• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
18 Тамыз, 06:50:38
Медициналық сақтандыру: Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда

24 Шілде, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Әміржан Қосанов: Билік осыдан қорқып отыр...

Мұхтардың манифесі немесе Жәкішев сотына қатысты бір ой

Мұхтар Жәкішевті бостандыққа шығару туралы о бастан айтып келе жатқаным белгілі. 2010 жылы өткен масқара соттан кейін оны қолдауға арналған бірқатар іс-шараға қатысып, пікірімді білдіргенмін. Арнайы мақалалар жазып, сұқбаттар бергенмін.

Міне, осы жолғы Семейден өткен, Мұхтарды шартты түрде мерзімінен ерте бостандыққа шығару туралы мәселені қарастырған сот алдында қоғамдық санада белгілі бір дәрежеде серпіліс туып, бұрын-соңды болмаған үміт оты жанып, баршаны біріктірген сенім орын алды. Әлеуметтік желілерде Мұхтарға қатысты ақпараттық қолдау қанатын кең жайып, бұрын осы тақырыпқа қалам тербемеген тұлғалардың өзі қорықпай-қаймықпай өз ойын ашықтан-ашық айтып жатты.

Бірақ, үкілі үміт ақталмады!

Неге?

Меніңше, Семей сотының Семейде емес, Астанада жазылған теріс шешімінің бірнеше себебі бар.

Біріншіден, Мұқтар – жай топ-менеджер емес. Ол атом өнеркәсібі секілді кез келген елдің экономикасында өз орнын ойып алатын іргелі, стратегиялық саланың жетекшісі болған азамат. Және де оның осы саланы біржақты, ресейлік тәуелділіктен құтқарып, көпвекторлы сипатта, соның ішінде дамыған батыс елдерімен тығыз интеграция негізінде дамыту жолының жақтасы болғанын бәріміз де білеміз. Меніңше, біздің биліктегі ресейлік лобби оның бостандыққа шығып, осы сала төңірегіндегі алып-қашпа әңгімеге түсініктеме беруін қаламады. Мұхтардың түгінгі сотта сөйлеген дәйекті, шыншыл сөзінің өзі не тұрады! Сотта осылай сөйлесе, бостандыққа шыққанда не болады?! Билік осыдан қорқып отыр! Яғни, ол жағдайда он жыл бұрын Мұхтарды соттатқан кландардың арты ашылар еді! «Еуразияшыл» біздің билік сол лоббистерге әлі де мойынсұнып отырғанын ап-анық көрсетті!

Он жыл бойына ел алдына шыға алмай, бүгін сотта сөйлеген Мұхтар өзінің нағыз азамат екенін көрсетті! Күн тәртібіне қатысты, шектеулі жағдайда айтылса да, оның сөзі не деген терең әрі астарлы еді! Бір ауыз сөзбен бүкіл сот жүйесіне баға беріп тастады! Өз басым оны «Мұхтардың манифесі» деп қабылдадым!

Екіншіден, Мұхтар саяси оппозиция болған жоқ. Режимге қатысты біз секілді ащы сын айтқан жоқ. Яғни, оны саяси көзқарасы, не күресі үшін түрмеге жапты деу артықтау болар.

Бірақ оның осыншама жыл қапаста қамалып, адам төзгісіз қорлық көріп, жаны мен тәні қиналып, азап тартуының өзіндік саяси астары бар екені де рас. Яғни, ол кезінде өз досы Мұхтар Әблязовты тұрмеден шығару туралы бастаманың басы-қасында болып, оның ендігәрі саясатпен айналыспайтынының бір кепілі болған. Әблязов болса, анау, өз досының кепілдігін тәрк етіп, нәтижесінде оның тағдырына обал жасады (ол туралы өзі де ашық айтып, мойындап жүр). Яғни, Әблязов факторы Жәкішевтің жағдайына әсер етуде! Меніңше, Гордий түйіні секілді осы кілтипанды шешіп алмай, ешнәрсе де өзгере қоймас!

Үшіншіден, қазіргі билік транзитінің құбыжық құрылымы да осы жағдайға өз ықпалын тигізіп отыр. Рас, қоғамдық санада «президент Тоқаев саяси либерализацияға барады» деген пікір жоқ емес. Өзінің жария сөздерінде ол өзі де қоғамдық оймен санасу керектігі туралы оң, жұртқа жағар жақсы ойлар айтып қалып жүр. Жәкішевтің бостандыққа шығу мүмкіндігін де көпшілік дәл осы фактормен байланыстырғаны рас. Несін жасырайын, аузым күйіп, үріп ішіп жүрген өзім де сондай ойда болдым.

Төртіншіден, біздің режим ешқашанда қоғам пікірін мойындағысы келмеген! «Жұрт осыны талап етіп жатыр екен, біз соны ескеріп, райымыздан қайтып, мына шешімімізді қайта қарадық!» деп мойындау - билік үшін саяси өліммен тең! Осы тұрғыдан алғанда, Семейдегі сот алдындағы әлеуметтік желідегі дүрбелең Мұхтарға өз салқынын тигізді ме деп қалдым!

Семейдегі соттың шешімін естіп отырып, елбасы басшылық еткен Қауіпсіздік кеңесі үстемдік етіп отырғанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ғана басшылық ете алатын Тоқаевтың аяғы тұсаулы, президенттік мандаты мен мүмкіндігі шектеулі ме деп қалдым...

Қазіргі сөздері мен істеріне қарасам, Қауіпсіздік кеңесі маған «қаршығалар», ал Сенім кеңесіндегілер «көгершіндер» боп көрінеді. Орнитология мен политологияның арасы осыншама жақын бола ма еді! Анда да, мұнда да Дарвин заңдарына сай күшті жеңеді екен! Табиғат пен қоғам заңдары да бірдей емес пе?!
Сөз жоқ, өзінің саяси өзгерістерін Мұхтар Жәкішевті, содан көп ұзатпай Арон Атабектіі, Макс Боқаевты босатудан бастағанда Тоқаев, сөзсіз, халық ризашылығына бөленер еді.

Осындай маңызды шешімдер қабылдауына Тоқаевтың бір мықты моральдық-саяси мүмкіндігі бар: осы үкімдерді қабылдауға оның жеке басының қатысы жоқ сияқты, өйткені ол жылдары ол ішкі саясатпен емес, сыртқы саясатпен айналысты. Яғни, ол шешімдерге заман мен қоғамның талабына сай әділетттік орнату ол үшін ешбір қиындық туғызбайды.

Бірақ олай болмады.

Не ондай жолды өзі қаламады.

Не ондай жолды басқалар қалатпады.

Меніңше, 9 маусымнан кейінгі еліміздің дамуының ең басты анықтауышы осы – кешегінің ауыр жүгін арқалаған елбасы мен ондай жүктен біршама ада Тоқаевтың арасындағы қатынастың формасы мен мән-мазмұны. 
Алғашқы үміт Жәкішевтің тағдырына қатысты еді. Ол үміт ақталмады.

Қалған үміттер не болмақ?!

Гәп сонда!

Әміржан Қосановтың фейсбук парақшасынан алынған

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір