• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
15 Қыркүйек, 12:04:22
Арыстағы әскери қоймада тағы жарылыс болды

06 Тамыз, 2019 Аймақтар

Болат Бақауов, Павлодар облысының әкімі: Халықтың табысын арттыруға күш саламын

Президент Тоқаев facebook, twitter желісі арқылы елдегі өзекті мәселелерді жедел шешуге басты назар аударып отыр. Демек, қоғамда жоғары билікте, Президент әкімшілігінде өзгеріс бар. Ал аймақтағы атқамінер әкімдер өзгерді ме? Әлде әлі де сол бюрократиялық жүйеде өмір сүріп отыр ма? Халықтың мұң-мұқтажына, мәселеге, сауалға жедел жауап бере ала ма?

Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселені зерттеу мақсатымен аймақтағы 14 әкім мен республикалық маңызы бар 3 қаланың басшысына сауалдар жіберді. Біздің сауалдарға диалогтан қашпай ең бірінші болып жауап берген Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов болды.

Енді Qamshy.kz ақпарат агенттігі аймақтағы алаңдатқан мәселелерге қатысты әкімдердің жауабын жариялай бастайды.

Алғашқы сөз кезегі – Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовта!

– Президент Тоқаев қазіргі уақытта әкімдерге ерекше талап қойды. Әкімдердің халыққа жақын болуын ескертті. Бюрократиядан арылу керек екенін айтты. Ал Сіз әкім ретінде халыққа қаншалықты жақынсыз?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасын орындау мақсатында облыс басшысы ретінде тұрғындармен жиі кездесіп тұрамын. Әсіресе, азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын – көпбалалы аналарды, мүгедек бала асырап отырған отбасыларын, қамқоршысынан айырылған жандарды қолдау мақсатында олармен жиі кездесіп, талап-тілектері мен өтініштерін мұқият зерделеп отырамын. Әр айдың бейсенбі күндері азаматтарды қоғамдық қабылдау кеңсесі жұмыс істейді. Облыс әкімі ретінде қабылдауға жазылған әрбір аймақ тұрғынының мәселесімен тікелей айналысып, алаңдатқан мәселелерді тезірек шешуге тырысамын.

– Ал көпбалалы аналардың, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтардың баспана мәселесі өңірде қалай шешіліп жатыр?

– Көпбалалы аналарды, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету - аса өзекті мәселе. Ағымдағы жылдың басынан Павлодар облысында көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 243 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

– Тоқаев халықпен тікелей байланысты күшейту үшін әлеуметтік желіні пайдалануды ұсынды. Бұл орайда сіз қаншалықты белсендісіз?

– Ақпарат ағыны жоғары қарқынмен дамитын заманда әлеуметтік желілерді қолдану аса маңызды. Облыс әкімнің Instagram әлеуметтік желісінде @bbakauov логинімен тіркелген жеке аккаунтым бар. Аймақ басшысы ретінде өз парақшамда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты жоспарлармен, өңірде атқарылып жатқан маңызды іс-шаралармен бөлісіп отырамын. Сонымен қатар, кез келген өңір тұрғыны дайректке жазу арқылы өзінің өтінішін, тілектерін білдіре алады. Азаматтардың өтініштеріне толық әрі нақты жауаптар қалдырып, тиісті мемлекеттік органдарға мәселені жедел түрде шешу жөнінде тапсырма беріледі. Тұрғындардың әрбір өтініші облыс әкімінің жеке бақылауында тұрады.

– Қазіргі уақытта Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Арыста, Теңіз кенішінде және тағы басқа өңірлерде әлеуметтік теңсіздікке байланысты әртүрлі наразылық шеруі өткені белгілі. Ал Сіз өз аймағыңыздағы жағдайдан толық хабардарсыз ба? Мұндай жағдай Сіз басқарып отырған өңірде де қайталануы да мүмкін ғой...

– Бүгінгі таңда елімізде түрлі наразылық шерулері өткені белгілі. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан халықтың өзекті мәселелерін бақылауда ұстап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалынуда.

– Сіз үшін қазіргі уақытта аймақ үшін басты проблема не? Оны шешудің жолы қандай?

– Халықты толғандыратын негізгі мәселелердің бірі - қоршаған ортаны қорғау мәселесі болып отыр. Осыған орай 2018 жылды Павлодар облысында экология жылы болып жарияладық. Нәтижесінде экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жоспар әзірленді. Оның ішінде атмосфераны қорғау, биоәртүрлілік, энергия үнемдеу және т.б. бағыттар бар. Тоқсан сайын өнеркәсіп кәсіпорындарының басшыларын тартып, үкіметтік емес ұйымдар және ғалымдардың қатысуымен диалогтық алаңшалар ұйымдастырылады. Облыстағы барлық ірі кәсіпорындардың басшылары журналистерге арнап брифингтер өткізді. Сонымен қатар, заманауи экологиялық мобильді постылар іске қосылды.

Халық назарындағы тағы бір мәселе – миграция. Барлық әлемде жүріп жатқан урбанизация процесі бізді де айналып өтіп жатқан жоқ. Тұрғындардың, әсіресе жастар арасында Нұр-Сұлтан, Алматы сынды үлкен қалаларға қоныс аудару тенденциясы байқалады. Бұл мәселені шешу мақсатында бірнеше бағдарламалар қолға алынуда. Мысалы, өңірімізде «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы жүзеге асырылуда, бұл бағдарлама арқылы еліміздің онтүстік аймақтарынан, Нұр-Сұлтан қаласынан, Екібастұз қаласына 103 көпбалалы отбасы қоныс аударды. Екібастұз қаласына қоныс аударған барлық отбасыларға пәтер беріліп, жұмыспен қамтылды. «Серпін» бағдарламасы да өңірімізде 5 жыл қатарынан жүзеге асырылуда. Облысымызға келіп, оқуын бітіріп, жұмыс жасап жатқан жастар да аз емес. Бұл бағытта жұмыс одан ары жалғасатын болады.

– Президент Тоқаев тамыз айында Ұлттық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы болатынын жария етті. Алматы қаласында да әкімнің жанынан құрылған арнайы қоғамдық кеңес бар. Мұнда негізінен тұрғындардың талап-тілегі айтылып, мұң-мұқтажы ескеріледі. Бұл орайда сіз басқарған әкімдік халықтың талабына қаншалықты құлақ асып отыр?

– Жыл басынан бері 4 облыстық, 37 қалалық және аудандық қоғамдық кеңестердің отырысы өткізілді, 134 нормативтік-құқықтық актілері бойынша ұсыныстар берілді, жеке қабылдауда 17 өтініш беруші қабылданды.

Қоғамдық кеңестер жергілікті полиция қызметі мен басқа да мемлекеттік органдар басшыларының құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі есептерін қарайды. Отырысқа қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың басшылары және сарапшылар шақырылады. Өткізілген отырыстардың және мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізудің қорытындылары бойынша облыс әкімінің атына шаралар қабылдау үшін аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдары жолданады.

Қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы материалдар арнайы сайтта орналастырылады.

– Сіздің аймақтағы шетелдіктер басқаруға алған өндіріс орындары мен кәсіпорындағы отандық жұмысшылардың жағдайы қалай? Олардағы жалақы айырмашылығының бар екені Сізді алаңдатпай ма?

– 2019 жылғы қаңтар-маусымда 16 жұмыс берушінің өтініші бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 55 адамға рұқсат берілді, оның ішінде 2 санат бойынша – 15, 3 санат бойынша – 24, 4 санат бойынша – 12, корпоративішілік ауыстыру шеңберінде – 4.

2018 жылдан ауысатындарды ескере отырып, ағымдағы жылғы 28 маусымдағы жағдай бойынша облыста 15 жұмыс берушіге берілген 110 рұқсатнама бар, оның ішінде құрылыста – 40 адам, тау-кен өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 29, өңдеу өнеркәсібінде – 37, тұру және тамақтану бойынша қызметтер – 3, білім беру саласы бойынша – 1 адам бар екенін айта кеткен жөн. Шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындардағы әлеуметтік-еңбек жағдайы тұрақты.

Облыс әкімдігі еңбек заңнамасының, соның ішінде аталған кәсіпорындарда, барынша сақталуына тұрақты түрде бақылау жүргізіп отыр. Әзірге еңбек жағдайлары, еңбек саласындағы кемсітушілік, соның ішінде шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасындағы еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік мәселелері бойынша арыздар мен өтініштер түскен жоқ.

– Ұлттық, мемлекеттік тақырып мәселесі өте өзекті, Бұл орайда республикалық деңгейдегі қазақ сайттары белсенді жұмыс істеуде. Ал Сіз басқарған әкімшілік республикалық ауқымдағы қазақ сайттарымен қаншалықты маңызды байланыс жасап отыр?

– Павлодар облысының әкімдігі республикалық қазақ сайттармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ағымдағы жылы www.dalanews.kz және www.elana.kz сайттарымен мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс атқарылуда.

– Өз басыңыз қазақ елінің қазіргі даму жайына қалай қарайсыз? Жаңа президент Тоқаев билік басына келді. Енді не өзгереді, не өзгеруі тиіс? Ал Сіз немесе өзіңіз басқарған әкімшілік басқару менеджментінде, қоғамда және халықпен қарым-қатынаста қандай өзгерістер жасап жатыр?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісер алдындағы халыққа арналған сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық саясатын жалғастырып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыратынын мәлімдеген еді. Ең алдымен өткір әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысып, әлеуметтік саясатты жаңғыртумен айналысатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол қазақстандық кәсіпкерлерді қолдап, инвестицияларды тартуға көңіл бөлетінін, әр Қазақстан азаматының құқығын қорғап, біртұтас қоғам құру жолында жұмыс істейтінін айтқан болатын.

Ал Президенттің осы аймақтағы өкілі ретінде өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартып, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік осал топтарды тұрғын үйлермен қамтамасыз етуге күш саламын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз етіп, халық алдында есеп беріп отыруын тапсырды. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік органдардың шығындарын қысқартып, бюджеттік қаражатты үнемдеп әрі мақсатты түрде жұмсауды жүктеді.

Жалпы алғанда, атқарушы билік өкілдері болып табылатын жергілікті жердегі әкімдер болсын, әр түрлі салада қызмет атқаратын басқарма басшылары болсын өзі басшылық ететін мекеменің жұмысы, мақсат-міндеттері туралы қоғам алдында ашық әрі жүйелі қызмет атқаруы тиіс деп санаймыз.

Осыған орай, Павлодар облысында әр мемлекеттік органның басшысы әлеуметтік желілерде тұрғындарға өзі басшылық ететін аймақ немесе сала бойынша есеп беріп отырады. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органның басшысы, әкім немесе басқарма басшысы болсын, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БАҚ өкілдерінің алдында атқарылған жұмыс туралы есеп беріп, сол арқылы аймақ жұртшылығына өзінің жұмысы туралы баяндайды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Маржан Сәбет

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір