• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 13:00:41
Алматы
+12°

26 Шілде, 2019 Экономика

Қаржылық сауаттылық немесе құпиясы жоқ құпия

Тоқыраудың үш түрі қаржылай дағдарысқа (кризиске) алып келеді екен...

Қаржылық сауаттылық туралы сөз қозғағанда бар назарымыз «қаржы» деген кілт сөзде болады. Соны білсек, байып кетіп, бақыттан басымыз айналатынына сенімдіміз. Шын мәнісінде, барлық құпия сауатсыздықта жатса ше?

Қаржылық сауатсыздық десек, санамыз «қаржыны» екінші шетке ысырып тастайтыны рас. Сонда аңсаған арманымыз ақша емес, сауатсыздықты жою болып шыға келеді.

Жалпы сауатсыздық деген сөз біздің басымыздағы бар мәселені айқындап бере алатын ұғым ба? Сауатсыздықтың кесірінен қаржылай кризиске тап болған біз кіммен, немен қалай күресеміз?  

Бұл сұрақтың түйінін екі түрлі буын өкілі – 30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер, «Bai-Quat» инвестициялық компаниясының бас қаржыгері Сайлау Абайділданов пен ҚазҰУ-дың филфагын бітіріп, бизнес қуған Q4 Business school кәсіпкерлік мектебінің директоры Салтанат Минайханның эксперттік ойларын тоғыстыра отырып,  тарқатпақшымыз.

Файл ашылады... ал оның ішінде дым жоқ

Сайлау Абайділданов: –«Бай болғым келеді» дейміз. Осы бір сөйлемді айтқанда бізде жаңа арман лап етіп туады. Миымызды компьютер деп қабылдайық. Байлықтың дәмін татқымыз келгенде оған автоматты түрде сигнал кетеді екен. Түпкі санамыз сол байлыққа бастайтын ақпарат-білімді асығып іздестіре бастайды. Нәтижесінде «Қаржылық білім» деген файл табылады. Ішін ашса,  «әттеген-ай», бос кеңістік. Содан соң файл жабылады, сіз де байлықты аңсап қана уһілеп қоя саласыз.

Қаржылық сауаттылық сабағының алғашқы тақырыбын білесіз бе? Мен тақтаға сізге керегі ақша емес, байлық деймін. Ақша деген – құрал. Бар болғаны құрал. Сіз бен біз мыңдаған ғасыр бұрын есеп айырысу үшін ойлап тапқан құралымыз. Демек ақша бәрімізде бар. Аз болсын, көп болсын. Аздан көп жасау, міне, мәселе.

Зерттеңіз...байcыз ба/кедейсіз бе?

Салтанат Минайхан: –Қаржылық білім алуды бастамас бұрын байлық санамен және кедейлік санамен өмір сүріп келе жатқан адамдардың айырмашылығын ажыратып алған жөн.

Кедейлік санамен келе жатқандар «жоқшылық» категориясымен ойлайды, «мен барлығын білемін» деп,  «көпшілік» категориясымен шешім қабылдайды, «қорқыныш» категориясымен өмір сүреді, «кедергілер» категориясының шеңберінен шыға алмайды,  сараңдық пен көрсеқызарлыққа үйір келеді,  қаралы күнге ақша жинайды, болған сәтсіздіктеріне кінәліні тауып алады, барлығын тегін алғысы келеді, адал жолмен баюды мүмкін емес дейді. Бұл тізімді ұзақ тізе беруге болады.

Ақиқат осы... байлық біздің – генімізде

Сайлау Абайділданов: –Қаржылық білімді жинақтауды бастамас бұрын ата-бабаңыздың кім болғанын, немен айналысқанын зерттеп біліңізші. Себебі байлық – біздің қанымызда гендік деңгейде бар дүние. 

Бүгінгі таңда капитал жинаудың алғышарты табыстың 10 %-ын тұрақты түрде жинап отыру, ал бай болғыңыз келсе, 50%-ды жинауды әдетке айналдыру қажет дейді. Қазақ болса, табыстың 50%-ына тиіспей, айналымға енгізумен бағзы заманнан келе жатыр. Бабамыз бір жыл бойы малдың басын (капиталды) көбейткен. Көктем келгенде еркегін сатып, ұрғашысын қалдырған. Былайша айтқанда 50%-ымен өмір сүрген де, 50%-на тиіспеген. Сөйтіп қайтадан малдың басын (капиталын) көбейткен, 50%-ды 100% етуге күш салған.

Өтірік... ақшаның болуы маңызды

Салтанат Минайхан: –Қазіргі қоғамның азғындап кетуі де – ақшаның жетіспеушілігінен. Ақша маңызды емес дей отыра, ақша үшін ұрлыққа түсіп, алдап-арбап, тіпті өзгенің жанын алып жатыр. Ақша – адамның өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін құрал. Студент кезімде жағдайы жақсы балалардың ақшаға келгенде үнемшілдігін көргенде қатты таң қалатынмын. Біз болсақ, ақшаны оңды-солға шашатынбыз. Ақшаны жақсы көретін адамдарды арсыздарға балаппын. Мен қателесіппін. Сосын ақшаны жақсы көру керектігін ұқтым. «Мен үшін ақша маңызды емес» деген ой бізді құртады екен.

 «Кедей мұсылманнан бай мұсылман қайырлырақ» деп бекер айтпаған. Кім ақшаны жақсы көреді, ақша соған тартылады. Тек тартылған ақшаны басқара білсе болғаны. 

                                           Шындық осы...ащы болса да

Сайлау Абайділданов: –Осы уақытқа дейін Батыстан үлгі алып, бүгінгі күнмен өмір сүруді армандадық. Өмір бір-ақ рет беріледі, «же, іш, рахаттан» деген қағиданы ұстандық. Елу жыл өтпей жатып Батыс қайта өзгерді. Батыстық қоғам ізгілікке шақыра бастады. «Отбасыңды ойла», «ертеңіңді ойла», «балаларыңа капитал жинақта» деп ақыл айтып жатыр. Өзіміз білетін дүниенің тонын теріс айналдырып, өзімізге кеңес ретінде айтып, ақылын саудаға салып жатыр.

Қашып құтыла алмайсың... шындықтан

Салтанат Минайхан: –Тоқыраудың үш түрі қаржылай дағдарысқа (кризиске) алып келеді екен: жан-дүние, білім, рухани тоқырау. Егер сіздің бүгін қалтаңыз тесік болса, үшеуінің біреуіне ұшырадым дей беріңіз.

тоқырау

Жан дүниедегі тоқырау. Бүгінгі таңда сіз алып жүрген айлықтың мөлшері – сізге лайықты сома. Сіз сондай сома алуға лайықтысыз деген сөз. Байи алмай жүрсеңіз, жан-дүниеңізге үңіліңіз. Байлар неге қайырымдылыққа миллиондап ақша жұмсайды? Өйткені олар бөліскен сайын несібенің молаятынын жақсы біледі. Қайырымды болу үшін ақшаны күреп табу міндетті емес. 20 000 теңге стипендия алатын студент те қайырымдылық жасай алады. Негізгісі – «қоғамға пайдалы боламын» деген ниеттің бар болуы.

Білімдегі тоқырау. ЖОО-да беріліп жатқан білім түлектерге пайдасын тигізіп жатқаны шамалы. «Талап етпеді», «оқытпады» деп кінә таққанша өз таным көкжиегіңізді өзіңіз кеңейтіңіз. Жауапкершілікті біреуге, мемлекетке, қоғамға артпаңыз. Ол үшін, әрине, кітаппен достасқан абзал. Интернетте отырған кезде де салаңызға, ісіңізге қажет болатын пайдалы материалдарды ғана оқып, керегін түртіп алуды әдетке айналдырыңыз.

Рухани тоқырау. Жан-дүниедегі тоқыраумен сабақтасады. Алайда айырмашылығы бар. Мысалы, сіздің белгілі бір талантыңыз бар, бірақ сіз оны «талант» деп мойындамайсыз. Сондықтан құдай берген талантты дамытудың орнына жұрт жеткен жетістікке қызығып отыра бересіз. Ал басқа біреудің керемет таланты болмаса да, тырысып бағудың нәтижесінде бағы жанып кетеді. Талант деген міндетті түрде алты октавалық дауыс емес. Адамдармен тез тіл табыса білу, өз ойыңды өзгеге жеткізе білу, ақшаны басқара білу – ол да талант. Бір адамда тіпті осындай 2-3 мықты қасиет болуы мүмкін. Сол қасиеттерді кәдеге жаратып, іс бастай алмай жүрген адам болса, ол рухани тоқырауға тап болғанын білгейсіз.

Осы үш тоқырауға ұшырамасаңыз, байлық пен дәулет сізден қашып кетпейді.  Себебі шын мәнінде байлық – тек маңдай тердің ғана емес, терең ойдың жемісі.  

Сұрақтарға шынайы жауап беріңіз!

Сайлау Абайділданов: –«Қаржы бұлақтары» ұғымын халық арасына кеңірек насихаттап жүрмін. Бұл сізге таныс та беймәлім cash flow термині. Сөзді бір жерден естіген сияқтымыз, алайда мән-мағынасын білмейміз. Алдыма келгендер баю үшін алдымен не істеуіміз қажет деген сұрақ қояды. Берер жауабым –  қаржы бұлақтарының көзін ашыңыз.

 қаржы бұлақтары

Қалтаңызға түскен ақша қай жерден түсіп жатыр? Жұмысыңыздан ба? Демек айлығыңыз сіздің қаржы бұлағыңыз. Жұмысыңыздан басқа кіріс көзіңіз бар ма? Бәлкім, жалға беріп отырған үйіңіз бар шығар? Бар болса, ол да бір қаржы бұлағыңыз. Әлде қосымша аударма жасайсыз ба? Аудармадан ақша түсіп отырса, ол да қаржы бұлақтарыңыз бірі. Егер де айлықтан басқа алатыныңыз болмаса, онда бір ғана қаржы бұлағыңыз бар деген сөз. Ендігі мақсат – қаржы бұлақтарының санын көбейту. Олардың саны көбейсе, қаржылық жағдай жақсарады.

Сіз кімсіз?

Салтанат Минайхан: –4 миллион теңге немесе 10 сотық жер беремін десеңіз, кедейлік санамен өмір сүріп жүрген адам жерді таңдайды. Ақша емес, заттай дүниеге көп сенім артады. Ақшадан ақша жасаудың орнына үй салуды жөн көреді. Бір қызығы, кедейге миллион теңге тарту етсеңіз, ол біршама уақыттан соң қайтадан кедей атанады. Байлық санамен өмір сүріп жүрген адам банкротқа ұшыраса, әп-сәтте-ақ қайта көтерілуге күш табады. Бірде Марғұлан Сейсембай БАҚ-қа берген сұхбатында былай деп қалған еді: «Үлкен сомаға қарыз болып қалуым мені кәсіпкерлікпен шынайы айналысуға итермеледі. Былайша айтқанда, басқа амалым қалмады». Байлық санамен өмір сүріп жүрген адам мәселенің шешімін қарастырса, кедейлік санамен өмір сүріп келген кісінің салы суға кетіп, өмірден баз кешеді.

Мойындауымыз қажет...шындық осы!

Сайлау Абайділданов: «9 сағатымыз кеңседе өтеді. Қай кезде қосымша жұмыс жасап үлгереміз?» деп ішіңізден айтып отырсыз. Мәселені шешудің екі жолы бар: біріншісі – тұрақты түрде ақша жинау, екіншісі – сол жиналған ақшаны кіріс көзіне айналдыру.

актив пен пассив

Жылдар бойы тиындап ақша жинайсыз да, жүгіріп барып көлік сатып алмайсыз. Сабырлық танытасыз. Бүгінгі күннің комфортын емес, ертеңгі күннің қамын жейсіз. Ай сайын кіріс алып келетін дүниеге қаржыңызды құясыз. Немесе уақыт өте келе құны өсетінді бүгін сатып аласыз да қолайлы уақыт күтесіз. Мысалы, күні кеше дала шемішке сатып отыратын жігіттер бүгінде үлкен-үлкен компаниялардың басшылары. Мұндай деңгейге олар қалай жетті? Шемішкеден түскен пайдаға олар ішіп-жеген жоқ, киінген жоқ, керісінше тұрақты түрде жинап отырды. Жиналған ақшаға дүңгіршек сатып алды. Дүңгіршектің бизнесі дөңгеленген кезде көлік сатып алып тайраңдаған жоқ. Кафе сатып алды. Жаңа бизнесі аяққа тұрған кезде қонақ үй тұрғызады. Сөйтіп арқаны кеңге жая береді.                               

Сатпадым... шындығым осы!

Салтанат Минайхан: Аға буын маған көп үміт артты. Мен әдебиеттен алыстағанда «сөзді сатып кетті» деп реніштерін білдірді. Шын мәнісінде сөзді сатқан түгім жоқ! Алайда күнін әрең көретін әдебиетші болғым келмеді. Қарызға белшемнен батуым мені кәсіпкерлікке алып келді. Мен қазір бақыттымын. Менің бизнесім қоғамға өз пайдасын тигізіп жатыр. Ал қаламым әркез менің төсқалтамда. Әдебиетке деген адалдық «аш қарынмен шедевр жазу» дегенді білдірмейді. Мен бүгін кез келген бір жас қаламгердің кітабын жарыққа шығарып бере аламын.

Сеніңіз...төртеуін түгендеңіз

Сайлау Абайділданов: –Байлықтың формуласы бар. Жазып алыңыз. Оп-оңай. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді».

байлық формуласы

Төртеуіңіз: денсаулық, уақыт, қаржылық білім және тәжірибе. Деніңіз сау (деп үміттенемін),  әлі жассыз, ендігі кезекте қаржылық білімді, яки сауаттылығыңызды арттыруды қолға алуыңыз шарт. «Қаржылық білім» файлыңыз ақпаратқа толған сайын оны тәжірибе жүзінде қолданып үйреніңіз. Депозитке ақша салу, бизнес ашу, құнды қағаз сатып алу, инвестиция жасау – теорияның тәжірибедегі мысалдары. Тәуекел деп тәжірибе жинақтамасаңыз, сізде ешқашан капитал болмайды.

Біз қаржылық сауаттылық десе, елес көргендей қашамыз. Бізге керегі бақыт дейміз. Шын мәнісінде қаржылай сауатсыздықтың қалтаны тесік қылып қана қоймай, жан-дүниенің де берекесін қашыратынына көз жеткізетін уақыт әлдеқашан жеткен.

 

 

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір