• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Сәуір, 11:16:58
+35°

24 Шілде, 2019 NEWS

Шығыс жұрты ақын ұлына темір тұлпар мінгізді

Жыр кеші Пушкин атындағы облыстық кітапханада кездесумен басталды.

Өмірі мен өлеңі қамшыдай қатар өрілген Ұлықбек Есдәулеттің жыр кеші өтті Өскеменде. Биыл көктемде мерейлі 65 жасқа толған ақынға жерлестері айрықша құрмет көрсетті. Ал қасиетті Зайсан топырағынан түлеп ұшқан ақиық өз жанынан жырсүйер қауымды Алтайдай асқақ, Ертістей тұңғиық өлеңдерімен сусындатты, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын, журналист Ұлықбек Есдәулеттің жыр кеші Пушкин атындағы облыстық кітапханада кездесумен басталды. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов және басқа да құрметті қонақтар арнайы келіп қатысты. Емен-жарқын әңгімелесіп, ашық сұхбат түрінде өрбіген кездесуде Ұлыағаң сонау естелікке айналған бала күндерін, "ақындық дерті" асқынған жастық шағын, журналистік қызметіндегі қызықтарын әдемі әзілмен тұздықтай отырып әсерлі жеткізді. Өз тарапынан кеш қонақтары арасынан ақынның досы Түсіпхан Түсіпбеков өткен күндерден естелік айтса, ақсақал Советхан Қалиғожин арнау өлеңін оқып, ақ батасын берді.

Сонымен қоса жиналған қауым белгілі әнші Роза Рымбаеваның арнайы жолдаған бейнесәлемін тамашалап, Майра Қаламқызы мен Қайрат Майжаровтың орындауындағы Ұлыағаңның сөзіне жазылған "Заман-ай" әнін тыңдады. "Тамшы" шығармашылық орталығының жастары ақын өлеңдерін оқыды. Мерейтой иесіне қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген адамдарға ақынның кітабы тарту етілді.

Бұдан кейін жырсүйер жұрт облыстық драма театрға жиналды. Мұнда ақынның "Алтын ұям – Алтайым" атты шығармашылық кешінің шымылдығы түрілді.

– Бүгін міне жерлестеріммен қауышып, керемет кеш өтіп жатыр. Осыны ұйымдастырған облыстың басшылығына, кітапхана басшыларына, жаздық демалысын қиып келіп отырған өздеріңізге шын көңілден алғысымды айтамын. Жалпы кейінгі кжылдары Шығыста рухани мұрамызды байытатын оңды істер көптеп атқарылып жатыр. Соның бірі Берел, Шілікті, Елеке Сазы сияқты тарихи жерлерде жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары. Бұл біздің сонау сақтар мен түркілерден қалған құнды жәдігерлерді әлемге жарқыратып көрсетуге мүмкіндік береді, – деп атап өткен Ұлықбек Есдәулет сахна төрінен тыңдарманға арнап сиясы кеппеген жаңа өлеңдерінің бір парасын оқыды.  

Көпшілік алдына шығып, ақжарма тілегін арнаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова: – Сізді ұлы ақын деп білеміз. Деніңізге саулық, басыңызға амандық тілеймін. 65 жас мерейтойыңыз құтты болсын! – деп ізгі тілегін жеткізіп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің құттықтау хатын оқып берді. Артынан ақынның иығына шапан жапты.

Бұдан кейінгі сахнада ақынның сөзіне жазылған "Заман ай", "Тоты құс", "Гүл бақта", "Мөлдір мекен", "Сағынған жоқпын", "әкеме", "Ақ желкен", "Құс жолы" сынды әндер шырқалды. Бір ерекшелігі, ол әндерді Шығыстың өнер жұлдыздары орындады.

Сондай-ақ бұл кеште Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елкезек, белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов және басқалары сөз алып, қаламдастарына ақжарма тілегін жаудырып, әзіл өлеңдерін оқыды.

 – Ұлыағаң туған жеріне келіп жатқанда қуаныштан шет қалмайық деп бізде жеттік. Бұл кісі мемлекеттік сыйлықты, "Құрмет" орденін алғанда шын қуанғамыз. Кітаптары қаншама шетел тілдеріне аудаырылды. Тек біздің ғана емес қазақтың мақтанышы бұл кісі. Сондықтан осы елдегі бауырлары бірге келіп құттықтайық деп отырмыз, – деп ағынан жарылған атымтай жомарт азамат Қайрат Мусин Ұлыағаңа темір тұлпардың кілтін ұстатты.

Сөйтіп Алтайдағы ағайын-жұрт ақын ұлына осылай құрмет көрсетті. 

 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір