубокое ауданы әкімдігі мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен 7-12 шілде аралығында «Алтай өңірінің інжуі» атты жас өлкетанушылардың Республикалық слетіне үздіктер жиналды.
Әр облыстың аламанға үкілеп қосқан үміттері қазылар алқасына білімдері мен өнерін көрсетті. Балалар өзара жылдам тіл табысып, алдағы болар сайысқа әзірліктерін пысықтады. Глубокое ауданынан қатысқан қос команда туған жерлерінің тылсым табиғаты жөнінде қатарластарына мақтана айтып беріп жатты.


Слеттің басты мақсаты - балалар мен жасөспірімдер арасында өлкетану жұмысына баулу, дағдылары мен іскерліктерін, экологиялық мәдениетін қалыптастыру және дамыту. Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының тарихы, географиясы, табиғаты мен мәдениеті бойынша білімдерін кеңейту және зерделеу. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өскелең ұрпақты патриоттық пен азаматтыққа тәрбиелеу.


Оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып, аталған мақсат төңірегінде ой бөлісті.


Үйінен ұзап шыққан балаларға тәрбиешілер көмек көрсетіп, сайыс ережелерін түсіндірді.
Шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Елена Старенкова, облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы басшысының орынбасары Елена Шимина, аудандық білім бөлімінің басшысы Мұхтар Қалынов және білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Мусина қатысты.

- Ел шығысында орналасқан құтты мекеннің тарихы тереңде жатыр. Түркінің алтын бесігіне айналған қарт Алтайды бүгінгі ұрпақ біліп өсуі тиіс. Слетке келген талапты жастардың ертеңіне сенім білдіремін, - деді аудан әкімінің орынбасары Елена Василиевана.

Слетке аз қамтылған және көп балалы отбасынан шыққан балалар, дарындылар санатындағы жалпы білім беретін мектептердің 8-10 сынып оқитын оқу озаттары қатысты.
Қатысушылар жеке және ұжымдық жұмыстарын келесі аталымдар бойынша ұсынды.
1) «Команданың визит карточкасы» команданың атауы, ұраны, музыкалық сәлемдесуі.
2) «Туған өлкенің көрікті жерлері» презентациясын қорғау.
3) «Шығыс Қазақстан тарихы мен мәдениетінің лабиринті» өлкенің тарихи обьектілері мен мәдениет обьектілерін білу Квесті.
4) «ШҚО және Глубокое ауданының мәдени-тарихи құндылықтарын зерттеу экспедициясы бойынша есеп» презентациясы.
Білімділер бәсекесінде Павлодар 4, Қарағанды 6, Ақмола 5, Чемонайха 7 және Глубокое ауданынан 18 оқушы бақ сынады.
Барлық қатысушыларға елімізге танымал өңіріміздің киелі жерлері көрсетілді. Келесі күні балаларға IT-сабағынан ақпарат берілді. (Лагер бағдарламасы жария етіліп, Малоубинка орта мектебі оқушылары арасында мектеп ішілік чемпионат өтті. Оқушылардың саптық жүрісі тексеріліп, балалар назарына концерттік номер ұсынылды). Аймағымыздың көрікті жерлерінің бірі Риддер қаласындағы Батыс Алтай қорығына және қорық мұражайын тамашалады. Өскемен қаласындағы «Этноауылға» саяхат жасап, елімізде тату-тәтті мекен еткен 130 астам ұлт өкілдерінің мәдениетімен жақын танысты. Быструха, Верх-Уба ауылы, Тархан геологиялық разрезі (Шығыс Қазақстанның киелі жерлері жөнінде бейнежазба көрсетілді).
- Батыс Алтай қорығына жасаған сапарымыз өте сәтті болды деген ойдамын. Себебі өзім бұған дейін көрмеген жерлер мен жануарларды көрдім. Қорықтың көркем жерлерін достарыммен бірге аралап, тәрбиешілермен естелік суретке түстік. Дарынымен қатарластарынан озып шыққан барша оқушыларға тек сәттілік тілеймін. Өнері мен білімі бір арнаға тоғысқан оқушылардың ата-анасы мен отаны күткен үмітті ақтайды деп сенемін деді, - Перевальное орта мектебінің 8 сынып оқушысы Аягөз Жеңісбекқызы.
«Толағай» лагерінің жұмсымен жақын танысу үшін лагер директоры Фархат Құсымановтың пікірін білген едік.
- Биылғы жылы жоспар бойынша 66 оқушыдан құралған 8 ауысым қабылданып, жалпы лагерде демалған балалар саны 500 баладан асуы мүмкін. Осы уақытқа дейін 1-2 ауысымда 135 бала Толағай лагерінде демалып үлгерді. Республикалық слет жөнінде айтар болсам басқа аудан мен облыстардан 22, Глубокое ауданынан 18 оқушы келді. 5 тәрбиеші алыстан келген балаларды алып келсе, өз ауданымыздан 11 тәлімгер келушілерге көмек көрсетіп жатыр. 5 уақыт ыстық тамақ беріледі. Оқушылардың денсаулығы медицина қызметкерінің жіті қадағалауына алынған. Іс-шараларды тәрбиешілер ұйымдастырып балалар уақытын өте қызықты өткізеді. Келесі ауысымда әскери қоймадағы жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласынан балалар келеді деп күтілуде, - дейді Толағай лагерінің директоры Фархат Тұрдыбекұлы.
«Жүйіріктен жүйірік озар жарысқанда» - дегендей мәре сызығын алдымен кескен командаларға кубок, мақтау қағазы және жас өлкетанушыларға қажетті «Сиқырлы шығыс» аталатын кітап табыс етілді. Алдағы уақытта шырайлы шығыстың өздері әлі көріп-білмеген тұстарын осы кітаптан оқып, үйренеді. 4 аталымда жинаған ұпайлары бойынша I орын Қарағанды облысы Балқаш қаласының «Балқаш Traevl» командасы, II орын Павлодар облысы Павлодар ауданынан келген «Алаш» командасы, III орын Ақмола облысы Көкшетау қаласынан келген «Бурабай» командасына бұйырды.


Тынымсыз еңбек пен ізденіс өз нәтижесін берді. Республикалық слетке қатысқан оқушылар Шығыс Қазақстан облысмен жақын танысып, жаңа достар тапты. Ұлттық тілді жеттік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің балалары мақалдап сөйлеп қазақ тілінің мәртебесін асқақтатты. Алғаш рет ұйымдастырылған слет барлық қатысушылардың көңілінен шықты.

Автор: М. Сержан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір