• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
23 Қыркүйек, 21:21:52
"Шетелде оқу – өмірлік миссия мен қызметтік жолыңызды тануға көмектеседі"

15 Тамыз, 2019 Денсаулық

Медициналық сақтандыру: Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда

2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген.

Еліміздің денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістердің бірі медициналық сақтандыру жүйесі өз жұмысын 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастайды. Қазақстан Республикасының Үкіметі алдағы жылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (ТМККК және МӘМС) бойынша көрсетілетін қызметтер тізімін бекітті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2020-2022 жылдарға арналған бюджет жобасында 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын қаржы 1 трлн 620 млрд теңге деп белгіленген. Бұл биылғы шығындардан 67%-ға көп. Аталған қаржының 967,7 млрд. теңгесі тегін медициналық көмекке, 652,8 млрд теңгесі – сақтандыру пакеті бойынша көрсетілетін қызметтерге жұмсалады.

Тұрғындар денсаулығын сақтаудағы маңызды саланың бірі – бастапқы медициналық-санитарлық көмек, яғни, елордалықтар қаралатын емханалар, сондықтан осы салаға басымдық беріледі.

 «Бастапқы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында емханалардың жүктемелерін азайтуға бағытталған іс-шаралардың картографиясы жасалды. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңына дейін қала маңында тұратын 100 мыңнан астам тұрғын өзі тұратын үйден 20 метр қашықтықта орналасқан емханалармен қамтамасыз етіледі. Бұған жекеменшік инвесторлардың көмегімен жаңа емханалар, дәрігерлік амбулаториялар ашу арқылы қол жеткізуге болады. Болашақта емхана қызметі – медицина саласының бәсекелестік алаңына  айналары сөзсіз. Ал, бәсекелестік бар жерде, кез келген қызметтің сапасы артады, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Айта кетейік, Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 95 медициналық ұйымның  60-ы жекеменшік.

МӘМС енгізу шеңберінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі кеңейеді, жекеменшік клиникаларды тарту арқылы бәсекелестік нәтижесінде, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артады.

Бүгінгі күннің өзінде елордамыздағы емханалар "Астана –  адалдық алаңы" жобасы аясында  дәрігерлердің қабылдауына смарт-қосымша немесе бірыңғай call-орталық – 109 арқылы алдын ала жазылу арқылы "кезексіз" жұмыс режиміне көшті.

Емхана немесе тікелей дәрігер туралы тілектер мен пікірлерді Smart Аstana мобильдік қосымшасы арқылы қалдыруға болады. Ол үшін ұялы телефонға арнайы QR-кодты сканерлеу жеткілікті.

Ақпараттық киоск пен смарт-қосымшадағы барлық ақпарат, соның ішінде шағымдар, дәрігерлердің жұмысын бағалау қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ахуалдық орталығында жиналады, бұл көрсетілетін медициналық көмек деңгейін талдауға және сапаны жақсарту үшін шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Біз сөзбен айтқанда, еліміздегі, елордамыздағы емдеу мекемелері медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жұмыс жүргізуге жұмылдырылуда.

Осы ретте, көп жылдық тәжірибесі бар дәрігер, Астана медицина университетінде болашақ медицина мамандарына дәріс беріп жүрген ұлағатты ұстаз, медицина ғылымдарының докторы, профессор  Ерболат Дербісәліұлы Дәленовті сөзге тарттық:

 – Ерболат Дербісәліұлы, еліміздің денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып келе жатқан ардагер-дәрігерлеріміздің бірі ретінде Медициналық сақтандыру жүйесі туралы өзіңіздің пікіріңізді білсек?

– Медициналық сақтандыру жүйесімен еліміздің денсаулық сақтау саласындағы қордаланған мәселелер шешіледі. Біріншіден, жүйенің қаржылық-экономикалық негізі қалыптасқан. Екіншіден, денсаулық сақтау саласын цифрландыру барысында медициналық қызмет көрсету жүктемелері жеңілдеп, уақыт ұтымды пайдаланылады. Үшіншіден, науқас пен  дәрігер арасында дифференциалдық қарым-қатынас орнайды. 

Медициналық сақтандыру – халықтың денсаулығын қорғау жүйесі. Дамыған елдердің көпшілігінде денсаулық сақтау саласында осы жүйе қолданылады. Мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа қолайлы жағдайлар қарастырып, ұтымды және жақсы мүмкіндіктер жасап отыр. Десек те, әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты,

Әр адамның өз денсаулығы өз қолында дейсіз ғой...

– Иә, әр адамның денсаулығы өзінің қолында. Мысалы, шетелдерді, дамыған елдерді қарайтын болсақ, олардың жергілікті тұрғындарының барлығының дерлік өз денсаулықтарын күту туралы ақпараттары өте күшті. Денсаулықты сақтау мәдениеті жағынан біздер Америка, Жапония елдерінен 25 жылға  қалыс қалдық. Денсаулық мәселесіне соңғы 10-15 жылда ғана көңіл бөлінуде...

Ерболат Дербісәліұлы, әр адам денсаулықты күту, ауруды болдырмау үшін не нәрсеге мән берген жөн?

– Ауруды болдырмас үшін, ең бірінші денсаулықты қалай сақтау керек, қалай күту керек – сол мәселелерге көңіл бөлу керек. Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша  денсаулықтың  53 пайызы – адамның өзінің өмір сүру салтына байланысты, 18 пайызы – сыртқы ортаға байланысты, 18-20 пайызы – адамның тегіне байланысты, қалған 5-10 пайызы ғана – денсаулықты сақтау ұжымдарына байланысты. Міне, сондықтан да өмір сүру салтымызды өзгертуіміз керек.

Жалпы, сау ағзаны бұзатын қандай факторлар?

– Сау ағзаны бұзатын факторларды екіге бөлуге болады: сыртқы қатерлі, зиянды факторлар және ішкі факторлар.

Сыртқы қатерлі факторлар өте көп: климатқа, ауа-райына байланысты факторлар, механикалық факторлар, биологиялық факторлар, инфекциялардың, микробтардың әсерлері. Онан кейін химиялық факторлар, әртүрлі өнеркәсіптегі химиялық заттардың әсері, сосын экологиялық мәселелер (жылдан жылға біздің экологиямыз бұзылып бара жатыр), жұмыс орындарындағы мәселелер, т.б.

Ерболат Дербісәліұлы, сонымен, тұрғындар, яғни әр адам «Денсаулық әліппесін» неден бастағаны абзал?

– Денсаулық әліппесі:

* ең бірінші, жеке бас гигиенасынан басталу керек;

* екіншіден, дұрыс тамақтану керек, дұрыс ұйықтау керек;

* жұмыс орындарындағы гигиеналық тазалықтың дұрыс сақталуын ескеру керек;

– көп жұмысты мойынға алмау керек, нақты бір-екі жұмыспен ғана айналысу керек. Көбінесе барлық жұмысты бірден, қатар атқарамын дейді де, адам өзінің жүйкесін тоздырып алады;

– әр адам өз денсаулығын сақтау үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, денесін шынықтырумен айналысу керек.

Дені сау болу дегеніміз – ол адамның кез келген сыртқы орта жағдайында ұзақ өмір сүре білуі, бейімделу процестерінің жеткіліктілігі, ішкі орта тұрақтылығының сақталуы, дұрыс тамақтануы, қатерлі факторларға қарсы тұру қабілеттілігі, төзімділігі. Денсаулығын күту – бүгінгі әр азаматтың қоғам алдындағы борышы. Ал, ауыра қалсаңыз, дәрігерге кешікпей жету керек. Ол үшін медициналық сақтандыру жүйесінде барлық жағдай қарастырылған.

Ерболат Дербісәліұлы, медициналық сақтандыру жүйесі туралы пікір білдіргеніңіз үшін, денсаулықты күту жайында ақыл-кеңестер бергеніңіз үшін рахмет!

Сұқбаттасқан

Жанаргүл ҮМБЕТОВА,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының

ақпараттандыру бөлімінің бас сарапшысы.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір