• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:38:46
Алматы
+35°

Елімізде бүйрегін ауыстыруға мұқтаж 2500 адам кезекте тұр деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап. 

Алайда, қазір белгілі трансплантолог Ғани Құттымұратов адам ағзаларын заңсыз алды деген күдікке ілініп, қамауда отырғасын операцияларды жасау тоқтатылыпты. Бірнеше ауыр айып тағылған дәрігер 2012 жылдан бері өткізілген 1194 отаның 340-на қатысып сәтті аяқтаған. Қазақстанның медициналық бірлестігі күдікке ілінген оны тергеу изоляторынан босатуды сұрап отыр. Себебі, науқастар қиын жағдайға душар болған көрінеді. Қазір Ғани Құттымұратов жайлы не белгілі?

Мәйіттік донорлықтың жоқтығыннан елімізде жыл сайын 80 адам жан тапсырады екен. Оған қоса, медицинаның бұл күрделі саласын меңгерген тәжірибелі трансплантолог мамандар саусақпен санарлық. Осы орайда, танымал хирург Ғани Құттымұратовтың изоляторда отырғанына міне үш айдан
асыпты. Әріптестерінің сөзінше, 2017 жылы Ғани Құттымұратов жұмыс істейтін Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы басшылығымен әлдеқандай шетелдік компания келісімшарт жасасқан. Осы уақытта тірі донордың бүйрегін алу арқылы операция жүзеге асырылыпты. Содан бері, қиырдан науқастар донор, реципиент ретінде ағыла бастаған көрінеді.

"Ол қылмыстық іс бойынша күдікке ілініп отыр. Ғани Құттымұратов екі ауыр бап бойынша айыпталуда. Біріншісі 246-баптың 2-бөлімі, яғни оған трансұлттық ұйымдасқан топ құру немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысы бар деген кінә артылды. Екіншісі, 116-баптың 3-бөлімі. Бұл адамның органдары мен тіндерін заңсыз алу деген сөз", - дейді "Медициналық қызметкерлердің құқығын қорғау" Республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлыбек Үдербаев.

Трансплантология саласында аты шыққан белгілі маман бұндай қылмысқа барды дегенге ортасы мүлдем сенбейді. Оның бар ниеті тек дерті дендегендерге қол ұшын созу еді дейді олар. Қоян-қолтық қатар қызмет атқарған әріптестері өзге елдерден келгендерге операция жасағанымен, біреуімен де жеке байланысқа шыққан жоқ. Ал, өзіне тұтынушы тартуға хирургтың жалғыз үлгеруі мүмкін емес.

"Мен оны дәрігер, хирург, әріптес, адам ретінде жақсы білемін. Мен үшін оған ауыр айыптар тағылып, тергеу изоляторында отырғаны таңғаларлық жағдай. Ол ешқашан ешкімге жамандық жасап, қауіп төндірген жан емес. Бұндай адамды қамауда ұстау нағыз әділетсіздік. Меніңше, халықаралық қылмыстық топ құрып, науқастарды жинап әрі операция жасап үлгеруге бір хирургтің күші жетпейді", - дейді Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық басқармасының төрағасы Юрий Пя.

Осылайша, Ғани Құттымұратовты ақ деп білеміз деген қызметтестері оны тергеу изоляторынан босатуды сұрауда. Өйткені, оны ем-домын жалғастыру үшін күтіп жүрген науқастар көп екен. Алайда, танымал трансплантологтың қорғаушысы оның операция уақытында жалғыз болмағанын айтты.

"Менің білетінім, Қырғызстан азаматшасы операцияға аудармашы ретінде қатысқан. Мұнда донор болғандар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәджікстанның азаматтары. Ал рецепиенттер Израильдің азаматтары", - дейді Ғани Құттымұратовтың адвокаты Алдырза Қуанышкереев. 

Адвокат айтқандай, қазір шетелдіктермен тілдесуге көмектескен келіншек те түрмеге қамалыпты. Ал, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, адам органдарын шетелдіктерге сатты деп күдікке ілінген дәрігер туралы министр Елжан Біртанов та өз ойын білдірді.

"Біз мемлекеттік орган ретінде тергеу барысына араласуға құқымыз жоқ. Мен Ғани Құттымұратовтың жұбайымен кездестім. Әрине, жағдайды білдім. Бірақ бәрін заңнама шеңберінде жасау керек. Ары қарай нәтижелерді күтеміз. Оған дәрігер ретінде оң сипаттама береміз. Бұл мінездеме тиісті органдарға тапсырылды", - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. 

Ал, ІІМ-нің ақпаратынша,адам ағзасын заңсыз иемденушілер тергелу үстінде екен. Қазір іске қатысты ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылыпты. Жауапты орган тексеру барысында адамның дене бөліктерін заңсыз трансплантациялауға Ғани Құттымұратовтың қатысы барын анықтадық деп отыр.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір