29 Шілде, 2019 Әлеумет
Абай болыңыз! Смартфондар соқырлыққа соқтырады!
Қазақстанда жыл өткен сайын көз ауруларына шалдыққандар артып келеді. Аталған сырқат әсіресе жастар арасында кең таралып отыр, Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігер-офтальмолог Сұңғат Көпеновтың айтуынша, соңғы 30 жылда алыстан нашар көретіндер (миопия) 4,5 есеге көбейген. Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазады.
«Көз аурулары жастар арасында жиі кездесе бастады. Оның өршуіне гаджеттердің әсері орасан. Соның салдарынан «құрғақ көз» синдромының артқаны байқалады. Бұл бұрын ересек адамдар арасында жиі ұшырасатын» – дейді ол.
Дәрігердің сөзінше, планшеттер мен смартфондар компьютерге қарағанда көзге анағұрлым көп зиянын тигізеді.
«Компьютер мониторындағы әріптер ірі болғандықтан көзге жақсы көрінеді. Сәйкесінше, ондағы мәтінді көру үшін көзге көп күш салынбайды. Ал смартфон мен планшеттегі мәтінді оқуда көз жанарына үлкен көлемде үнемі жүк түседі. Салдарынан көру қабілеті төмендейді» деді офтальмолог.
Гаджеттерді жақын қашықтықта ұзақ уақыт қолдану «құрғақ көз» синдромын тудырып, көз бұлшық еттерін шаршатып, жақыннан көру қабілетін төмендетеді. «Құрғақ көз» синдромының қауіптілі – қажетті мөлшердегі жас бөлінбегендіктен, көз шарайнасы құрғап, жел, шаң-тозаң сынды сыртқы әсерден қорғау қабілеті жойылады. Мұның соңы соқырлыққа дейін соқтыруы мүмкін. Оның алғашқы белгілері – көздік жиі жыпылықтауы мен жасаурауы.
Мамандар жылына бір рет дәрігер-офтальмологтың қарауында болуға кеңес береді. Компьютер алдында ұзақ отыратындар әр 20 минут сайын көзін демалтып тұрғаны жөн. Көз қызарып, шамадан тыс жасаураса, көру қабілеті төмендегені байқалса дереу дәрігерге көрінген дұрыс. Сондай-ақ көзілдірікті базар сынды орындардан емес, маман кеңесі бойынша тапсырыспен алу керек. Тағы бір айта кетерлігі, ұйықтар алдында, қараңғы жерде компьютер мен смартфон қарамаған абзал. Бұл ұйқы фазасының бұзылуына соқтырады.
Сұңғат Көпеновтың айтуынша, Қазақстанда көз жанарын 45 жасқа дейін ғана лазер көмегімен қалпына келтіруге болады. Бірақ оның өзіндік қаупі де жоқ емес. Бағасы да қымбат! Сондықтан көзіңізді күтіңіз!
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір