• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:40:52
Алматы
+35°

16 Тамыз, 2019 NEWS

Шығыс Қазақстандағы жаңа оқу жылына дайындық туралы айтылды

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап облыстағы мектептерде 1 сыныпқа баратын балалардың құжаттары электронды түрде қабылдануда.

Жаңа оқу жылында облыстағы 655 мектепте 193 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал бірінші сыныпқа 21 мыңнан астам бүлдіршін қабылданады. Бұдан бөлек ағымдағы жылы 4, 9 және 10 сынып оқушылары жаңартылған мазмұнда білім алады. Ал келесі жылдан бастап 11 сыныптың балалары да осы бағыт бойынша оқитын болады. Осылайша, біздің өңір мектептері жаңартылған мазмұндағы білім алуға толық көшеді.

– Облыстағы мектептерде 2019-2020 жылғы оқу жылында 61 364 бала оқитын болады. Өңірімізде балабақша, шағын орталықтар мен мектеп-балабақша кешендері де жұмыс істейді. Онда 15 631 бала тәрбиеленуде. Жалпы айтқанда, біздің аймақтағы 3-6 жастағы бүлдіршіндердің 100 пайызы мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтылған, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Жиын барысында балаларды бірінші сыныпқа 6 жастан бастап қабылдау туралы норманың енгізілуі туралы сауалдар қойылды. Оған жауапты сала мамандары жаңа оқу жылынан бастап бірінші сыныпқа 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толған балаларды және ағымдағы жылдың соңына дейін 6 жасқа толатын балаларды қабылдауға болатыны туралы кеңінен түсіндіріп берді. Әрине, бұл ретте ең бастысы ата-ананың қалауы ескеріледі.

Айта кетейік, 1 сыныпқа келген балалар үшін білім беру бағдарламасы бойынша әріп оқыту, есеп шығару, жазу, мәтін оқу қарастырылған. Ал мектепалды даярлығынан өтпеген балалар үшін мектептерде даярлық курстары жұмыс істейтін болады.

Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап облыстағы мектептерде 1 сыныпқа баратын балалардың құжаттары электронды түрде қабылдануда. Қызметтің түрін ата-аналар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы www.vko.ddo.kz сайтынан ала алады. Аталмыш жоба ата-аналар үшін тиімді. Өйткені олар баласын мектепке үйден шықпай-ақ орналастыра алады. Сайт арқылы өтініштерді қабылдау 1 шілдеден 30 тамызға дейін қабылданады.

Брифинг барысында жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасына көшу мәселесі кеңінен талқыланды. Ағымдағы жылдың бірінші қыркүйегінен бастап 4,9,10 сынып оқушылары осы бағытта оқитын болса, 11 сынып оқушылары келесі жылдан бастап бұл бағдарламаға қосылмақ. Сөйтіп, келесі жылы барлық мектеп жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарамасына көшеді.

Оқушыларды оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында биыл облыстық бюджеттен 2 млрд. 383 млн. теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес өңірдегі мектептерде білім алып жатқан барлық оқушы жаңа оқу жылының басында оқулықтармен қамтамасыз етіледі.

Ал бастауыш сыныптарына арналған қосымша жұмыс дәптерлермен қамтамасыз ету мәселесіне келетін болсақ, оны сатып алуға ата-аналар міндетті емес. Оқу барысында қарапайым дәптерлерді қолдануға болады.

–  Облыстағы 1-4 сыныпта оқитын 82 162 оқушыны дәптермен қамтамасыз ету үшін 752,4 млн. теңге қажет. Бұл облыс бюджеті үшін қомақты сома. Сондықтан, біз ата-аналар Білім және ғылым министрлігінің кеңесіне құлақ асады деп немесе балалары үшін дәптерлерді алуда бірлескен жауапкершілікке келеді деп үміттенеміз, – деді Әсем Нүсіпова.

1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады. Осы орай аталмыш акция биылдан бастап ағымдағы жыл соңына дейін өтетінін айта кеткен орынды. Акция аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларындағы 33000 мыңнан астам баланы қолдау жоспарланып отыр, бұл мақсатта жалпыға міндетті оқу қорынан 2 млрд. теңге бөлінеді.

Бюджет қаржысынан бөлек, көмекті демеушілер мен меценаттар да көрсетуде, олардың көмегімен бүгінгі күнге 14 343 балаға 157 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Айта кетейік, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар тегін мектеп формасымен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.К.Ахметовтың бастамасымен өңірімізде жаратылыстану пәндері бойынша заманауи материалдық базаны құру және оқу үрдісіне ІТ технологияларын енгізуге бағытталған «Менің мектебім» жобасы жүзеге асырылуда.

Аталмыш жоба аясында екі жыл ішінде аймақтағы барлық 655 мектепте ІТ сыныптары жасақталды. Биыл 378 ІТ сыныбы ашылды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 899 млн. теңге жұмсалды.

Оқушылар ІТ бағдарламаларды меңгеруі үшін Семей қаласындағы Электротехникалық колледжі мен Өскемен қаласындағы Политехникалық колледжі базасында 3-11 сыныптарда сабақ беретін оқытушыларды ІТ бағдарламалары бойынша оқыту ұйымдастырылды. Екі жыл ішінде 1127 мұғалім курстық даярлықтан өтті. Ооның ішінде 2019 жылы шағын жинақталған мектептерден келген 573 мұғалім бар.

Сол уақыт аралығында 8 мыңнан астам оқытушылар білімін жетілдірді. Оның ішінде 500 физика, биология, химия, информатика пәндерінің мұғалімдері бар.

2016 жылдан бастап өңірімізде үш тілдік білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Облыстағы 11 мектепте ағылшын тілінен бөлек, француз тілін де оқыту қолға алынады. Бүгінгі күнге 200 оқушы француз тілін оқып жатса, 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап олардың саны 1000 балаға жетеді деп күтілуде.

Облыстағы білім ошақтары жоқ 307 ауылдық округтің балаларын жақын маңдағы мектептерге тасымалдау жүзеге асырылады. Бұл мақсатта 163 автобус бөлінген. Осы орайда өзге ауылдарға барып оқитын 3695 оқушы бар екенін атап өткен орыды. Оның ішінде 2 948 бала күн сайын сабақ біткен соң үйлеріне жеткізілсе, 750 оқушы мектеп жанындағы интернаттарда тұратын болады.

Ағымдағы жылы алғашқы қоңырау күні жексенбі күнімен тұспа-тұс келіп тұрса да, салтанатты шара өтетін болады. Ал мектеп оқушылары мен колледж студенттері 2 қыркүйектен бастап оқуға кірісе алады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір