• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 23:39:31
Атыраулық «Жасыл ел» сарбаздары облыс аумағын 180 текше метр қоқыстан тазартты

30 Шілде, 2019 Әлеумет

"Жусан" операциясы: Елге қан көрген бала, "жезөкше" ана келді

Бұлардың ең үлкен проблемасы – "шубха" деп имамдардың уағызын тыңдамаулары. Ұстаздарының «басқалардың уағызын тыңдамаңдар» деп айтқаны саналарына шегеленіп қалған.

Жұрттан жырақта жүрген әр қазақтың тағдыры бізге қашанда қымбат. Осы тұрғыда Сириядағы отандастарымызды елге қайтаруға талаптанып жатқан мемлекеттің қадамы аса құптарлық. Алайда азаматтарымызды атамекенге әкелу – істің жартысы ғана. Санасы уланған, психикасы бұзылған адамдардың ендігі жайы бізді қатты алаңдатады.

Жыл басынан бері үш мәрте жүзеге асқан "Жусан" гуманитарлық операциясы аясында елге 524 қазақстандық жеткізілді. Олардың 30-ы ер адам, 137-сі әйел, 357-сі бала. Бірі адасып, бірі шатасып теріс ағымның үгіт-насихатына ергендердің дені Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында аттанған.

Жусан операциясы

Отандастарымыздың ондағы бастан кешкендерін естісең жаның түршігеді. Көрмеген теперіші жоқ. Қысқаша қайырса, ерлердің көбі соғыс ошағында опат болған. Әттеген-айы оларын дін жолында шейіт болу, мәртебелі өлім деп түсінеді. Жесір қалған әйелдер өзге біреуге жар атанып кете барады. Ол жақта әйелдерді күйеулерінен тек ажал ғана айырмайды екен. Тояты басылып, қыздың қызығы таусылған соң "талақ" деп "әйелімен" ажыраса салу түк емес. Көңілі қаласа майдандас досына затты тарту еткендей сыйға бере салу да кең кездесетін жағдай. Соның кесірінен бір жылда он шақты еркекке "жар" атанғандар да бар. Ақырында қыз-келіншектер «жыныстық жиһад» аталып жүрген заты кәдімгі жезөкшеліктен айырмашылығы аз жолға түседі. Балалардың ахуалы да қабырға қайыстырарлықтай күйде. Кейде тіпті әкелерінің кім екенін балалардың аналарының өзі де білмей жатады. Сол жақта дүниеге келген балалардың көбі қазақшаға мақұрым. Өзінің тегінің кім екенінен мүлде хабарсыз. Көздерін ашқалы көргені қан, шайқас, өлім. Аялы алақан, мейірім, жылулық дегеннің өмірде барынан хабарсыз олардың санасында, дүниетанымында не болып жатқанын болжаудың өзі қиын. Осылайша, елге қан көрген "шата" бала, "жезөкше" ана келді.

Сурет - BNews.kz

Елге жеткізілген соң олар алдымен бейімдеу орталықтарына жіберілуде. Онда бір ай көлемінде діни оңалту шаралары жүріп, мамандар әңгімелесу арқылы теріс ағым жетегіне кеткендердің бетін бері қаратуға жұмыс жасайды. Артынша тұрғылықты жеріне қарай туған-туыс, жақын адамдарының жанына таралып кетеді. Ары қарай аймақтардағы ішкі саясат басқармалары мен қауіпсіздік мекемелері қызметкерлерінің қадағалауында болады.

Сириядан елге оралғандармен жұмыс істеп жатқан белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы kazgazeta.kz сайтына берген сұқбатында оңалту шаралары үшін бір айдың аздық ететінін айтты.

"Бір айда адамды адам етіп шығару, бүкіл діни нәрсені дәлелдеу, діни сауаттылықты көтеру мүмкін емес. Оның үстіне бұлардың 180 градустық көзқарастарын бері жаққа қарай аудару өте қиын. Бізге берілген уақыт бір ай ғана, бұл өте аз уақыт. Өйткені адамның өзі бір тақырыпты айтқаннан кейін екі-үш күн ойланып, қорытып, қабылдауы керек. Ол сіңгеннен кейін ғана оның нәтижесі шығады. Бұдан ары қарай да бұлар теолог, психологтармен жұмыс істеулері керек" дейді ол.

Дінтанушының бұл сөздері талай нәрсені аңғартып тұр. Шынында да, адамның имандай сеніп жүргенін бір сәтте тәрк ету, жылдар бойы өмірінің өзегі болған ойын теріске шығару қиынның қиыны. Кеңшілік Тышқанұлы теріс ағымға түскендердің өз көзқарасынан қайтпауға тырысатынын, өздерінің идеологиясына деген адалдық, көзсіз жанкештілікті байқаған. Бұлардың ең үлкен проблемасы – "шубха" деп имамдардың уағызын тыңдамаулары. Ұстаздарының «басқалардың уағызын тыңдамаңдар» деп айтқаны саналарына шегеленіп қалған. Ешқандай сыни ойлау жоқ. Ұстаздарының айтқандарының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбестен, ақыл таразысына салмастан қылғыта берген.

Беріш боп қатқан сенімдерінің қате екенін түйсіндіру үшін әлі қанша уақыт керек екені белгісіз. Бірақ мемлекеттің оларды ұдайы ұстай алмайтыны тағы түсінікті. Осы орайда ел болып жұмылып, шалыс басқан бауырларымызды жатсынбай, ортаға сіңуіне жұмыла атсалысу аса маңызды. Қоғам оларды бөліп, шеттете берсе олардың әлеуметтену процесі қиын жүреді. Тіпті сырт айналып кетуі де кәдік. Жат ағымның ықпалына түскендерді бұл кеселден құлан таза айықтырмаса, елде жүрген бөтен ойлы ағымдардың арбауына қайтадан түсіп кетуі әбден ықтимал дейді дінтанушы. Өзі ғана түспей, айналасындағыларды да тартуымен қауіпті бұл қоғамдық дерт кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуді қажет етеді. Жоғарыда аталған ішкі саясат басқармалары мен қауіпсіздік мекемелерінің әдетте есепке алуымен шектелетін шаралары жеткіліксіз. Әуелі ол үшін мемлекеттік деңгейде діни ағымдар туралы ақпараттық дереккөздерге сүзгі жасау керек шығар. Қиялындағы халифатты іздеп, өздері ойдан жасап алған жұмаққа жол тартқан отандастарымыздың бұл жолға түсуі дәл осы теріс ағымдардың ютубтағы идеологиялық видеоларын қараудан басталғанын мамандар талайдан бері айтып келеді.

Діни сауаттылықтың, рухани жұтаңдықтың салдарынан да көлденең кездескен кесапатқа құлай жеңіліп жатқанымыз көпке мәлім. Бәлки, жаппай діниленіп кетпесек те, рухани иммунитет қалаптасарлықтай деңгейде шараларды қолға алған, сол арқылы көптің көкірек көзін ашқан артық етпес. Еліміздің тұтастығын ойласақ, маңызын еш жоймайтын адам сенімінің айналасындағы мәселелер үнемі назарда болуы тиіс.

Автор Меліс Сейдахметов

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір