• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
16 Қыркүйек, 11:17:49
Алматы облысындағы төтенше жағдай кезінде екі адам қаза тапты

20 Тамыз, 2019 Аймақтар

Жамбылдықтар мұқтаж отбасына баспана сыйлады

Осы игі бастама аясында еліміздің бірнеше өңірінде көмекке мұқтаж азаматтарға жомарт жандардың көмегімен баспана алынып, сауапты іс атқарылуда.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы және «Зекет» қорының бастамасымен республика көлемінде «Ел үлесі – пәтерге» атты қайырымдылық жобасы іске асырылып келеді. Осы игі бастама аясында еліміздің бірнеше өңірінде көмекке мұқтаж азаматтарға жомарт жандардың көмегімен баспана алынып, сауапты іс атқарылуда. Осы орайда, Жамбыл облысында Қордай аудандық «Қордай» мешіті мен «Зекет» қорының Жамбыл облыстық өкілдігі бірлесіп аталмыш жобаны қолға алды. Нәтижесінде, «Қордай» мешіті жамағатының көмегімен бір отбасыға Цемзауыттан кішігірім баспана алынып, үйдің кілті сәрсенбі күні салтанатты түрде Қордай ауылының тұрғыны Нәзімхан Мақашеваға ұсынылды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Салтанатты шараға Жамбыл облысының бас имамы Қанат Жұмағұлов, «Зекет» қорының Жамбыл облысы бойынша өкілі Бекболат Мыңбаев, аудандық мешіт өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері және бірқатар ауыл тұрғындары қатысты. Үй иесінің қуанышымен бөлісуге келгендер ізгі тілектерін айтып, ақсақалдар батасын берді.

– Бүгін керемет іс-шара жүзеге асырылуда. Көптің көмегімен бір отбасы баспаналы болды. Барлығымыз осында береке тілеп келіп отырмыз. Осы игі іске мұрындық болған кісілерге көп алғысымызды айтамыз. Бұл муфтиятымыздың ұйымдастыруымен республика бойынша сыйға тартылған 118-ші үй болса, облыстағы бесінші үй. Бүгін келген ардагер ақсақалдар да дұға тілектерін айтуда, – деді Қанат Жұмағұлов өз сөзінде.

– Осындай жомарт жандарға алғысым шексіз. Оларға барлық жақсылықтарды тілеймін. Бұл бас-тама игілікті болып, жалғасын тапсын, – деп қуанышын жасырмаған үй иесі қонақтарды дәмнен ауыз тиюге шақырды.

Айта кетерлігі, үш бөлмелі үй жиналған 2 млн. 500 мың теңгеге сатып алынды. Өмір сүруге қолайлы жағдай жасалған, 10 сотық жері мен қора жайы да бар.

«Садақа беру – береке кілті» демекші, ауданда адал тапқан нәпақасын қайырымдылыққа жұмсап, мұқтаж жандарға жанашырлық танытып жүрген азаматтар саны өсіп келеді. Олардың сауапты істері үлгі тұтарлық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба мұнымен шектелмей, жалғасын таппақ. Ендеше, аудандағы көмекке зәру жандардың саны сәл болса да азаятынына үміт басым.

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір