25 Шілде, 2019 Саясат
Адвокаты Суханбердиеваның қайда екенін айтты
Білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиева сот тағайындаған айыппұлды төлеген.
Бұл мәліметті оның адвокаты Айгүл Әміренова растады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Ол (Эльмира Суханбердиева - түсіндірме) Қазақстанда, Нұр-Сұлтанда, отбасымен бірге. Мен еңбек демалысына шетелге шықтым. Ол Қазақстанда, өз үйінде. Менімен күн сайын байланыста және ешқайда кетуді жоспарлап отырған жоқ. Сот үкімі бүгін күшіне енді және оған қарсылық білдіргендер болмады. Ол айыппұлды толығымен өтеп қойды. Іс жабылды", - деді Айгүл Әміренова.
Осыған дейін, Telegram-каналдарының бірінде Эльмира Суханбердиева ел аумағынан шығып кеткені туралы ақпарат тараған еді. Таяуда білім және ғылым вице-министрі болған Эльмира Суханбердиеваға қатысты сот үкімі шықты. Сот Эльмир Суханбердиеваны кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырып, 2500 АЕК көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындады.
Айта кетейік, бұған дейін сотта Эльмира Суханбердиева мен Елена Шеверняева кінәсін толық мойындаған. Бұрын олар прокурормен іс жүргізу келісімін жасаған, осыған байланысты қылмыстық іс сотқа жеделдетілген тәртіпте жіберілген. Айта кетейік, бұрын сотқа дейінгі тексеру барысында Эльмира Суханбердиеваға пара алды деген айып тағылған.
"Пара болған жоқ. Біз бұған дейін де келіспегенбіз, себебі бізге тағылып отырған айыптың негізі балаларға слетте берілуі тиіс болған екі iPhone болған. Бұл бастапқыда пара деп бағаланды. Содан кейін бұл бапты алып тастады", - деп хабарлады Эльмира Суханбердиеваның қорғаушысы Айгүл Әмренова.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір