• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 10:46:10
Алматы
+35°

 

Өткен аптада Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің бастамасынан қолға алынған #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына жамбылдықтар да  жаппай атсалысты. Аталған тазалық шарасына Жамбыл облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров бастаған облыс әкімі аппаратының және облыс аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелердің, өнеркәсіп орындарының қызметкерлері мен түрлі сала мамандары  қатысты. 

Бірден айта кетейік, акцияның негізгі мақсаты — су айдындарын күл қоқыстан тазарту болатын. Соған орай сенбілікке шыққандар облыс орталығы Тараз қаласының аумағындағы «Қарасу – 1», «Қарасу - 2», «Түйте», «Төрегелді», «Базарбай», «Үшбұлақ», «Сеңкібай», «Оңтүстік құрғату дренажды», «Тайвань», дренажды каналардың бойы, «Талас» өзені және «Ақбұлақ», «Қаратау» мөлтек аудандарындағы каналдардың жағажайларына тазалық жұмыстарын жүргізді. 

"Бүгінде баршамыз бір кісідей осы каналдар мен өзендердің маңайын тазартуға жұмылып отырмыз. Бұған қала тұрғындары да өз белсенділіктерін танытып жатыр. Бұл бастама тек қала аумағында ғана емес,  облыстың барлық 10 ауданында жүзеге асып жатыр. Ауылдық елді-мекендердегі өзендер мен каналдардың, тіпті қамыс басқан арық-атыздардың да аумақтары тазаланды. Бұл шара атауына сәйкес елді бірігіп еңбек етуге, айналаны таза ұстауға үндейді", – деді Нұржан Календеров.

Қала аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындарының жағалауларын жалпы халықтың бірге тазартуын Тараз тұрғындары да қолдап отыр. Жәнібек Сұрымбай есімді тұрғынның айтуынша, тазалықты сақтау ең алдымен тұрғындардың өздері үшін маңызды.

«Жаз мезгіліде су айдындарының жағалауларының барлығы қоқысқа толып кететіні жасырын емес. Бұған бірінші кезекте, сол маңда қыдыратын адамдар кінәлі. Алайда, «олар шашып кетті, басқа біреу жинап береді» деп отыруға болмайды. Қаланың әрбір тұрғыны қоқыс көрсе тазалап жүргені жөн. Сонымен қатар, дәл осындай сенбіліктерге белсене атсалысқаны абзал», – деді қала тұрғыны Жәнібек Сұрымбай.

Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, 21 нысан қоқыстан тазартылған. Жүргізілген сенбілікке  қала бойынша 4535 адам қатысып, 47 техника жұмыс істеді. Қала аумағында 61,8 шақырым каналдардың бойы тазартылып, 258 тонна күл-қоқыс шығарылды.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір