01 Тамыз, 2019 Түркістан облысы
Арыс қаласындағы 190 жеке тұрғын үй толығымен жөнделіп, пайдалануға берілді
120 үй бойынша қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде.
Бүгін Арыс қаласына Жамбыл облыстық мәслихатттың хатшысы Бағлан Қарашолақов бастаған мәслихат депутаттары, Қоғамдық және Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері арнайы келіп, қаланы қалпына келтіру шараларымен танысты деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Олар орын алған төтенше жағдайдың зардаптарын жою бойынша облыс штабының жұмыстарын көзбен көріп, өңірге тиесілі 3-сектордағы құрылыс барысын жан-жақты барлады. Сондай-ақ, сапар барысында халық қалаулылары жергілікті тұрғындармен кездесіп, хал-жағдай сұрасып, мал сойып, құдайы таратты.
Айта кетейік, бүгінде Арыс қаласын қалпына келтіру шаралары қарқынды атқарылуда десек, ондағы жамбылдық құрылысшылардың жұмысы жемісті деуге толық негіз бар. Нәтижесінде, бүгінде облысқа тиесілі бөліністегі 190 жеке тұрғын үйді толығымен жөндеп, пайдалануға беріп үлгерді. Ал, 120 үй бойынша қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Онда 4 мердігер мекеменің 500-ден астам құрылысшысы еңбек етуде. Барлығы 20-дан астам техника жұмылдырылған.
Еске сала кетейік, Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бары анықталған. Зерделеуден өткен жеке тұрғын үйдің барлығының ақау актілері толтырылып, сметалау жұмыстары жасалған. Қираған 3 үйдің екеуі басынан бой көтеріп, біреуі толық жаңғыртылатын болады. Қалған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір