• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Қыркүйек, 21:11:15
Кекілбаевқа арналған кеш

18 Тамыз, 2019 Сұхбат

Abyroikz ұлттық киімдер дүкендері желісінің басшысы: Сапалы адамнан ғана сапалы өнім шығады

Кәсіпте бастысы – ақша емес, нарықтың мұқтаждығын орындау.

Бүгін ғой Abyroikz дүкендер желісі ұлттық киімдер мен кәдесыйлар әзірлеу ісіндегі белгілі отандық бренд. Төрт тағандап тұрған тұрақты даму стратегиясы бар компания. Алайда алғашқыда абыройлықтар да талай сын-қатерден өткен. Нарықта наныңды тауып жеу қиын заманда жетістікке жету жеңіл болмаған. Сондықтан да компанияның ісін дөңгелетіп отырған Айдар Мәсімғазының бизнесті жүргізу бойынша айтары аз емес. Осы орайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі "ұлттық киім  бизнеске қалай айналды", "кәсіптен нәсіп көру үшін не істеу керек" деген сұрақтарға жауап іздемек.

Дүкендер желісінің басшысы біршама уақыт бұрын сайтымызға берген сұқбатында бұл саладағы істер сувенир сатудан басталғанын айтқан-ды. Осы ретте "пұл таппа, жол тап" деген сөз еске түсіп тұр. Сондағы кәдесый сату – үлкен мақсатқа бастар кішкентай жол болғаны ғой.

Айдар аға

"Құралайды ұнатып жүріп, сувенирлерін де ұнатып қалдым"

Кейіпкеріміздің бұл кәсіпке келуінің өзі қызық. Жасынан саудамен шұғылданып, ауылда "коммерсант бала" атанып, қатарының алды болды. Қиын-қыстау 90 жылдардың аяғына таман, 2000 жылдардың басында елдер бір жалақының өзіне әрең қол жеткізгенде жас кәсіпкер шытырлатып ақша санап жүрді. Оған үлкені де, кішісі де дән риза. Таңданып, тамсанып қарайды. Мектепті тәмәмдаған соң оқуға түсе алмай саудаға шындап ден қойды. Бірақ арық айтып, семіз шыққанды жөн санағандықтан айқайлап айтпаса да, сол кездің өзінде ұсақ істен гөрі, ірі дүниені жаны қалады. Өзін іздеумен болды. Іздегенге – сұраған, өмір жолы оны бұрыннан таныс ауылдасы, бүгінде үйінің түтінін түтетіп, кәсіпте қанаттасып қатар жүрген болашақ жары Құралаймен табыстырды. Жас қыз ол кезде кәдесый дүкенінде сатушы екен. Айдар Мәсімғазы ол шақ жайлы "Құралайды ұнатып жүріп, сувенирлерін де ұнатып қалдым" деп күле еске алғаны бар.

"Құралаймен кездеспес бұрын құдайдан болашақ жар сұрағанда былай сұрайтынмын: Менің алты жеңгемнің әрқайсысының өзіне тән жақсы қасиеттері бар. Бірақ маған ешқайсысына ұқсамайтын ерекше жан – анама ұнамды келін, мені абыройлы қылатын әйел, балаларыма жақсы тәрбие бере алатын ана бере көр, – деп сұрадым. Алла ұлық қой, сұрағанымды берді. Әрдайым жанымда. Ұзағынан сүйіндірсін!"  – дейді кейіпкеріміз.

Осылайша өмірлік жар да, жаны қалап жүрген іс те орайымен жолықты.. Екі жас көп ұзамай шаңырақ көтерді. Ортақ іс – кәдесый, онда да ұлттық бұйымдар сатумен айналысты. Араға уақыт салып ұлттық нақыштағы киімдер өндірісін дөңгелетіп, бүгінде ұршықша иіріп отырған жайлары бар.

Абырой

 "Халықтың мұқтаждығын өтесең, ақша өзі-ақ келеді"

Сырттай қарағанда жетістікке жеткен жандардың жолы тек жеңістен тұратын сияқты. Немесе бүгінгі бары мен байлығы, биігі мен беделі бұрыннан табиғи болып көрінуі мүмкін. Асылында мүлде олай емес. Олар да сан рет сүрінген. Тек қайта тұра білді. Осы ретте әуелі мінез аса маңызды қажеттілік дейді Айдар Мәсімғазы. Мінез болғанда да жігер, қайрат, мақсатқа ұмтылу, әр сәтсіздіктен салыңды суға кетірмей, керісінше алға жүру. Әлдекімдердің керітартпа сөздеріне ерместен, көздегеніңе тура ұмтылу. "Шегірткеден қорықсаң, егін екпе" демей ме қазақ. Кәсіпте де солай! Өзіңе сенімсіз босаң ісіңнің оңға басуы қиын.

Алайда мінез кәсіп жүргізуге қажетті негізгі қасиеттің бірі ғана. Кәсіпкер оң, солын бағамдап, мүмкіндігін шамалап, нарықты зерттеп алғаны дұрыс. Көзсіз тәуекелге бару – сәтсіздікке ұрындырады. Әрі өзін жетілдіріп, өзінен тәжірибелі, көргені, білгені көп адамның ақылын тыңдау да артық етпейді. Бүгінгі интернет заманында өзіңді дамытудың, ілім-білім алудың жолы көп. Кәсіпкер өзіне бір кездері бизнес-тренер кеңесінің үлкен көмек болғанын айтады.

"1992-1993 жылдан сауда жасап бастадық. 2005 жылға дейін Қазақстанда бизнес-тренингтер, семинарлар болған жоқ. Бәрі әйтеуір өз тәжірибесімен, бір құлап, бір тұрып жүріп жатты. Бірақ бәрібір бизнесте жөн сілтейтіндей, үйренетіндей бірдеңе қажет. Ол кезде ондай болмады. Өзіме үнемі бірдеңе жетпейтін сияқты көрінетін. Қайдан түскенін, бірде Брайан Трейсидің кішкентай кітапшасы қолыма түсті. Қателеспесем, "21 секрет успеха миллионеров" деп аталады. Оқысам, кітап құдды мен үшін жазылғандай. Сонда 40 плюс деген формула бар. 40 деп отырғаны күніне 8 сағаттан, 5 күндік жұмыс қой. Трейси 40 сағат күнкөріс, жанбағу үшін жұмыс істеу керек те, табысқа жету үшін "плюс" уақыт жұмыс істеу қажет дейді. Осыны оқыған соң бүкіл өмірім фильм кадрлары сияқты көз алдыма келді. Қателіктерімді түсіндім. Кей адамдар бизнес-тренерлер туралы "жеңіл ақша табу жолында жүргендер" деп жатады. Бірақ солардың айтқандарынан, кітаптарында жазғандарынан он жыл бұрын жіберген қателіктеріңді айналып өту жолын көресің. Сонда "қап осы кітапты 10 жыл бұрын оқығанымда ғой" дейтін кез болады.

Бүгінде бизнес бастағысы келетіндерге кәдімгідей жеңіл. "Ақылды адам өзінің қателігінен түзеледі, данышпан адам біреудің қателігінен түзеледі" дейді. Түрлі кітаптар оқып, соны саралай отырып, шынайы өмірмен ұштастырсаң, кәсібің нәсіп әкелмей қоймайды. Тек біздің бір кемшіл тұсымыз – біреудің айтқанын тыңдағымыз келмейді. Немесе біреуден үйренгенімізді, идея алғанымызды "алдым" деп мойындағымыз келмейді" –дейді ол.

Кәсіпкер бизнесте велосипед ойлап табу міндетті емес деген пікірде. Одан да барды дамыту әлдеқайда тиімді. Кәсіпте бастысы – ақша емес, нарықтың мұқтаждығын орындау. Қажетіне жарар тауар я қызмет ұсыну. "Халықтың мұқтаждығын өтесең, ақша өзі-ақ келеді" дейді ол.

Айдар Мәсімғазы шариғат талаптарына сай зекет, садақа беру, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды әдетке айналдырған. Оның айтуынша, алғыс алған сайын адамның рухы өседі, жолы ашылады. Кәсібі де дөңгелей түседі. Қайырымдылық жасаған сайын адамның ризық-несібесінің арта түсетінін байқаған. Бүгінде бір топ кәсіпкермен бірігіп құрған "Ұлағатты ұрпақ" қоғамдық қоры тұрақты түрде оңды істерге ұйытқы, қайырымдылық шараларға бастамашыл болып жүр. Қор оқуда озат, талантты оқушыларға үнемі қолдау білдіріп келеді. Айталық, былтыр 250 балаға шәкіртақы тағайындап, көптің ризашылығына бөленген.

"Abyroikz"- тің кешегісі мен бүгіні һәм ертеңі

Дүкендер желісі о баста "Сый отау" деп аталыпты. Халық дүкенге сыйлық алуға келгендіктен, атау да соған мағыналық жағынан жақын болсын деген ой басшылыққа алынған. Бірақ уақыт нарық үшін компания атының да тілге жеңіл әрі дыбысталуы жарқын, елең еткізетін, шақырып тұратындай болуы тиіс екенін көрсетті. Екіншіден, қазақтың ұлттық киімі дегенде базардағы арзан, сапасыз, үйлесімі жоқ қытай мен қырғыздар тігіп жатқан дүниелердің елестейтіні өндірушілердің жанына батып,  жүрегін сыздатты. Осы олқылықтардың орнын толтыру, қазақ киімінің түсіп кеткен құнын, қадірін көтеру – компанияның алға қойған мақсатына айналды. Ұлттық киімнің абыройы, сол арқылы ұлттың абыройы биік болсын деген ниетпен дүкендер желісін "Abyroikz" деп атады. Өндірушілер атаудың еселенген жауапкершілік жүгін артатынын да жете түсінеді.

абырой

Бұл күндері өндірушілер абырой биігінен көрінуде. Тігін шеберханасынан шыққан қазақтың ұлттық киімдерінің даңқы ел ішін айтпағанда алыс-жақын шетелдерге дейін жеткен. 2004 жылы Жапонияда, 2008 жылы Испанияда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяда, 2015 жылы Италияда өткен ЭКСПО көрмелерінде Қазақстан атынан ұсынылып, көпшіліктің көзайымына айналған ұлттық киімдер дәл осы "абыройлықтардың" өнімі. Одан бөлек Германия, Нидерланды, Қытай, Ресей сияқты елдерде өткен халықаралық көрмелердің төріне де кәсіпорын шеберханаларынан шыққан киімдер қойылған.

Абырой

Былтыр компания қажылық сапарды өтеушілерге арнап бірыңғай киім үлгілерін тіккендерінен де көпшілік хабардар. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қазақстандық қажылардың бірыңғай үлгідегі киім кигенін құп көріп, конкурс жариялады. Бәйгеге жоғары талап қойылды. Діни киім болғандықтан жасалатын үлгінің қиындығы мен жауапкершілігі еселене түсетіні белгілі. Бұл істе де "абыройлықтар" шеберлігі мен кәсібилігін дәлелдеп, конкурсқа қатысқан 15 компания ішінен оқ бойы озық шықты. Оған әділ-қазылар алқасынан бөлек, додаға түсушілердің өздері де шәк келтірген емес.

Абырой

"Abyroikz"-тің киімдерін елге белгілі өнер және спорт адамдарның үстілерінен де аз көрмейсіз. Солардың қатарындағы белгілі актер Бекжан Тұрыс, дәстүрлі әндерді шырқайтын "Алатау серілері" тобы, ережесіз жекпе-жек шеберлері ағайынды Ардақ, Бейбіт Назаровтар дүкендер желісінің тұрақты тұтынушылары.

Абырой

Абырой

Кәсіпорынның ішкі "асханасының" жұмысы жүйелі тәртіпке негізделген. Өзін дамытам, жетілдірем деген қызметкерге мүмкіндік көп. Қолынан іс келетін, тындырымды, адаммен қақ-соғы жоқ кадрды басшылық көтермелеп, қызметтік сатымен өсіріп отырады. Қажеттілікке қарай компания өз есебінен шетелге шығарып, іс-тәжірибеден өткізеді. Қарапайым қызметкерден, дүкен директорларына дейін шеберлікті шыңдаумен қатар, рухани кемелдену мәселесіне зор мән береді. Өйткені "сапалы адамнан ғана сапалы өнім шығады" деген ұғым "абыройлықтардың" жұмыс жүргізудегі басты қағидаты.

Абырой

Ұлттық киім өндірушілерінің болашаққа түзген жоспарлары жетерлік. Компания жақын келешекте әлемдік брендттермен тайталаса алатын, елімізде теңдесі жоқ, жоғары классты костюмдер тігуді қолға алмақ. Ол үшін шетелден қажетті машиналар алдырып, шеберлерді тігін ісі жақсы жолға қойылған Қырғызстан, Қытай, Түркия сияқты елдерде оқытып жатыр. Артынша, сол жақтың білімі мен тәжірибесін отандық өндіріске ендірмекке ниетті.

Жатса да, тұрса да ұлттық киімнің өрістеп, өз биігіне шығуына талмай еңбектеніп жатқан "абыройлықтарға" тек табыс тілейміз!

Оқи отырыңыз:

♦ Айдар Мәсімғазы: Саудамен айналыспасаң, "саудаң" бітеді...

♦ Атадан қалған кәсіп: Ұлттық киім қалай тігіледі? 

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір