• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:08:44
+35°

Жамбыл облысында тұрғындардың әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба қолға алынып жатыр.

Бұл жобаның басты мақсаты – қиын жағдайда жүрген адамдарға, отбасыларға әлеуметтік қызметтер мен әлеуметтік көмек көрсетудің ықпалдастырылған үлгісін енгізу бойынша кешенді түрде көмек көрсету. Осы мақсатта ведомствоаралық комиссия құрылған.

Таразда аталған ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өтті. Онда топ мүшелері әр отбасының жағдайын жете талқылап, қандай көмектің шынайы пайдасы тиетінін зерделеді. Соның нәтижесінде, облыста өмірлік қиын жағдайдағы 12 отбасы анықталған. Жұмысшы топтың алғашқы отырысында кешенді көмек көрсетуге алынған 12 отбасының ішінен төртеуінің жеке жоспарлары жан-жақты қаралды. Жалпы, құрылған жұмысшы топтың құрамында жұмыспен қамту, білім беру, құқық қорғау органдары, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау салаларының өкілдері бар

Жиында оларға көрсетілетін  көмек бойынша бағдарламалар жан-жақты талқыланды. Бұл отбасылардағы басты мәселе – баспанасы жоқ, балабақшаға орналастырылмаған кішкентай балалары, денсаулықтарына байланысты мәселелері бар. Тағы осы секілді жағдайларына қарай оларға жан-жақты көмек көрсетілетін болады.

Жағдайы қиын деп бағаланған 12 отбасының кейбірнің, тіпті, тұрғылықты тіркелген мекенжайы да, баспана, жұмысы да жоқ. Араларында тозығы жеткен барак типтес үйде тұратындар да бар. Тіпті, кейбірінің бұндай үйлері де өз иеліктерінде емес екен.Ал қиын жағдайдағы тағы бір отбасы 5 баласымен қоймада тұрып жатыр. Отағасы сол жердің қарауылы болғандықтан, аумағы 12 шаршы метр жалғыз бөлмеде 7 адам күнелтуде. Едені бетон, сыз, суық бөлмеде мүліктен жалғыз кереует бар. Өзгелері сыз тартқан тас еденде жатып ұйықтайды. Балалардың анасы бала күтіміне ай сайын 20 мың теңге, көпбалалы отбасы ретінде 10000 теңге алады. Осыдан басқа түсіп тұрған табыс жоқ.

Аталған қиын жағдайға душар болған отбасыларға тиісті жәрдемақы алуларына және балаларының балабақшаға қабылданып, ересектерінің жұмысқа тұруына және денсаулықтарын күтулеріне пилоттық жоба аясында барынша көмек көрсетілмек.

Қуаныш Кеуілімжай 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір