• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
22 Қыркүйек, 20:07:46
Кекілбаевқа арналған кеш

19 Тамыз, 2019 Әлемде

Атамбаевтың ұлы: "Әкемнен тәркіленген мүлік жайлы мәліметті бұрмалап отыр"

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың ұлы бас прокуратураның әкесінің мүлкі жайлы мәліметті бұрмалап отыр деп есептейді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Кадырбек Атамбаев Facebook желісіндегі өзінің парақшасында бас прокуратура «өз жанұясына тиесілі емес мүлікті тіркеп жібергенін» жазған. «Билік өкілдері айтқан 120 мүліктің ішіндегі 101-і Атамбаевқа да, оның жанұясына да тиесілі емес екенін атап көрсеткім келеді. «КыргызАвтомаш» біріккен акционерлік қоғамы 2007 жылдан бері бізге тиесілі емес» дейді ол.

"Бас прокуратура менің әкем Алмазбек Атамбаевтың және біздің туыстарымыздың тәркіленген мүлкі мәселесінде қоғам алдында әдейі айла-шарғы жасайды деп санаймын. Алмазбек Шәршенұлына және бізге, отбасына тиесілі делінген 120 дана мүлік жайлы мәлімдеме жасағым келеді. Біздің отбасы мүшелерінің атына жазылған нәрсе шын мәнінде бізге тиесілі емес, ал медиакеңістікке шығып жатқан жалған ақпараттар биліктің қара пиары деп санаймыз", - деп мәлімдеді Қадыр Атамбаев.

Кадырбек Атамбаевтың айтуынша, олардың жанұясында «Кыргызстан» банкінде 2002 жылы ашылған жалғыз есеп-шот бар. Ал «Апрель» телеарнасының Жалал-Абадта мүлкі жоқ. Телерадио ұйымдары қауымдастығы да Атамбаевтар жанұясына тиесілі емес.

Атамбаевтың ұлы әкесінің Кой-Таштағы үйден басқа мүліктері ол президент болғанға дейін алынғанын айтады. Ол бас прокуратура дерегінде Атамбаевтың мүлкі ретінде аталған 1985 жылы қайтыс болған атасының үйі де енгізілгеніне таңғалып отыр.

«Әкеміз тоқсаныншы жылдардың басына бастап кәсіпкер және меценат ретінде белгілі болғанын еске салғым келеді. Ол - өзінің жағдайын мемлекеттік қызметте емес, бизнеспен айналысып жүріп жасаған адам» дейді Кадырбек Атамбаев.

Қырғызстан бас прокуратурасы биылғы 16 тамызда Алмазбек Атамбаевтың мүліктері, бағалы қағаздары, акциялары, банктегі есеп-шоттары, «Кыргызавтомаш», «Апрель-ТВ», «Медиа Форум» компанияларының мүліктеріне тыйым салынғанын хабарлаған.

"Мен Нариман Төлеевтің банкінде де қаражатымыз болған деген жалған тізімге таңғалдым. Шын мәнінде бізде "Қырғызстан" Коммерциялық банкінде тұрған шот бар және бұл шот 2002 жылдан бері болған, ол кезде банк Шарипа Садыбакасова иелігінде еді. Бас прокуратура елдегі барлық банкті, тіпті Пәкістанның Ұлттық Банкінің филиалдарын да атап өтуге шешім қабылдаған сияқты. Бас прокуратура барлық тәркіленген машиналардың тізімін жариялап, олардың барлығы 90-жылдары және 2000-жылдары шығарылғанын және сотқа дейін тартып алынғанын мойындағысы келмейді", - деп атап өтті Қырғызстанның экс-президентінің ұлы.

Атамбаевтың адвокаты Слесарев тамыздың 15-і күні Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында қамауда отырған бұрынғы президентке жалпы саны 14 айып тағылғаны туралы мәлімдеген. Олардың арасында билік өкілдеріне күш көрсету, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру, адам өлтіруге оқталу, кепілге адам алу, заңсыз қару ұстау және жемқорлыққа байланысты тағы бірнеше айып бар.

Биыл мамырда Қырғызстан парламенті бұрынғы президентке тиіспеушілік туралы заңға өзгертулер енгізген. 27 маусымда парламент Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған.

Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. 2017 жылғы қазанда өткен сайлауда өзін қолдайтын билік партиясының кандидаты Сооронбай Жээнбеков президент болып сайланып, қызметін кіріскенде Атамбаев оған батасын берген.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір