• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Сәуір, 19:49:57
Алматы
+35°

АҚШ-тың ең ірі инвестициялық банктерінің бірі - Bank of America (BofA) сарапшылары «алдағы уақытта біраз елдерге ұлттық валютасын  30 пайызға құнсыздандыруға тура келеді» деп мәлім етті. О тізімнің ішінде Орта Азия елдерінің ішінде Қазақстанда бар.  Аталмыш банк сарапшыларының байыптауынша, Қазақстан мұндай әрекетке еріксіз барады. «Егер олай етпесе бұл елді экономикалық тұрақсыздық күтіп тұр» дейді халықаралық сарапшылар. 

Халықаралық сарапшылар алға тартып отырғандай, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының түсуі, Ресей рубльінің шегіне жете құлдырауы, Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық байланысының төмендеуі және сауда-саттық байланысында баға тепе-теңдігінің болмауы мәселені осыған әкеліп тіреп отыр. АҚШ банкінің жорамалынша, біздің ұлттық валютамыз биылғы жылдың соңына дейін құнсызданып, елде бір доллар 400 теңгеден асып жығылуы мүмкін. 

Отандық сарапшыларымыздың біразы осы уақытқа дейін бізге экономикалық өсім болуы үшін елде бір доллар 370 теңге болуы керек деген еді. Ал бұл мәселеге қатысты еліміздің Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досав мырзаның ойынша, теңгенің құнсыздануына қатысты болжамның басым бөлігі екі факторға негізделеді: біріншісі - мұнайға әлемдік бағаның төмендігі, екінші - Ресей рублінің құнсыздануы. Осыған орай  бас банкир  өз кезегінде «мен шындығында біз үшін мұнай бағасы маңызды фактор болып табылады деп санаймын. Дегенмен, біз таяу арада айырбас бағамының күрт өзгерісіне жол бермейміз»деген болатын.

Негізінен, Ұлттық банктің теңгені қолдауға қатысты саясатына байланысты отандық экономист-сарапшыларымыздың біразы «теңгені қолдауда жалғыз Ұлттық банк пен Үкіметтің саясаты аздық етеді. Әлем бойынша бірқатар елдердің валютасы түсіп жатқанда біз теңгені қашанға дейін тежеп ұстай алар екенбіз» деген ойларын алға тартып отыр.

Бұл ретте, экономика ғылымының докторы, профессор, Бейсенбек Зиябеков

«Қазір Ұлттық банк ақша-несие саясатын реттей алып отыр. Дегенмен, девальвацияны болдыру немесе болдырмау тек қана Ұлттық банктің қолында тұрған жоқ. Білесіз, көршілес Ресей рублі күн сайын құнсыздануда. Әлемде шикізат бағасы түсуде. Әлем бойынша бірқатар елдердің ұлттық валютасы құнын түсірді. Осылайша шикізат бағасы төмендеп, экспорттан түсетін доллар көлемі шектеліп отырған кезде, теңгенің бағамын тежеп ұстау – біздің алтын-валюта қорымызға қауіп төндіретін жайт. Осы уақытқа дейін Ұлттық банк теңгенің құнын ұстап тұрды. Енді бұдан әрі ұстап тұруға мүмкіндік те болмай қала ма деп ойлаймын. Өйткені әлемдік экономикалық ахуалдың қиындай түсетіні баршаға белгілі.Сондықтан біз теңгені уақытша ғана тежеп ұстап тұра аламыз. Біз шикізатқа тәуелді ел болғандықтан, шикізат бағасы түскен сайын бізге келер түсімнің де азаятыны мәлім. Ал мұның арты ұлттық валютамыздың құнсыздануына апарып соқтыратыны даусыз»,-деді.

Жалпы, теңге бағамына қатысты мамандардың пайымдауынша, егер алдағы екі айда әлемдік нарықта мұнай бағамы 65 долларға көтеріліп, Ресей рубльі еңсе тіктер болса, сондай-ақ Қазақстан нарығында рубль 4,2 теңгенің көлеміне көтерілер болса, онда Ұлттық банк теңгенің бағамын 380-385 теңгенің аралығында ұстап тұра алады. Бірақ отандық сарапшыларымыз осылай дегенмен, кешелі бері халықаралық Экономикалық даму орталығының сарапшылары мұнай бағасының арзандауына қатысты Ресейдің бюджет көлемі тағы да де азаятынын, рубльдің бағамы жаз өте тағы да құнсыздануы мүмкін екенін құлаққағыс жасады. 

Бұған қатысты  экономист-сарапшы: Марал Төртенова:

«Ресейдің Орталық банкіне рубльді тежеп ұстап тұру арзанға соғып тұрған жоқ. Біздің экономикамыз Ресейге байланып тұрғандықтан бұл жерде Ресейдің валютасының құнсыздануы бізге әсер етпейді деуге негіз жоқ. Әзірге Ұлттық банк теңгенің бағамын қалыпты ұстап тұра алады. Бірақ бұл уақытша құбылыс. Біздің экономикамыз тікелей мұнайдан түсетін түсіммен толығып отырғандықтан бұл жерде біз әлемдік мұнай бағасына қатысты, елге тартылып жатқан инвестицияларға қатысты да болжам жасағанымыз абзал. Егер болашақта мұнайдан түсетін түсім артса теңге бағамы да нығаймақ, түсім азайса онда теңгені девальвациялауға тура келеді. Бұл енді баршаға белгілі жайт. Ал қазір біз ел экономикасын доллардан арылтуға, Ұлттық қордан қаржы бөліп отандық өндірісті қолдауға, сырттан инвестиция тартуға кш салып жатырмыз. Егер мұның барлығы сауатты, орындалса, біз дағдарыстан ұтып шығуымыз да мүмкін. Сондықтан қордан бөлінген қаржыны қатаң бақылауда ұстап, әрбір саланы қолдауға бейіл танытқанымыз жөн»,- деді.

Авторы: Қарлығаш Зарыққанқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір