• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 20:16:28
Алматы
+35°

Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен-сарайы Ұлы Жібек жолы аялдаған ірі сауда орталықтарының бірі болған. Кешенге қазба жұмыстарын жүргізген археологтар оның XI – XIII ғасырларда салтанат құрғанын айтады. Кейіннен керуен сарайдың орнына Әулиеатаның атақты болысы Керімбай мешіт-медресе салған деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінде орналасқан «Төрткүл» кешені IX ғасырда бой көтерген. Тарихи деректерде бұл нысанның ХІІІ ғасырға дейін ірі сауда орталығы болғанын растайды. «Төрткүл» керуен-сарайына зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдардан жүргізіле бастады. Қазақстан Ғылым Академиясы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография иниститутының Тараз археологиялық экспедициясы алғаш болып кешен аумағына ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологтар алғашында қаланың салыну жобасын анықтады.Сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде табылған бағалы заттар да кешеннің керуен сарай болғанын растайды. Қазба кезінде табылған қыш бұйымдардың өңделу тәсілі керуен сарайдың XI – XIII ғасырларға жататының заттай айғағы саналады.

Араға 20 жылдан астам уақыт салып Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және құжаттама, архивтер басқармасымен «Төрткүл» керуен сарайына ғылыми-зерттеу жұмыстары қайта жүргізілді. Қазба жұмыстары кезінде керуен сарайдың мәдени қабаттары анықталды. Сол секілді археологиялық жәдігерлерді дәйек етіп алып, нысанның іргетасы қаланған уақыты айқындалды. Мәдени қабаттардың негізінде «Төрткүлдің» іргетасы қайта тұрғызылып, жекелеген бөліктеріне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Ал бір жылдан соң керуен сарайда қазба жұмыстары жалғасып, оның ашық аспан асты мұражайының жобасы жасалынды. Нәтижесінде 2010 жылы «Төрткүл» керуен-сарайы ашық аспан астындағы музей болып іске қосылды.

Ел арасында бертінге дейін «Төрткүл» орнын «ескі мешіт» деп атайды. Көнекөз қариялар мұнда Керімбай болыс салдырған мешіт және медресе болғанын айтады. Алайда дінсіздік жайлаған Кеңес одағы тұсында бұл орын астық, тыңайтқыш сақтайтын қоймаға айналып кеткен. Өткен ғасырдың 60-жылдары тозығы жеткен мешітті бұзып тастаған. 2015 жылы мешіт орнына қазба жұмыстары жүргізген археологтар оның іргетасы мен қызыл кірпіштен қаланған қабырғасын тауыпты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір