• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 12:27:31
Алматы
+35°

20 Тамыз, 2019 Аймақтар

Жамбылдық шаруалар уақытпен санаспай шабындықта жүр

Мәселен Мойынқұм ауданында шөп дайындау науқаны басталғалы бір ай көлемінде уақыт өтіп, шаруалар шабындық басында уақытпен санаспай қызу еңбек етуде.

 

Ел экономикасының негізгі драйвері агро сала екені белгілі. Оны Елбасы да, Президент те баса айтып, әрбір сөзінде ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріп келеді. Ал егістен мол өнім алу үшін алажаздай дала төсінде тірлік ету керек болса, төрт түліктің басын көбейту үшін күтім мен жемі дайындалуы қажет. Осы орайда жамбылдық қожалықтардың қысқа қамдануы қуанарлықтай деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мәселен Мойынқұм ауданында шөп дайындау науқаны басталғалы бір ай көлемінде уақыт өтіп, шаруалар шабындық басында уақытпен санаспай қызу еңбек етуде. Солардың бірі - 2003 жылы құрылған «Айқын» шаруа қожалығының шабындыққа шалғы түсіріп, қыстық мал азығын жинауға білек сыбана кіріскендеріне бір айдан аса уақыт өтті. Ақ бас және Ангус қара бұқаларын сырттан әкеліп, асылдандыру бағытында сиырдың етті тұқымын өсірумен айналысып жатқан қожалық иелігінде бүгінде 720 қой, 313 сиыр, 150-ге тарта жылқы малы бар.

«Мал азығы – жан азығы» екенін етене жақсы білетін қожалық жетекшісі Айдар Кемелқұловтың қожалығында 560 гектар шабындық және 440 гектар жайылымдық жерлер бар. Қожалық бүгінгі таңға 4 мыңға жуық орама (рулон) шөп дайындап үлгерген. Мұндағы бір орама шөп 400-450 килограмм салмақ тартады. Қожалық қысқа қажетті мал азығын қыстауларға толықтай жинап, қалған шөптерді аудан тұрғындарына бір орама шөпті 1800-2000 теңге аралығындағы бағамен өткеруде. Науқанға 8 адамнан құралған 5 трактор, шөп шабатын, жинайтын, орамаға түсіретін техникалар түгелдей жұмылдырылған. Қожалық жеткшісінің айтуынша, шаруалар бір күнде 100 орама шөп дайындайды. Оның үстіне шабындықтарда шөп биыл бітік шығыпты. Тек бір өкініштісі науқан барысында орын алған тілсіз жау – өрт істің ілгері жүруіне бір аптадай уақыт өз кедергісін келтірген.

Қазіргі таңда мал азығын аудан орталығына және Қылышбай ауылына жинап жатқан қожалық жетекшісі, былтыр 5,5 мың тонна шөп жинаса, биыл сол межені шөп науқаны аяқалғанша асыра орындамақ. Айдардың өз жұмысшыларына деген атымтай жомарттығы да бар екенін айта кеткен жөн. Ол шаруасын шалқытып, жұмысын жандандырып отырған жұмысшыларына мал азығы шөпті тегін беріп отыр. Науқан кезінде жұмысшылардың айлығы да қомақты екенін айтады ол. Сонымен қатар қожалық жетекшісі Айдар Жиенқұлұлы биыл айдарлылық «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі Ниетбек Алдабергеновпен бірлесе отырып, 30 гектар жерге жүгері егіпті. Бұған дейін арпа-бидайды малға айырбастап келген қожалық жетекшісі биыл енді өздері еккен жүгері өнімдерін мал азығына айналдырмақ.

Аудан бойынша биыл 23 228 гектар шабындық жерден 111 600 тонна қыстық мал азығын жинау керек болса, бүгінгі таңға 84200 тонна шөп дайындап үлгерген мойынқұмдық шаруалар алдағы қыс маусымына тиянақты дайындалуда.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір