• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:24:46
Алматы
+35°

19 Тамыз, 2019 Аймақтар

Жамбыл мемлекеттік бағдарлама аясында қайтарымсыз гранттар берілмек

Бұл грант тек жаңа бизнес идеяларды іске асыратындарға беріледі.

Жамбыл облысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз грант беру мәселесі қолға алынуда деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл грант тек жаңа бизнес идеяларды іске асыратындарға беріледі. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар жаңа кәсіпкерлікті ашуға ниеті болса, жобасын ұсынып, іскерліктің қыр-сырын меңгереді. Содан соң 505 мың теңге қайтарымсыз грантты иеленіп, ниеттенген кәсібін ашып, отбасылық бизнесін бастауға мүмкіндігі бар.

Егер 4 немесе одан да көп балалы, аз қамтылған отбасы болса, біздің басқармаға келіп, тиісті құжаттарды тапсырады. Бұл грант тек бизнес идеяны жүзеге асыру үшін болғандықтан, жоба ұсыну міндетті. Содан соң «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 айға дейінгі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсында оқып, 16759 теңге мөлшерінде стипендиямен де қамтылады. Бұған 3 айға дейін қысқа мерзімдік оқуды аяқтаған азаматтар және қоныс аударушылар, оралмандар қатыса алады.

Облыс аумағындағы қалалық және барлық аудандық халықты жұмыспен қамту орталықтарының сұраныстарына сәйкес биылғы жылға 940 грантқа жалпы 474,6 миллион теңге бөлініпті.

Осы грантты алып, жаңа ісін бастауға ниетті азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш жазады. Жеке басты куәландыратын құжат, салық комитетінен заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаның көшірмесін, әзірлеген бизнес-жоспарын, «Бастау бизнес» жобасымен оқудан өткен сертификат немесе қысқа мерзімдік оқу туралы куәлігін, мекенжай немесе ауыл әкімдігінен анықтама өткізеді. Ал оралмандар оралман куәлігін әкелуі тиіс.

Айта кетейік, бұл грант тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне, жалдау ақысына берілмейді.

Халық нақылында «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген нақыл бар. Яғни, дайын асты емес, соны табатын, еңбекке жетелейтін кәсіпке бағыттауды меңзейді. Дәл сол секілді бұл грант та тұрақты табыс түсіретін кәсіп ашып, еңбектенуге жол ашпақ. Егер отбасылық жағдайыңыз жоғарыда айтылған талаптарға сай келсе, мүмкіндікті жіберіп алмай, қайтарымсыз грантты алып, іс бастауға қамданыңыз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір