• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 12:57:25
Алматы
+35°

25 Шілде, 2019 Әлеумет

Интернет сіз туралы бәрін біледі

Facebook қолданушыларының персоналдық деректерінің жаппай жылыстауына байланысты компанияға $5 млрд көлеміндегі рекордтық айыппұл салынды, деп жазады CNBC АҚШ-тың федералдық сауда комиссиясына сілтеме жасап.

Бұл технология саласындағы компанияға салынған адамзат тарихындағы ең үлкен айыппұл. Бұған дейінгі рекорд Google-ға тиесілі болатын. Оған 2012 жылы құпиялылық саясаты сыр бергені үшін $22,5 млн төлеткен еді.

Федералдық сауда комиссиясы мен әлеуметтік желі алыбы 20 жылға келісім-шартқа отырды. Оған сәйкес, компания персоналдық деректерге қатысты саясатын қайта қарап, компанияның басшысы әрі негізін қалаушы Марк Цукербергтің өкілеттілігін шектейді. Сондай-ақ түрлі қосымшалардың клиенттік базаға кіру мүмкіндігі кеміп, әлеуметтік желіге жарнамалық мақсатта қолданушылардың номерін пайдалануға тыйым салынды. Компания ережелердің орындалуын қадағалауы тиіс. Оған Цукерберг басымен жауап береді.

Facebook британдық Cambridge Analytica компаниясына қолданушылардың деректерін сатты деп айыпталуда. Британдық компанияның деректер негізінде әлеуметтік желі қолданушыларының саяси портретін жасайтыны 2018 жылғы наурызда белгілі болды. The New York Times басылымы аталған компанияның Дональд Трамптың сайлауалды штабымен сөз байласқанын жазған болатын. Сол кезде оның қызметі 87 млн қолданушыны қамтыған дейді басылым.

Бұл жөнінде Сет Стивенстің "Бәрі өтірік айтады. Интернет сіз туралы бәрін біледі" атты кітабында да жазылған. Автор интернетте ізделгендер, қаралғандар толықтай Big Data, яғни үлкен деректерде сақталатынын айтады. Сол арқылы кез келген адамның кім екенін, оның қызығушылығы, өмірден не қалайды, мазалайтын қандай мәселелері бар, саяси ұстанымы қандай сынды деректерді жинап, оның әлеуметтік портретін жасау оп-оңай. Бұл деректер теріс пиғылды адамдардың қолына түссе арты жағымсыз оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Айталық, қарапайым ақылы қызметтерді қолдануда банк карталарының деректерін енгізерде абай болған жөн. Бұндай қызметтерді ұсынушылар арасында ақша ұрлаушы алаяқтар да кездеседі.

Адамды жасартатын, қартайтатын, болашақта кім болатынын, қандай қызмет сәйкес келетінін "айтатын" Facebook-тағы түрлі қосымшалар қолданушыдан деректерді енгізуді сұрайтыны белгілі. Қауіпсіздік мақсатында, болашақта ыңғайсыз жағдайларды болдырмау үшін күмәнді көрінген қосымшаларға "екі шұқып, бір қарап", мұқияттылық танытқан дұрыс.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір