05 Тамыз, 2019 Экономика
Шетелден тауар алуға тыйым салынады
Бұл бастаманы Үкімет көтеріп отыр.
Қазақстандық шенеуніктерге шетелдік тауарларды сатып алуға тыйым салынуы мүмкін деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Оның ішінде жиһаз, киім-кешек пен тұрмыстық заттар бар. Қаулының жобасы импортталатын жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын мемлекеттік сатып алуларға қатысуға екі жылға шектеу қоюды көздейді. Бұл бастаманы Үкімет көтеріп отыр.
Қазір жоба нормативтік-құқықтық актілер сайтында ашық талқылауға түсті. Шектеу қойылатын тауарлардың тізіміне тағы қандай заттар кіреді?
Мемлекеттік қызметкерлер енді "брендтік" тауарларды уақытша ұмытуы мүмкін. Өйткені, Үкімет ішкі өндіріс нарығын қорғау үшін, ұлттық экономиканы дамыту мақсатында мемлекеттік сатып алуларға шетелден тапсырыс беруге тыйым салмақшы. Қатаң бақылауға іліккен тауарлардың тізімінде тағы мынадай заттар бар.
- Спорттық, шаңғы және шомылуға арналған костюмдер, жалпы киімдер.
- Төсек, асхана, дәретхана және ас үй жабдықтары.
- Су кірмейтін аяқ-киімдер.
- Резеңке немесе пластамассадан әзірленген қонышы ұзын аяқ-киімдер.
- Офиске арналған ағаштан немесе металлдан жасалған жиһаздар және т.б кіреді.
Шеттен импортталатын тауарларды шектеу арқылы жергілікті кәсібін енді ғана бастаған, мемлекет тарапынан қолдауға зәру кәсіпкерлерге көп көңіл бөлінбек. Мәселен, жуырда ғана Шымкенттік тауар өндірушіден мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та 43 өлшемдегі аяқ киім сатып алған болатын. Бағасы да қол жетімді - 21 мың теңге. Бұл жөнінде әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатын президент твиттердегі парақшасында мәлімдеді.
"Жақында етік тігетін жас кәсіпкер туралы жақсы сұхбат жарияланды. Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқ киімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс".
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір