• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 21:28:59
Алматы
+12°

02 Шілде, 2015 Саясат

«СЕРПІН -2050» ЖОБАСЫ ЖӘНЕ ТАЛАПКЕР - 2015

Маусым айының орта шенінде «Серпін» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестірушілер кеңесінің бастамасымен шығыс, солтүстік, батыс өңірінің бір топ ЖОО-ның...

Маусым айының орта шенінде «Серпін» әлеуметтік жобасының республикалық үйлестірушілер кеңесінің бастамасымен шығыс, солтүстік, батыс өңірінің бір топ ЖОО-ның басшылары мен өкілдері Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарын аралап, өңірдің басшылары, білім жүйесінің  жетекшілері, мектеп бітіруші түлектерімен, сондай-ақ жергілікті БАҚ өкілдерімен кездесулер өткізді. Сапарды «Серпін» жобасының үйлестіру Кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов басқарып барды. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, жайлы қызметін шегеріп қойып, «Серпін» жұмысын қоғамдық негізде басқарып, ел жастарының болашағына ерекше жол салар жобаны «жанын жеп» атқарып жүрген бұл азаматтың тұла бойындағы сенімділігіне, сөз бен ой көкпарындағы жігері мен қайратына сапарнама барысында әбден куә болдық... Бұл өз алдына бөлек әңгіме. Сапарнаманың «әлқиссасын» жолға шығуға жетелеген себептерге шегініс жасай отырып жалғастыруды жөн санадық.

Жастар сарайы

Бірінші шегініс. Елімізде былтырдан бастап Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруды және еліміздің болашағы жастарды жұмыспен қамтамасыз етуді көздейтін, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» деген ұранды жанына жалау еткен «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы қолға алынған болатын. Жобаның басты мақсаты – жұмыспен қамтамасыз етудегі әлеуеті төмен, бірақ демографиялық өсімі жоғары оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялды-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жәрдем етіп, кейін оларды сол өңірдегі бос жұмыс орындарына орналастыру. Өткен жылы аграрлық және техникалық колледждерге 1000, ал жоғары білім жүйесіндегі педагогикалық мамандықтарға 1050 грант бөлініп, соның нәтижесінде бүгінгі таңда  2050 жас түлек Қазақстанның шығысы мен батысы және теріскей өңірінде білім алып жатыр.

Абенов Мурат

АЛАШТЫҢ АНАСЫ. Алғашқы кездесу Сыр өңірінен бастау алды. Қазақ жұртының арқалы ел атануына тарихта ерекше орны бар болғандықтан «Алаштың анасы» атанған бұл өңір «Серпін» туралы ақпаратты қалт жібермей, елеңдеп отырғаны, облыс басшылығы да жобаның экономикалық-әлеуметтік астарын қапысыз аңғарып, оны назардан шығармай бақылап отырғаны аңғарылады. Мұны сапарлаушылар, біздер, Сыр өңірінің әкімі Қырымбек Көшербаевпен болған кездесуде анық көз жеткіздік. Облыс әкімі «Серпін» жобасының Сыр өңірінің жастарына, мемлекетіміздің дамуына қосар үлесі мол екендігіне сенімі зор екендігін ерекше атап өтіп, жергілікті басшылық тарапынан жобаға тікелей қолдау да, көмек те көрсетілетінін атап өтті. Облыс әкімінің қабылдауынан кейін сапарлаушы топ облыс орталығы мен аудан басынан келген мектеп бітірушілермен кездесіп, жобаның мазмұнын түсіндірді. Кездесуге қатысушылар ЖОО басшылары мен өкілдерінің сөздеріне ерекше ден қойып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сұрақтардың алуан түрлі мазмұны Сыр жұртшылығының жобаға деген қызығушылығы өте жоғары деңгейде екенін көрсетті. Жалпы, былтырғы 2050 гранттың 3/1 бөлігіне ие болған Сыр өңірінің жастары биылғы бәйгеден де оза шығуды көздейді.

Екінші шегініс. Биылғы 2015 жылы колледждерге 1200 грант, ал ЖОО-ның үлесі 5000 (бес мың) мемлекеттік білім грантына кеңейтіліп, оның жалпы саны 6200-ге жетті.  Бөлінген гранттардың басым көпшілігін экономиканың маңызды салаларына тікелей қатысы бар  әрі индустриялы-инновациялық бағдарламаға аса қажет мамандықтарға бағыттау көзделген. «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының шеңберінде бөлінетін гранттардың, мамандықтардың көбеюі және оған еліміздің солтүстігі мен шығысынан қатыстан жоғары оқу орындарының қатарының кеңеюі алдағы басталғалы тұрған талапкерлерді ЖОО қабырғасына қабылдау науқанында талапкерлер арасында бәскелестікті күшейтері анық. Бұған биылғы «Серпіндік» гранттарға 19 жоғары оқу орындарының қатысатынын ескерсек, бәсекелестік көрігінің қыза түсері анық.

Шымкент

ОРЫНЫ БӨЛЕК ОҢТҮСТІК. Сапардың жалғасы шырайлы Шымкентте жалғасын тапты. Демографиялық өсім қарқыны өзге аймақтарға қарағанда оқ бойы алда тұрған оңтүстіктің «Серпінге» деген ықыласы ыстық екені байқалады. Күннің қырық градустық ыстығына тұспа-тұс келген кездесулерде облыс басшылығы да, қалың жұртшылық та «Серпінге» қатысуға аса ықыласты екендігін байқатты. Облыс әкімінің орынбасары Айтаханов Ерлан Қуанышұлы «Серпін» жобасы туралы ақпараттарды жергілікті БАҚ арқылы насихаттауға қолдау көрсететінін, электрондық ақпарат құралдары арқылы берілетін жарнамалық роликтерге  жеңілдік жасауды телекомпаниялардың басшыларынан сұрайтынын, аудан-аудандарды аралап үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге ұйымдастырушылық бағыттардағы жұмыстарда көмек көрсететінін атап өтті. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы «Серпін» жобасының үйлестіру Кеңесімен және жобаға қатысушы ЖОО басшыларының БАҚ өкілдерімен кездесуін ұйымдастырып, жылдам ақпарат таратуға жәрдем етті. Күннің ыстығы ауа Шымқаланың орталығындағы «Жастар» сарайында мектеп бітіруші жастармен кездесу ұйымдастырылды. 1200 орындықты Сарай түлектер мен олардың ата-аналары, ұстаздары қатарымен лық толы. Биылғы жылы мектеп бітірушілер саны жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрған түстік облыстың жастары «Серпін» туралы ақпараттарға сергек қарап отырғаны байқалды. Жоба шеңберінде былтырғы жылы 815 гранттқа ие болған оңтүстік жастары солтүстікке аттануға даяр екендігін тағы да аңғартты.

Үшінші шегініс. «Серпін-2050» , шын мәнінде, әлеуметтік жоба. Осы жоба арқылы грантқа ие болған мектеп түлегі өз отбасына жылына 1 миллион көлеміндегі шығынды үнемдейді екен. Ол шығынның атын атап, түрін түстейтін болсақ мынадай болар еді: 340-370 мың көлеміндегі оқу ақысы, жататын орын, жүріп-тұру шығыны т.б. Үкіметтің назарында ерекше бақылауда тұрған «Серпін» жобасы арқылы қабылданатын талапкерлерге жағдай жасауда солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінің жоғары оқу орындары аянып қалмайтыны айтылған сөздерден, баяндалған ақпарлардан байқалып жатыр. Кейбір ЖОО-ның  басшылары жаңа жатақханаларына «Серпін» жобасымен түскен талапкерлерге ұсынатынын  айтып жатты. Қазыналы Қостанай өңірінің өкілі ретінде біз де өз тарапымыздан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталатын Қостанай мемлекеттік университетіне инженерлік техникалық, ауылшаруашылығы және оны өңдеу технологиясы, ветеринария бағытына 450 грант бөлінгенін айта келе, талапкерлерді граннтар бәйгесінен бағын сынауға шақырдық. Өзге кісілер де осындай мазмұндағы ойларын ортаға салды. Бірақ таңдау тізігіні – талапкерлерде.

ТЕКТҰРМАС ӘУЛИЕ ЖӘНЕ АЙША БИБІ ЖЕРІНДЕ. «Серпіннің» шашбауын көтеріп жүрген сапарымыздың үшінші кезеңі қасиетті Әулиеата жерінде өтті. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев «Серпін» жобасының мақсат-мүддесін жүзеге асыру жолындағы қам-қаракеттерді арқалап жүрген топты арнайы қабылдап, қолға алынып жатқан істің мән-маңызына ерекше қызығушылық танытып отырғанын жасырмады. Бұл орайда, өңір басшысы былтырғы жылы Жамбыл облысынан «Серпіннің» білім грантына ілінген түлектер санының аз болғанына қынжылыс білдірді. Облыстың білім жүйесінің басшысына мұндай олқылықтың орын алған себебін баяндап беруді талап етіп, биылғы жылы бітірушілер мен қалың жұртшылықты жоба туралы  ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізуді талап етті. Халқына жақын әкім дереу сол жерде алыстан келіп отырған ЖОО басшылары мен өкілдерін қала бойынша өтетін аттестат беру салтанаттарына қатыстырып, аудан-ауданды аралатуға көлік беруді жұмыстарын ұйымдастыруды өз орынбасары  Е. Манжуровқа тапсырды.

«Әулиеата» өірінің әкімінің қабылдануынан арқаланып шыққан біздер Жамбыл облысының аудандарына жол тарттық. Шынында да облыстың жұртшылығы «Серпін» жобасы жайлы ақпараттарды ден қоя тыңдап, мектеп қабырғасынан түлкеп ұшқан жас түлектерін мемлекеттік білім граттарының байқау бәйгесіне қосып, халыққа жақын осындай жобаны ұйымастырған Үкімет басшыларына үлкен ризашылығын білдіріп жатты. Жұрттың ризашылығына куә болған біздер өз өңірлерімізге үлкен жауаптылық күтіп тұрған салмақты арқалап қайттық...

«Серпін» жобасы жастардың мемлекет есебінен тегін білім алуға септігін мол тигізетіні анық. Топ болып аттанып, түстік өңірді аралап шыққан сапардың қортындысынан түйген салмақты ойлардың бір парасы осындай болды.

Алмасбек Әбсадықов, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқу және тәрбие проректоры

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір