• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Тамыз, 02:18:57
Сенім үдесінен шыққан банк

16 Шілде, 2019 Әлеумет

100 нақты қадам: Жемқорлық қарсы күресті күшейту – бүкіл қоғамның міндеті

Еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті болғаны дұрыс", – деп мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлықтан ада болу керектігін атап көрсеткені белгілі.

Расында жемқорлық деген жегі құрт. Ол қоғамның дамуын тежейді. Бұл ешқашан қоғам назарынан тыс қалған емес. Өйткені мемлекет мүлкін талан-таражға салып, кенеттен пайда көздегендер қай заманда да болған. Бірақ жемқорлыққа тосқауыл қоймаса, тағы болмайды. Елбасы Назарбаев "100 нақты қадам" Ұлт жоспары стратегиялық бағдарламасында мұны айқын әрі ашық атап көрсетті. Қай бір баяндамаларында болсын, онымен толыққанды күресудің жолдарын көрсетті. Ұлт жоспарының 13-қадамында "Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында арнайы бөлім құру керектігі" атап көрсетілген. Бұл жоспар қазір жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Жемқорлыққа  қарсы арнайы агенттік құрылды. Қазақстан бұл орайда әлемге үлгі екені де белгілі. ТМД-да бірінші болып "Сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы"  Заң қабылдады.

Бұл Қазақстан үшін ғана емес, дүние жүзі үшін ғаламдық проблема екені белгілі. Сондықтан қай бір мемлекет болсын, ең алдымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға тырысады. Күресті күшейтеді. Жемқорлықтың орасан зор зияны және салдары бар.

Қоғам жемқорлыққа душар болса, оның зардабы қиын. Неге?

Біріншіден, экономикалық реформалардың дамуына тосқауыл болады.

Екіншіден, көлегейлі экономика өршиді.

Үшіншіден, қоғамда масылдық өрбиді. Жалқау жатыпішер, кенеттен баиитындардың қатары көбейеді.

Төртіншіден, жемқорлық ұлттық қауіпсіздік пен тәуелсіздікке үлкен қатер төндіреді.

Сол үшін не істеу керек? Ең алдымен қажетті қатаң заңнамалар қабылданады. Оны жүзеге асыру тетіктері күшейеді. Мұның барлығы қазір Қазақстан мемлекетінде бар. Айта кету керек, Елбасы, Тұңғыш президентіміз Назарбаев бастаған сабақтастастықты қазір Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып отыр. Оның жұртшылыққа жасаған алғашқы кіріспе сөзінің бірі де сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту болды. Тіпті Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелелері жөнінде алғашқы кеңесін де өткізді.

– Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деді Президент Тоқаев сол жиында сөйлеген сөзінде.

Президент Тоқаев жемқорлықтан арылудың жолдарын да анық көрсетіп берді. Ол үшін не істеу керек?

Алдымен қоғамды дамытып жатқан адамдардың санасы тазару керек. "Кенеттен баю" ешкімге жақсылық әккелмейді. "Ұрының арты – қуыс". Түптің түбінде бұл қылмыс бәрібір ашылады. Жемқорлықпен байып, мемлекет қазынасын талан-таражға салып, ұшпаққа шыққан ешкім жоқ. Сондықтан оның тамырына балта шапқанда ғана ол ол түбірімен құриды. Бұл мемлекеттің ғана ісі емес. Оған қоғам болып қарсы тұру керек. Ол үшін ең алдымен қоғамдық бақылауды күшейткен жөн. Бір ғана мысал, соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы 900-ге жуық ұсталған. Кейбіреулері бюджеттен жымқырған ақшаларын мемлекет қазынасына қайтарды. Бірақ  ұрланған қаржы көптеген мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орындалуына кесірін тигізді. Мұны қоғам да, Президент Тоқапев та біліп отыр. Сондықтан да неғұрлым бюджет саясаты ашық болса, соғұрлым жемқорлықтан ада боламыз. 

Сыбайлас жемқорлықтан ада болудың ең дұрыс әдісі цифрландыру екені түсінікті. Бұл орайда елемізде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, қазіргі уақытта табысты жүруде. Мемлекеттік қызмет көрсету толықтай электрондық нұсқаға көшсе, онда жемқорлық та азаяды. Бәрі ашық түрде жүргізіледі.

Қазіргі уақытта егер қарамағындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысын отставкаға кетіру туралы мәселе жиі қозғалуда. Бұл жайт кезінде Елбасы Назарбаев тарапынан да, қазіргі президент Тоқаевтың аузынан да айтылды. Демек, бұл сабақтастықтың нәтижесі сөзсіз жемісті болады. Өйткені жемқорлыққа қарсы күресті күшейту президенттің ғана шаруасы емес. Бұл бүкіл қоғамның міндеті екенін айта кету керек.

Бек Байтас

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір